Қызу еңбек қайнаған... - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Қызу еңбек қайнаған...
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Көктемгі санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру екіайлығы аясындағы алғашқы облыстық сенбілікте металлургтер мекені – Теміртау қаласының мемлекеттік органдары, мекеме-кәсіпорындары, бизнес құрылымдары мен бұқара халқы қайнаған қызу еңбектің шынайы үлгісін танытты. Сол күні қала басшысы Ғалым ӘШІМОВ қалалық орталық аурухана аумағында балқарағай көшеттерін отырғызу науқанының бел ортасында болды.

Жарасымды шара туралы сыртқары жұрттың әңгімесінен есту бір бөлек, ал, соның ортасында болып, көзбен көру – тым ғанибет шаруа. Өзінің жаратылысы мен ұстанымына тән мұқияттылықтан айнымаған Ғалым Әбіханұлы ағаш көшеттері отырғызылатын жерге дәл мерзімінде,  жарты минут та кешікпей жеткен. Әкімнің әлеуетті тірлігінен үлгі алған өзгелер де белсенді қимыл танытып, аз ғана уақыттан соң аурухана алдындағы алаңқайда балғын балқарағайлар бой түзеп шыға келді...
Іле-шала өнімді еңбектен маңдайы сәл-пәл тершіген қала әкімін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қаумалай қоршап алған еді.
– Елбасының алғашқы еңбек Отаны – Теміртау қаласы уақытпен үндес қалыпта тыныстауы тиіс, – деді ол тілшілермен тілдесу барысында. – Біздің басты мүддеміз – осы. Қаланың санитарлық тазалығы мен талап тұрғысында абаттандырылу жайы – күнделікті күн тәртібінде. Өздеріңіз аңғарғандай, бүгінгі сенбіліктің қажеттілігін жалпы халық жан-тәнімен сезінді. Қаланың барлық аумағында түрлі меншік түріндегі мекеме-кәсіпорындар ұжымдары білек сыбана іске кірісті. Таңертеңнен бері қаланы қызмет көлігімен емес, табанды тоздырып, жаяу аралап жүрмін. Жұртшылықпен жүздесіп, көңіл күйін бағамдау – қала әкімі ретіндегі басты парызым. Ағымнан жарылып айтсам, көңілім толды. Қазір айтарлықтай ерекше әсердемін. Қалай десек те, «жұмылған жұдырықтай» болу – түпкі нәтиженің көңілге қонымдылығының кепілі. Осы тұрғыда, барша теміртаулықтарға бүгінгі ортақ мақсаттағы шараға белсене араласқаны үшін алғысым шексіз. Мұның астарында алдын ала дайындық шараларының, үгіт-насихат жұмыстарының жүйелі атқарылғаны жатыр, әрине. Жарасымды шаруаның үзіліссіз әрі жүйелі жүргізілуін назарда ұстайтын боламыз. Өзім бастап, қала халқы қоштап, жалпы ел болып қауымдаса отырғызған жас өскіндердің тамырланып кетуі де қатаң қадағаланады. Ең бастысы, екіайлық қорытындысы қандай боларына қазіргі күннің өзінде көз жүгірту мүмкіндігі бар. Сол сенімнің үдесінен шығатынымызға күмәнсіз сенемін...
Сөз орайы келгенде қаладағы іргелі өндіріс ошақтарының да айтулы әрекеттерге бой алдырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, «Имсталькон Теміртау» ЖШС басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Иван Георгиади 100 түп балқарағай көшеттерін мақсатты негізде еш өтемақысыз бөліп, оның қаланың әр аумағына арнайы бөлініс бойынша отырғызылуын тікелей бақылады. Қысқасы, қолына күрек ұстап, елмен бірге аянбай еңбек етті.
Сенбілік барысында қанша күл-қоқыс жиналып, сыртқа шығарылғанын, қанша ағаштың түбі қопсытылып, әктелгенін тізбелеп, ресми сандық көрсеткішке жүгіну – шарт емес. Бүкпесіз айтсақ, теміртаулықтардың тегеурінді іс-қимылын көзбен бағамдап, көңілге тоқи тұрып, мұндай қисынды әрі қисынсыз сауалды алға тартуды өзіміз үшін қолайсыз шаруа санадық...
P.S. Айтпақшы, сенбілік өткен күні дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де қызу жүріп жатты. Бұқар жырау, Осакаров және Қарқаралы аудандарының тауар өндірушілері қала тұрғындарына өз өнімдерін жалпы нарықтағы құнынан 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынып, сенбілік серпін берген мерекеге тән қуанышын еселей түсті.  
ТЕМІРТАУ қаласы.   

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 136
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px