Зауалын замананың аңғарайық... - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Зауалын замананың аңғарайық...
Қарағанды қабағын бір ашпай түнеріп тұрып алады, кейде... Кезіндегі қазақтың ханжайлауы, берідегі ҚарЛагтың орны, қазір қазақтың қара көз қаласы – Қарағанды. Алғашқы қасіреті – Қазақ хандығы, Алтын Орданың келмеске кеткен ақар-шақар алтын дәурені болса, кейінгісі – қасіреттің қара таңбасы – ҚарЛаг. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың қасапханасы.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»
ХХ ғасырда қазақ ұлтындай қасірет шеккен халық жоқ жер бетінде. 1916 жылы әскерге солдат алып, бас көтергендерін қырып салды. Биыл оның 100 жылдығы ұмыт қалып барады. Ақ пен қызыл жағаласты, арасында азабын Алаш шекті. Іле елді ашаршылық (1921 ж.) жайлады. Оны отар елдің тарихын жазған отарлаушылар жұтқа балап, жылы жаба қойды. 1928-1932 жылдары ұжымдастырып, айды аспаннан шығарамыз деп малға қараған елдің төрт түлігін тәркілеп алды. Аштықты қайыра қолдан жасады. Мұнымен қоймай, 1937-1938-де Алаш арыстарымен қоса елдің бас көтерерлерін шетінен атып, қырғын қылды. Біздің 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жүргеніміз – осы. Бірақ, бүгінге дейін 1930-1932 жылдары аштықтан қырылған миллиондаған қазақ жоқтаусыз, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің тасасында қалып келеді. Соның бір дәлелі – газеттің осы санындағы Ғалым Жайлыбайдың «Тамакөшкен» поэмасы. Мұхтар Мағауиннің «Сары қазағы» мен Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романдарынан кейін қазақ елінің орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан мен білетін шығармалардың бірі – осы поэма. Режиссер Еркін Рақышев пен киносценарист Рамазан Құрманбаев түсірген «Ашаршылық» деректі фильмі және бар. Бір әттегенайы – қолдан ұйымдастырылған ашаршылық құрбандарының рухына қасірет күні белгіленіп, құран бағышталмай келе жатқаны. Бір автордың «біз құран оқылғанда – елмен бірдей, соғыс, қантөгісте – текті, ақылға келгенде – ағып жатқан дария болуымыз керек» дегені есімде қалыпты. Ендеше, Алла мен аруақ алдында әрдайым бірдейміз. «Өлінің тілін тірі алмайды» деген халық сөзі де осы жерден қылтияды.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, аза тұтып, құран бағыштау – бар қазаққа ортақ парыз. Жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінде Санташ қырғынын баян етеді (Тоғым-Шығай хандардың тұсында болса керек). Жазушы мұнда қазақтың отызға тарта хан-сұлтанының аңдаусызда жау қолына түсіп, қапыда қаза тапқанын қаперлейді. Қай күн екенін ұмыттым, бірақ, дәл сол хан-сұлтандар қырылған күнді білетін Мұхаң аза тұтып, үйінде құран бағыштапты. Осыдан кейін әйгілі «Аласапыран» романына кіріскен қаламгер жазбақ шығармасы ойына тұтасымен оралғанын айтады. Әр қазақтың аруаққа деген құрметі, міне, осындай болуы тиіс. Біз ХVII-ғасырда қаза тапқан хан-сұлтандар былай тұрсын, одан беріде ұлт басына төнген қасірет – ашаршылық құрбандарының рухын еске алып, жоқтай алмай жүрміз.
Қуғын-сүргін құрбандары дегенде әуелі елі, жері үшін жазықсыз атылып кеткен Алаш арыстары мен ұлт сардарларының еске түсетіні белгілі. Нәубет жылдары олар ғана емес, ел ішіндегі көкірегі ояу азаматтардың көбі қуғындалып, атылып кеткені аян. Олардың біразы күні бүгінге дейін іздеусіз қалып келеді. Іздеушісі барлары табылып, тарих бетіне таңбаланып жатыр. Сондай еңбектің бірі – жақында қолымызға түскен Болат Кенелұлының «Шандоз» кітабы. 1900 жылы туып, 1938 жылы атылып кеткен, Солтүстік Қазақстандағы Тораңғыл кеңшарының директоры, атасы – Сыздық Аяпбергенов жайлы. Сыздық Аяпбергенұлы – еті тірі, қазақша, орысша сауатты, елге пана, жұртқа қорған азаматтың бірі болған. Партия мүшесі. Петропавлдағы «Ақ түрмеге» жабылған. Автор онда «кірген ізі бар, шыққан ізі жоқ» дейді. Бар айыбы – Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаев кітаптарын оқығаны және Тораңғылда ұйымдастырылған бір көріністе М.Жұмабаев жазған «Арғы атам ер Түрік, Біз қазақ еліміз. Самал тау, шалқар көл – Сарыарқа жеріміз» деп келетін Алаш әнұранының шырқалғаны. Өлең Солтүстік Қазақстан мұрағатындағы осы кісінің ісінен табылған. Басқасының бәрі – негізсіз жала. Дереккөздерінің барлығы мұрағат құжаттарынан алынған. Автор кітабында қуғын-сүргінге ұшыраған бұдан да басқа белгісіз есімдерге тоқталып, мұрағат деректерін алға тартады. Жазықсыз қуғындалып, құрбан болған ата-бабаларымызды басқаларымыз осылай іздесек, қайда қалдық? «Өлі разы болмай, тірі жарымайды» ғой.  

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 299
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px