Жұдырықтай жұмыла кірісті - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Жұдырықтай жұмыла кірісті
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Аула тазалығы – аудан-қаланың сәні ғана емес, салауатты өмір салтының да кепілі. Осыған орай, Қарағанды қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Октябрь ауданының 1-2-інші орам тұрғындары сенбілікке жұдырықтай жұмылып, бір кісідей атсалысты.


«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сенбілікке Октябрь ауданының 1-2-інші орам тұрғындары мен жергілікті әкімдік және аталған мекен-жайдың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жауапты «Әділет-2» пәтер иелері кооперативі қоса кірісіпті. Бәрібір атаның балаларындай ұйымдасып, іс тындыру үстінде аулада көңіл көтеріп, жігерлендіретін әртүрлі әуендер ойнап тұрды. Еңбек етіп жатқан әр тұрғынның арнайы жұмыс киімі, тіпті, қолқап, күрек, айыр, қаптарына дейін түгел. Қысқасы, еңбек науқанына бәрінің бес қаруы сай. Тұрғындарды жұмысқа қажетті құрал-сайман, керек жабдық, жүк көлігімен қамтамасыз етуші – аудан әкімдігі. «Біз ауламызға сенбілік жасайық деп едік, соған қолдау көрсетсеңіздер екен» деген өтінішпен 1-2-інші орам тұрғындары әкімдікке «Әділет-2» пәтер иелері кооперативі арқылы шықты. Олардың өтініші мен талап-тілектеріне орай біз де бірден қам-қарекет жасап, керек-жарақпен қамтамасыз еттік», – дейді сенбілік барысында Октябрь ауданы әкімдігі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жанар Шалдыбаева.
Біз барғанда, мұнда біреулері күл-қоқысты жинап жатса, басқалары оны қапқа салып, жүк көлігіне артып жатыр. Енді біреулері талдардың түбін әктесе, тағы басқалары ауладағы жол жиектемесін сырлаумен айналысуда. Сөйтіп, айналасы 2-3 сағаттың ішінде тұрғындар аулаларын айнадай етіп тазартып шықты.
Ережеп КӨККӨЗОВ, «Әділет-2» пәтер иелері кооперативінің қызметкері:
 – Жалпы, бұл сенбілік әкімдіктің жәрдемдесуінің арқасында өте тиянақты өтті. Аудан әкімдігі тұрғындарға әк, сыр, керекті құрал-саймандар үлестіріп, жүк көлігін әкелгені – біз үшін үлкен көмек. Және тұрғындар дер кезінде толығымен жиналып, ұйымдаса кеттік қой. Алдағы уақытта мұндай шараларды әкімдіктің қолдауынсыз-ақ, тұрғындар өздері ұйымдастырып жатса – нұр үстіне нұр. Болашақта солай болуы керек те.     

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 141
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px