Жаңа балабақша ашылды - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Жаңа балабақша ашылды
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Балқаш қаласында «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңадан салынған 320 орындық «Балақай» балалар бақшасы балғындарға есігін айқара ашты. Көк теңіздің жағалауындағы көпшілік осынау қуанышты жайтты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жасалған толымды тарту ретінде қабылдады.

Балалық шақ ордасының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімі Александр Аглиулин балаларға қамқорлық, жас отбасыларына қолдау көрсету – мемлекет саясатының басым сипатты міндеттерінің бірі екендігіне ерекше назар аударды. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тікелей қадағалауымен қазақстандық жас буын өкілдерін лайықты тәрбиелеуге қолайлы жағдай тудыру шаралары пәрменді жүргізілуде. Балалар бақшасы, сөздің шынайы мағынасында, бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиені бойына сіңіретін алғашқы әлеуметтік институт саналады.
Салтанатты жиында сөз алған алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Гүлзира Биғазинова өскелең ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беруден айнымайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент тапсырмасын мүлтіксіз орындауға дағдыланған жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарына риясыз алғыс сезімін білдірді. «Әлемдік дағдарыс жағдайына қарамастан,  балаларымыздың жаңа әрі заманауи үлгідегі тәрбие ошағына бару мүмкіндігін иеленгені жанымызды жадыратты» деді ол өз сөзінде.
Ашылу рәсіміне жиналған меймандар одан әрі сүйріктей ғимаратты аралап, «Өзін-өзі тану» кабинетіндегі жоғары топ балаларымен өткізілген «Достық деген не?» тақырыбындағы сабақтың куәгері болды. Патриоттық тәрбие залында бүлдіршіндер елдің мемлекеттік рәміздерімен танысты. Ал, 1,5-2 жас аралығындағы ең жас тәрбиеленушілер ойыншақтардың ортасында ойын қызығына батты. Сол уақытта «Кішкентай чемпион» үйірмесінің жетекшісі, жас маман Нұрзат Кәрібай балдырғандарды спорттық ойындардың алғышарттарына баулу ісімен шұғылданып жатты.
Мектепке дейінгі жаңа тәрбие мекемесі экологиялық тұрғыда таза материалдар қолданылған, электр қуатын тиімді үнемдейтін қазіргі заманғы қондырғы, құралдармен жабдықталған. Мұнда ойын залдары, компьютер сыныбы, жатын бөлмелері, киім ілу орындары, медициналық және әдістемелік кабинеттер, уақыт талабымен үндес ас бөлмесі, Монтессори кабинеті мен бейнелеу студиясы бар. Ал, жазғы кезеңде балдырғандар ашық аспан астындағы спорт алаңқайында уақыт өткізе алады.
Өздерінің ересектерге деген ризашылығын балалар шағын концерттік бағдарлама арқылы бүкпесіз білдірді. Концерт түйінінде олар баршаға жақсы мәлім «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін қосыла шырқады.

БАЛҚАШ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 165
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px