Жұмыртқа бағасы қалтаға қонымды ма? - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Былтыр, жаңа жыл қарсаңында жұмыртқа өндірісімен және саудасымен айналысатын қарағандылық алты кәсіпорын өзара қылмыстық келісім жасасу арқылы тауар бағасын шарықтатып жіберіп, заңсыз табыс тапты деген күдікке ілінген.

Монополияға қарсы орган «бәсекеге қарсы келісілген әрекет жасау белгілерін» тапқан.

Органның құжатына сенсек, 1-санатты жұмыртқаның орташа көтерме бағасын өткен қыркүйек айында (тамызбен салыстырғанда) «Крупнофъ» ЖШС – 17,9%-ға, «Сельпром» ЖШС – 32%-ға, Смағұлова ЖК 22,6%-ға арттырған. Мұнымен қоймай, қазан айында (қыркүйекпен салыстырғанда) «Крупнофъ» ЖШС – 16,5%-ға, «Сельпром» ЖШС – 30,5%-ға, «Смағұлова» ЖК 22,8%-ға арттырған.

Содан жеке кәсіпкер Айгүл Смағұлова мен «Крупнофъ» ЖШС облыстың кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. Себебі, оларды кінәлі деп таныса, бірнеше миллион теңге айыппұл мойындарына ілінер еді. Бұған қоса, монополияға қарсы орган кәсіпорындар өнімінің өзіндік құны қанша екендігін анықтайтын құжаттарды ұсынбаған. Күдікті деп танылған кейбір кәсіпкерлер, тіпті, монополистер тізіміне кірмеген. Яғни, олар сататын тауарына қандай баға қоямын десе де өз еркі-мыс. Ал, реттеуші орган жұмыртқа бағасының маусым сайын өзгеретінін – қыста қымбаттап, жазда арзандайтынын ескермеген. Мұны облыстың кәсіпкерлер палатасы мәлімдеп отыр.

Не керек, палата сарапшылары істі қарауға кіріседі. Сөйтіп, департамент әрекеттерінен кәсіпкерлік қызметке араласып, монополиялық қызмет атқармайтын бизнес субъектілерінің баға қою саясатына бақылау орнатуға тырысқанын анықтайды. Ал, өңірлік кәсіпкерлер палатасы заң бөлімінің сарапшысы Юлия Олейниктің айтуынша, тауық жұмыртқасы – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіреді. Маманның түсіндіруінше, бұл тізімге кіретін азық-түлікке өкілетті орган облыс аумағында 3 айдан аспайтын мерзімге рұқсат етілген баға шегін орнатуға құқылы. Бұл шара «Сауда қызметі туралы» ҚР заңында қарастырылған.

«Бірақ, кәсіпкерлер бағаны шарықтатты деп отырған кезеңде қаламызда да, облысымызда да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшектеп сату бағасы бекітілмеген еді. Сондықтан, ешқандай заң да бұзылмаған, баға да шарық­тамаған», – дейді Юлия Олейник.

Сот кезінде «Крупнофъ» кәсіпорнының иесі Виталий Воронин тауарына, тек, 2 теңге үстеме ғана қосатынын айтып, онысын дәлелдейтін құжаттарын да ұсынған.

Кәсіпкерлер палатасының заң­герлері Василий Крупнов пен Айгүл Смағұлова заң бұзбағанын дәлелдеп шықты. Әйтпесе, бұл екі кәсіпорын 3,7 млн. және 2,6 млн. теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болар еді.

Қазіргі уақытта күдікті болған барлық кәсіпорындардың кінәсіз екендігі және әрекеттерінің заңды болғандығы дәлелденіпті.

 

Р.S. Дауды жазып, департаменттің, болмаса кәсіпкердің көздегенін көлденең тарта алмаспыз. Халыққа керегі – азық-түлік бағасының аспандап кетпегені. «Жұмыртқадан жүн қырққан заманда...»

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 738
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px