Жәйремнің мүмкіншіліктері: бүгіні мен болашағы - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

«Казцинк» өзінің құрамына «Жәйрем кен-байыту комбинаты» акционерлік қоғамын алысымен, компания тобының басшылығы кен базасының және меншікті өңдеу қуатының дамуына, ұзақ мерзімді болашағына үміт артты. Өндірісті одан әрі дамыту – «Казцинктің» басты мақсаты болған және болып қала береді де. Әлемдік нарықтағы дағдарысқа қарамастан, компания Жәйрем кен орындарында ірі жобаларды жүзеге асырудан бас тартпай, керісінше, жаңа тың жобаларды енгізуде. Атап айтсақ, Байыту фабрикасының құрылысы, «Жәйрем полиметалдары» жалпы бағдарламасы аясында жаңа карьерлерді қолданысқа енгізу шаралары қазірден бастап қолға алынды. Өндірістік саланың көптеген әлемдік компаниялары жаңа өндірістен бас тарту жолында болса, біршамасы жоспарлары мен мерзімдеріне түзету енгізумен шектелген. Әрине, әлемдік экономиканың тоқырауы өндіріс қызметіне әсер етпей қоймайтыны белгілі. Осындай маңызды мәселелерге байланысты, біз «Жәйрем кен-байыту комбинаты» АҚ-ның бүгіні мен келешегі, жетістігі мен проблемалары жайлы білу мақсатында Басқарма төрағасы Алексей Бурковскимен тілдесуді жөн көрдік.

– Құрметті Алексей Юрьевич, «Казцинктің» Жәйрем полиметалдары бағытын дамыту жоспарынан бас тартпайтындығына толықтай сенім бар ма?

– Жоба әзірленді, ол өз күшін жойған емес. Жәйремнің полиметалдық бағытын дамыту – біздің басты мақсатымыз. Ағымдағы жылдың тамыз айына дейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін аяқтап, тамыз-қыркүйек айларында компания басшылығының қарауына ұсынып, инвестициялауға рұқсат аламыз деген жоспарымыз бар. Жоспарымыз ойдағыдай жүрсе, 2017 жылдың басынан бастап құрылыс жұмыстарын бастаймыз.

– Комбинаттың қазіргі жағдайына, бүгінгі өндірісіне тоқталсаңыз?

– Біз темір марганец және барит-қорғасын кендерін өндіруді жалғастырып келеміз. Қазіргі уақытта жерасты және «Үшқатын» ашық кеніштеріндегі жұмыс ойдағыдай жүруде. 2016 жылғы жоспар бойынша өндіріс көлемі 500 000 тоннадан 690 000 тоннаға дейін артпақ. Батыс карьерінде қазу жұмыстары жалғасуда, Марганец байыту фабрикасы да өз жұмысын бір сәтке де тоқтатпады. Биылғы жылы Қорғасын байыту фабрикасы 270 000 тоннадай концентраталды өнімдерін өндіреді. Тағы да бір өндірістік учаскеміз – бұл қуаттылығы жылына 175 000 тоннаны құрайтын ұсақтап-сұрыптау кешені. Аталмыш бөлімшеде сұранысқа ие тауарлардың қатарына енген қиыршық тас өндіріледі.

Десе те, өндіріс ошағының шешімін күттірер күрделі мәселелері де жоқ емес. «Үшқатын-3» жерасты кеніші осындай күрделі мәселенің бірі. Өндірістік талаптарға сәйкес ол кеніштің жұмысын тоқтатуға мәжбүрміз.

– Біздің білуімізше, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бұл кеніштің бұған дейін де екі рет уақытша тоқталғанын білеміз. Компания сол кездердің өзінде жұмыскерлердің өміріне қауіп төндірмес үшін едәуір шығынға батқан еді. Кеніш жұмысын тоқтатудың бұл жолғы себебі неде?

