Зейнетақы шоты оны салымшы қалай бақылайды? - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016


Зейнетақы шоты оны салымшы қалай бақылайды?
Мәселенің мәнісін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Қарағанды облыстық филиалы операциялық бөлімі басшысының орынбасары Жоламан ҚАБАСОВТАН білген едік.
– Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат кімге және қандай жағдайда хабарланады?
– Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы ақша қалдықтары мен оның қозғалысы туралы мәліметтер «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңмен қорғалатын құпияны құрайды (57-бап).
Ақпарат зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын салымшыға, алушыға, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес ресімделген салымшының (алушының) жазбаша келісім негізінде үшінші тұлғаға ашылады.   
Зейнетақы шоттарындағы ақша қалдықтары мен оның қозғалысы туралы анықтамалар:
1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына – олардың жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша;
2) соттарға – сот ұйғарымының негізінде олардың жүргізуіндегі істер бойынша;  
3) сот орындаушыларына – сот орындаушысының сот санкция берген қаулысы негізінде олардың жүргізуіндегі атқарушылық құжаттар бойынша;
4) мемлекеттік табыс органдарына – міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеуге, ұстап қалуға (есебіне жатқызуға) байланысты мәселелер бойынша;   
5) уәкілетті органға – салымшының (алушының) өтінішіне байланысты не оның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры қызметіне тексеру жүргізуіне байланысты туындаған мәселе бойынша;
6) прокурорға – оның қарауындағы материал бойынша өзінің құзыреті шегінде тексеру жүргізу туралы қаулы негізінде;
7) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға – «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген мақсаттарда және тәртіппен;
8) салымшының (алушының) өкілдеріне – нотариат куәландырған сенiмхат немесе сот шешімінің негiзiнде;
9) «Үкімет – азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясына – мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың (алушылардың) деректер базасын қалыптастыру және бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының алушының зейнетақы төлемдеріне құқықты алуы кезіндегі инфляция деңгейін есепке ала отырып, іс жүзінде енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуын есептеу, сондай-ақ, салымшының (алушының) не нотариат куәландырған сенімхат немесе сот шешімі бойынша оның өкілінің өтініші негізінде мемлекеттік қызмет көрсету үшiн;
10) орталық атқарушы органға – салымшының (алушының) өтінішіне байланысты туындаған мәселе бойынша;
11) бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жыл сайынғы мiндеттi аудитiн жүргiзетiн аудиторлық ұйымдарға беріледі.
Жеке зейнетақы шотының болуы, ондағы ақша қалдықтары мен оның қозғалысы туралы анықтамалар салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда, жазбаша сұрау салу бойынша өсиетте аталған адамдарға, соттардың жүргізуіндегі мұрагерлік iстер бойынша ұйғарым негізiнде соттарға берiледi.
Жеке зейнетақы шотының болуы және онда ақшаның болуы туралы анықтамалар салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда нотариустарға және шетелдiк консулдық мекемелерге олардың жүргізуіндегі мұрагерлiк iстер бойынша беріледi.
– Қандай жағдайларда салымшыларға (алушыларға) жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы жыл сайын хабарлау жүзеге асырылмайды?
– БЖЗҚ салымшысына (алушысына) ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы жыл сайын хабарлау: 1) БЖЗҚ салымшысы (алушысы) тұрғылықты жерінің өзгергені туралы хабарламаған, соның нәтижесінде «адресат көрсетілген мекен-жайда тұрмайды» деген белгі басылған өткен жылғы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпараттың үзінді көшірмесі БЖЗҚ-ға қайтарылған; 2) ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ЖЗШ-да ақша болмаған жағдайларда жүзеге асырылмайды.   
– Салымшылар зейнет­ақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты қалай алады?
– Зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алудың бірнеше жолы бар. Салымшы ақпарат алу тәсілдерінің өзіне ыңғайлысын таңдап алады:
● салымшының БЖЗҚ-ға өзі келіп өтініш жасауы (республиканың бүкіл аумағында БЖЗҚ-ның 236 кеңсесі бар)
● салымшының жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште немесе жеке келісімде көрсетілген электрондық мекен-жайына хабарлама жіберу;
● БЖЗҚ-ның кез келген кеңсесінде тіркелетін логин мен пароль немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ)  болған жағдайда www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме бөлімі арқылы үзінді көшірме алу. Логин мен пароль болғанда «интернет қызметі арқылы өзінің өтініш жасауы» деген хабарлау тәсілін таңдай отырып, БЖЗҚ мамандары әзірлеген Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелерінде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасын пайдалануға болады.  
● egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы. Қызмет www.egov.kz порталында «Азаматтар» санатындағы «Әлеуметтік қамсыздандыру» айдарының «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде қолжетімді. Қызметтерді алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба мен электрондық үкімет порталында тіркелу қажет.      
● пошта арқылы зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе өтініште көрсетілген мекен-жайға жіберу.
– Салымшы (алушы) зейнет жасына толған кезде төлемді қалай алады?
– Ортақ белгіленген зейнет жасына толған кезде (ерлер 63 жасқа толғанда, бүгінгі таңда әйелдер 58 жасқа толғанда) зейнетақы төлемдерін алушы зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру үшін БЖЗҚ-ға өтініш жасауға тиіс. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын, банк шотының деректемелерін, сонымен бірге зейнетақы төлемдерін алушының атына ашылған 20 таңбалы банк шотын ала келуге тиіс.  
Сондай-ақ, төлемді сенім біл­дірілген тұлға/заңды өкіл (қорғаншы/қамқоршы) арқылы да ресімдеуге болады. Ол үшін мынадай құжаттар топтамасы қажет:
1) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;
2) БЖЗҚ алушысының мүддесін білдіру үшін алушының атынан өтінішке қол қою және барлық қажетті құжаттарды беру құқығы  көрсетілген  нотариат куәландырған сенімхат немесе оның нотариат куәландырған көшірмесі не заңды өкіл өтініш жасаған жағдайда – заңды өкілдің куәлігі/заңды өкілді тағайындау туралы анықтама;
3) сенім білдірілген тұлғаның/заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы;
4) алушының банк шоты туралы мәліметтер.
Бұған қоса, пошта байланысы арқылы төлемдерді алуға өтініш беруге болады. Ол үшін:
1) белгіленген нысанға сәйкес зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш керек, өтінішті алушының өзі толтырады (өтініш бланкісінің өзекті нысаны БЖЗҚ-ның web-сайтында http://www.enpf.kz/11467 бағдары бойынша №1 қосымшада орналасқан), бұл ретте зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштегі алушының қолын нотариат куәландырады (тек нотариаттық куәландыру тұрғылықты мемлекетте жасалған жағдайда ғана);   
2) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;
3) алушының банк шоты туралы мәліметтер қажет.
–  Декреттік демалыс кезінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) ненің есебінен құралады?
– Бала бір жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша табысты жоғалту кезеңіндегі әлеуметтік төлемдер Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылуға тиіс. Бала күтімі бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлемді есептеу үшін әйелдердің соңғы 24 ай ішіндегі орташа айлық табысы қабылданады. Бұл орайда, әлеуметтік төлемнің ең көп мөлшері ең төменгі жалақының он еселенген мөлшерінің 40%-ынан аспауға тиіс. МЗЖ өз кезегінде бала күтімі бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлемнің 10% аудару арқылы құрылады.
– Рахмет!

Сұхбаттасқан
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 159
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1088
count 88x31px