Жұрт - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Жұрт
Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан»

Қазақта «Сарыарқадай», «Сарыжайлаудай» ғажап күйлер бар. «Сарыарқа» белгілі. Ал жайлау неге сары болады? Неге «Көкжайлау» болмайды. Мал төлдейді, бүкіл өсімдік атаулы бүр жарады, Түркінің ойы да, қыры да көк кілемге бөленеді. Жап-жасыл жайлауға айналады. Солай бола тұра Тәтекең ғаламат күйін «Сарыжайлау» дейді.
Қауашағымдағы өзім білем-ау дегендерді, бірталай кітаптарды ақтарып, миымды қатырдым. Жетеме жете қоймады. Мұхтар Мағауин көкем бір сәтте қолыма ұстата қойды. «Мағаш-ау, жылда жайлайтын жайлауы ғой Тәтекеңнің. Сарытіс болған деген мағына» деген еді.
Сол Тәтекең Шаншар бабамыздан тарайды. Бұхар ханы Имамқұлына сатылған, Алты Алаштың бірі – қатаған Тұрсын ханның басын алып, арбаның күпшегінен асатын еркек кіндіктісін жазалаған еңсегей бойлы Есім хан Тұрсын ханның қырық қызының ішінен таңдап тұрып Шаншар атамызға (үш сыбағалы аталатыны содан) ханның үкідей үлпілдеген үш бикесін беріпті. Басқа бике Тобықтының Сарысына (ұлы Абайдың атасы), бір бике Қуандықтың Қарпығына бұйырыпты деп әріден сөз созады тарих. Құрсақтары қасиетті болса керек, өңкей қаракөк туған. Қаздауысты Қазыбек, Абай, Тәттімбет!..
Сол Шаншар бабамыздан тараған ұрпақтары екі болыс ел болған. Орыс мұрағаты солай деп тасқа басыпты. Сол апалы-сіңілі үш бикенің біреуі қытымырлау болса керек. Содан ел арасында сөз тарап кетіпті. «Ана бикенің үйіне түскенше, мына бикенің жұртына түс» деген. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деп қазақ бекер айтпайды ғой. Мал бетіне қараған қазақтың тірлігі белгілі. Қоныс жаңартады, көшеді ғой. Сонда қолы ашық бике анамыз қонақ келіп қалып, жер сипап қалмасын, жұртымдағы жер-­­ ошаққа бір қойдың етін қалдырыңдар дейді екен. Ол заман, ол аталар мен аналар қайда? Біздікі – арман.
Ата қонысымыз, сары жайлауымыз, күл төккен көне жұртымыз, ескі үйіміз, бұлағымыз бен құдығымыз, бүлдірген терген сайымыз қайда? Тәрік болғаны ма?
«Ескі үйім-ай, қалыпсың-ау қартайып, Кәрі шалдай бір жағыңа жантайып. Еніп тұрмын есігіңе еңкейіп, Келіп тұрмын қара басым қалқайып.
Есігі бұзылған ескі үйім,
Не істейін мен саған,
                           не істейін?!
Көп екен ғой қатеміз.
Айтушы еді әкеміз,
Осы үйге болар деп кім ие.
Осы ма опасыз дүние,
Біздің ескі үй, біздің ескі үй.
Қайтейін!!!
(Алмас Темірбай) .

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 265
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px