– Шынымен де, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмегендіктен және тау-кен қазбаларының бекітілуінің кемшін тұстарына байланысты кеніштің жұмысын тоқтатуға тура келді. «Казцинк» ЖШС-нің бөлімшені өз қарамағына алған уақытта кеніштің жұмысын алғаш рет тоқтатқан болатын. Танысу сәтінде-ақ қауіпсіздіктің қарапайым талаптарындағы өрескел бұзушылықтар анықталған. Одан бері тау-кен қазбаларын бекіту шаралары бойынша көптеген іс-шаралар қолға алынды. Алайда, 2015 жылдың қараша айында бұл кеніште тау-кен массасының жергілікті опырылып түсуіне байланысты 2 оқиға орын алды. Бағымызға орай, жарақат алып қалған қызметкерлеріміз болмады. Бұл оқиғадан кейін кеніштің жұмысы тоқтатылды. Біздің компаниямызда бұлжытпай орындалатын ереже бар, ол: қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін жұмыстарға жұмыскерлер денсаулығы мен өміріне қауіпті болған жағдайда, қаншалықты маңызды, шұғыл және жоспарлы болғанына қарамастан – міндетті түрде шек қойылады. Қазіргі таңда қабатаралық, блок аралық кентіректерді жою проблемалары шешімін тапқан емес және тау-кен массаларының бақылаусыз қирауы ықтималдығы себебінен +192 м төмен қабатта қазу жұмыстарын жүргізу өте қауіпті. Осындай қауіп-қатерлер жұмыскерлердің жарақаттануына және жерасты өнімдеріне апаратын жолдардың жабылуына әкеліп соқтырады.

Қазіргі таңда бұл жағдайды тез арада шешудің мүмкіндігі болмай отыр. Алдымен жобаны әзірлеп, тек содан кейін оны қолданысқа енгізу мақсаты тұр. Сол себепті, осындай күрделі, әрі маңызды шешімді тез арада орындау мүмкін емес. Бұл мәселеге жіті назар аударуымыз қажет. Кері жағдайда нәтижесін басқаруға келмейтін жағдайлардың даму қауіпі туындауы мүмкін. Ал компания өз кезегінде, қателікке жол бермейді! Ұстанған бағытымыз айдан анық – біздің жұмысшыларымыз үйлеріне аман-сау, еш жарақатсыз оралуы тиіс.

– Жерасты кенішінің жұмысы қандай мерзім аралығына тоқтатылғанын білсек? Бұл кеніште еңбек ететін жұмыскерлердің ендігі тағдыры не болмақ?

– Тамыздың 5-10-на дейін өңделіп тазартылған кеңістікте қосымша өлшеу жұмыстарын жүргіземіз, ары қарай, сілемнің кешенді тұрақтылығын бағалап, соның негізінде кеніштің алдағы жұмысы жөнінде шешім қабылдаймыз. Сонымен қатар, +288 м қабаттан +192 м қабатқа дейін қабатаралық және блокаралық кентіректерді жобалық өтеу – біздің негізгі мақсатымыз және бұл жұмыс айдың соңына дейін толық атқарылады.

Қалыпқа келтіру жұмыстары кезеңінде жұмыскерлер ЖКБК ішінде әртүрлі бөлімшелерге бөлініп, жұмыстың бірнеше нұсқалары, мысалы, Зырян кен-байыту комбинаты мен Риддер кен-байыту комбинатындағы кеніштерге вахталық негізде жұмыс істеу, қайтадан оқыту және кезекті еңбек демалысына шығу сияқты нұсқалар ұсынылады. Бұл жерде біз жұмыскерлерге мүмкіндігінше барлық қолайлы жағдайды жасауға тырысамыз. Алайда, мамандықтың қажеттілігі, жұмыскердің кәсіби шеберлік деңгейі және басқа да көптеген факторлар басты назарда болатынын да түсінуіміз керек. Бірақ, жұмыскерлерді жұмыстан шығару жөнінде ешқандай шешім болған емес және болмайды да. Сонымен қатар, вахталық әдіспен жұмыс істеу жұмыскерлердің жанұяларына кіретін кірісті сақтауға және біздің компания кеніштерінде өз біліктіліктерін көтеруге үлкен мүмкіндік береді.

– Айтып отырғаныңыз бүгінгі күнгі жағдай, ал егер Жәйрем комбинатының келешегі жайлы айтар болсақ?..

– Егер жақын күндерді айтар болсақ, бұл тек келешекті жай ғана жоспарлау емес, өндіріс майданын көркейтуге арналып, 2020 жылға дейін жасалған нақты жоспарлар. Мен бұл жерде «Жәйрем полиметалдары» жоспарын меңзеп отырмын. Аталған жоба бойынша қорында 65 млн. полиметалл кені бар Батыс және Қиыр батыс кеніштерін іске қосу және жылына 5 млн. тонна өнім беретін жаңа полиметалл байыту фабрикасының құрылысы жүргізілетінін тағы да еске сала кетейін.

