Ыждаһатты еңбек ырысқа бастайды - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Ыждаһатты еңбек ырысқа бастайды
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»
Агроөнеркәсіп кешенін нығайтып, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру қарқынын күшейту – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар Қарағанды облысында екпінмен жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге жіті назар аударылуда. Облыс әкімінің орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВТЫҢ Ақтоғай ауданындағы жұмыс сапары барысында Үкімет тарапынан қолға алынған бағдарламалар туралы кеңінен айтылды. Облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған арнайы жұмыс тобы өңірдегі шаруа қожалықтары басшыларымен кездесіп, биылғы жылдың басынан енгізілген жаңашылдықтар жөнінде кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ, жиында көктемгі егіс науқанына әзірлік жұмыстары пысықталды.
Ақтоғай ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов тізгіндеген кезде­суде екіжақты диалог бүкпесіз өрбіді. Жауапты мекемелер басшылары баяндамалар жасап, жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарды ортаға салды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асанов агро­өнеркәсіп саласы бойынша қарас­тырылған мемлекеттік қолдау меха­низмдері туралы толыққанды ақпарат берді.
Биыл егіс алқаптарын 10 пайызға арттыру жоспарына сәйкес, облыс бойынша егістік көлемі 1137,4 мың гектарды құрамақ. Оның ішінде көктемгі егіс – 849,7 мың гектарды еңсермек. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 102,6 мың гектарға артық. Дәнді дақылдар – 770 мың гектарды, майлы дақылдар – 22,5 мың гектарды, азықтық дақылдар – 46,3 мың гектарды межелемек. Картоп – 9,3 мың гектар жерге, көкөніс – 1,6 мың гектар алқапқа отырғызылады деп жоспарлануда. Ақтоғай ауданында 1200  гектар алқапқа тұқым себілмек.
Егіс науқанына облыс аума­ғында 20 мың техника күші жұмыл­дырылады. 11 мыңнан астам трактор, 142 егу кешені және 6166 тұқым сепкішті науқанға даярлау жұмыстары қызу жүруде. Қазіргі уақытта тракторлардың – 90 пайызы, тұқым сепкіштердің – 76 пайызы науқанға әзір. Ал, Ақтоғайдағы тракторлардың – 82 пайызы, тұқым сепкіштердің – 60 пайызы егіс даласына шығуға даяр.
Облыс бойынша дизельдің отынмен қамтылу көрсеткіші 38 пайызды құраса, ауданда бұл меже 31 пайызды көрсетуде.
Ауданда көпжылдық егістік алқабын жаңарту шараларының қарқыны кемуде. Есепте тұрған 8100 гектар егістіктің 7100 гектары, яғни, 88 пайызы ескірген. Ауданға бөлінген 21 тонна көпжылдық шөп тұқымының, тек, 3 тоннасы (14 пайыз) алынған.
Үстіміздегі жылы егіншілік шар­уа­шылығын жүргізуге ауқымды мем­лекеттік қолдау жұмыстары жүзеге асырылмақ. «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды және көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауар-материалдық құндылықтардың құнын арзандатуды субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде қомақты қаржы бөлініп отыр. Алайда, қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында ынталандырылмайтын субсидиялар мен мемлекеттік шығындарды неғұрлым тиімді бағыттарға қайта бөлу қарастырылуда.
Биылдан бастап өсімдік шаруа­шылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыру, көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауар-материалдық құндылықтардың құнын арзандату және қорғалған топырақта ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру құнын (гектарлық субсидиялау) субсидиялау тоқтатылады. Бүгінгі таң­да салалық заңнамаларға және нормативтік-құқықтық актілерге өз­герістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.        
«Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы байынша 111 млн. 206 мың қарастырылды. Аталған қаражатқа 2856 тонна – бидай, 577 тонна – арпа, 31,2 тонна – сұлы, 239 тонна – картоп және 50,7 тонна көпжылдық шөп тұқымы сатып алынбақ.
«Өсiмдiктердi қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтердiң, биоагенттердiң (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша 503,7 млн. теңге бөлінді. Бүгінде 875 мың литр гербицид сатып алу жоспарда тұр.
«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде 196,7 млн. теңге қарастырылды.
«Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау (органикалық тыңайт­қыштарды қоспағанда)» бағдар­ламасы аясында 5,9 мың тонна тыңайтқышты алуға 257,1 млн. теңге қаражат қарастырылды.
Мал шаруашылығын субсидиялау бағдарында шаруаларға көрсетілер жәрдем көлемі – ауыз толтырып айтарлықтай. Әйтсе де, облыс бойынша ірі қараны тұқымдық түрлендіру шарасы шеңберінде 44680 бас қамтылса, мұндағы Ақтоғай ауданының үлесі – 16,1 пайызды (3360) құрап отыр. Қалған 7086 сиыр бұқа жетіспеушілігінен түрлендіру шараларынан тыс қалуда. Яғни, тағы 181 бұқа қажет. Сондықтан, шаруа қожалықтары субсидияны уақытында алуы үшін қажетті бұқалардың орнын жеделдетіп толтыруы тиіс.
Биыл мал шаруашылығы саласын субсидиялауға аудандардың бюджеттік өтінімдеріне сәйкес, 3,7 млрд. теңге қаралды. Оның ішінде етті бағыттағы асыл тұқымды 7774 бас ірі қараның төліне селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізуге 155,5 млн. теңге субсидия бөлінді.
Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша  респуб­ликалық бюджеттен 1 489,6 млн. теңге қарастырылған. Субсидия­лау 2 топтан тұратын 18 басым бағыт бойынша жүзеге асырылады. Яғни, етті және сүтті бағыттағы ірі қараны өсіруге арналған нысандарды, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын, қуаты 3 мың бастан жоғары бордақылау алаңдарын, қой шаруашылығы, етті мал шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, түйе шаруашылығы және шошқа шаруашылығы, жем-шөп өндірісі, құс шаруашылығы нысандарын, суару жүйелерін, астық және жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау кәсіпорындарын, көкөніс және жеміс өсіру, сүт және сүт өнімдерін өңдеу, дайындау, тасымалдау, ет және ет өнімдерін өңдеу, дайындау, тасымалдау, тері мен жүнді бастапқы өндеу, қант өңдіру, май-тоң май өнімдерін өндіру, дәнді дақылдарды терең өңдеу, кондитерлік өнімдерді өндіру, балық өсіру нысандарын құру және кеңейтуге субсидия беріледі.
Мәжіліс  барысында    басқа  да  ауыл шаруашылығы құры­лым­дарының өк­ілдері мем­лекеттік бағдарламалар аясын­дағы жеңілдіктер жөнінде те­рең­ірек түсіндіріп өтті. Жиын қоры­тындысында Шагурашид Қали­ұлы аталған бағыттағы жұмыс­тарды ширатуды тапсырып, құзырлы мекемелер басшыларына нақты тапсырмалар берді.

АҚТОҒАЙ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 151
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1088
count 88x31px