Жұмыс атқару мерзімдеріне тоқталар болсақ, 2016-2017 жылдар аралығында ТЭН жасау, жобалау үрдісі және қажетті мемлекеттік органдармен келісу үрдістері жалғасын табады. Техникалық-экономикалық негіздемені «ААEG» ЖШС, «Казцинктех» ЖШС жүзеге асырады және бұл іске «Казцинк» ЖШС мамандары, «Казцинк» ЖШС Зырян кен-байыту кешенінің зертханасы мамандары, ТОМС, SRK және Жәйрем комбинатының мамандары да ат салысуда.

Бізде полиметалл кенін, концентраттарды кешенді өңдеу тәжірибесі мол және бұл ТЭН кезеңінде маңызды шешімдер қабылдау жолында өте қажетті болып табылады.

2018 жылы БФ құрылысы басталып, бірінші кезекте ауыр суспензия цехын іске қосу қарастырылуда. 2019 жылдың соңында екінші кезектегі цинк және қорғасын флотоконцентратын шығаратын фабрика құрылысы жүргізіліп, іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 2017-2020 жылдар ара­лығында кен қоры арттыру және кен орындарын пайдалану мерзімдерін ұзарту мақсатында геологиялық барлау жұмыстары барынша жалғасын табады.

Ал адами факторларға келер болсақ, «Жәйрем полиметалдары» жобасын дамыта отырып, келешектегі барлық жұмыстарға жергілікті жұмыс күшін қолдану басты мақсатымыз. Егер осы жобаны толықтай игеріп бітсек, бізге қазіргі жұмыскерлерден де көп жұмыс күші қажет болады. Сондықтан да, қазіргі уақытта біздің ең басты міндетіміз, кеніштің жұмысының тоқтағанына қарамастан жауапты, білікті жұмыскерлердің құрамын сақтап қалу.

Міне, осы жоспарлармен Жәйрем комбинатының және жәйремдіктердің келешегі жарқын екенін, болашақта бірлесе көтеретін талай жұмыстардың бар екенін де айтқым келеді.

– Алексей Юрьевич, «Казцинктің» өндірістік мәселелері жөнінде сөз қозғай отырып, кәсіпорын қызметінің әлеуметтік саласын айналып кете алмаймыз. Компанияның өндірісі мен әлеуметтік саласы тығыз байланыста екені белгілі. Елімізде «Казцинкті» әлеуметтік-жауапты компания ретінде таниды. Ал, Жәйремде бұл мәселе қалай?

– Біздің компания кенттің өмірімен тығыз байланысты. «Казцинктің» Жәйрем кентінің көркеюіне жүйелі түрде қаржы бөлетінін халықтың бірі білсе, бірі білмес. Алда сол бөлінген қаражаттан Мәдени сауықтыру орталығына жөндеу жұмыстарын жүргізу, балалар алаңын салып, халық демалатын саябақ орнату жоспарлануда. Сондай-ақ көмір сатып алуды, үйлерді жылу мерзіміне даярлау шараларын қаржыландыру жылдағы дәстүрлі жағдай.

Биылғы жылы Қаражал қаласының әкім­шілігімен бірлесе отырып, кент тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Тұзкөл су қоймасын жөндеуден өткізіп және тиісті жағдайда күтім жасау көзделуде.

Комбинаттың халық игілігіне жасап отырған қайырымды істері мен көмектерін тізе беруге болады. Атап айтар болсақ, биылғы жылы Қаражал-Жәйрем орталық ауруханасының 2 палатасын жөндеуден өткізіп, жабдықтау, «Еуразия» медициналық орталығы» ЖШС жұмысын, Жәйрем спорттық кешені қызметін қаржыландыру, тіпті, Қаражал қалалық өртке қарсы бригадасының қызметін қамтамасыз ету комбинаттың мойнында. Бүгінгі күні аймақтың дамуын инвестициялауға «Казцинк» шамамен 630 млн. теңге көлемінде қаражат бөліп отыр.

Кент барынша көркейіп келеді, күннен-күнге жаңару үстінде. Бұл дегеніңіз өндірістің тұрақты жұмысымен елді-мекендердің инфрақұрылымы жақсарып және дамып, халықтың барынша қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасалады деген сөз. Біздің қалағанымыз да осы. Бұл мақсатқа жұмыс істеп отырмыз және болашақта да халықтың игілігіне барынша ат салысамыз деген ойдамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Наталья Шайдуллина.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 800
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px