Жағалау жасыл желекке оранады - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының инфрақұрылымдарды дамыту бағытының аясында қала іргесіндегі  Кеңгір су қоймасының жағасына ағаш отырғызып, жасыл желекке айналдыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мамыр мерекесі қарсаңында осы шараға орай Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов, «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен өндірістік кешенінің бас директоры Саят Бәкіров бастаған мекемелер мен кәсіпорын ұжымдарының еңбеккерлері, оқу орындарының жастары жаппай тал егуге және жағалауды тазартуға белсене атсалысты.

Кеңгір жағалауын жасыл желекпен көмкеру мақсатындағы кешенді шаралар «Қазақмыс» корпорациясы» басшылығының бастамасымен өткен жылы қолға алынған болатын. Өндірістегі оңтайландыруға байланысты негізгі өндірістік жұмыстардан босаған Солтүстік және Шығыс Жезқазған кеніштерінің еңбеккерлері су қоймасы жағалауын тазартып, көгалдандыру ісіне тартылды. Олар бұл жерде де ауысым бойынша, кезектесіп еңбек етеді. Орташа жалақыларын алады. Кеңгір жағалауын тоғайға айналдыру бағытындағы бұл жоспар 5 жылға арналған. Корпорацияның күрделі құрылыс бөлімінің атсалысуымен жасыл желекті суару жүйелері салынуда. Өткен жылы 5 мың түп қарағаш, терек, үйеңкі және ильма ағаштарының көшеттері отырғызылған еді. Соның  4 мыңдайы жерсініп, өсе бастаған көрінеді. Кеншілерден жасақталған арнайы бригадалар ағаштарды күтіп, әртүрлі зиянкестермен күресу және суару жұмыстарымен тұрақты айналысады.

    Жақсы дәстүр биыл да сәтімен жалғасып, енді оған қала басшылығы да атсалысты. Қалалық әкімдік пен «Қазақмыс» бірлесе қимылдап, биыл 10 мың түп ағаш егуді межелеп отыр. Алғашқы жалпы қалалық сенбіліктің өзінде жағалаудың 3 гектар аумағына жасыл желек көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, қоқыстан тазарту жұмыстары да ұмыт қалған жоқ. Игі бастамаға үн қосқан қаладағы Аңшылар мен балықшылар қоғамы бас болып, 7 мамыр күні жағалауды қоқыстан тазартуға арналған тағы бір сенбілік өткізілді. «Ауласы тазаның — ауасы таза» деген сөз бар. Ал, тіршілік көзі саналатын су қоймасының аумағы таза, айналасы жасыл желек көмкерген ен тоғай болса, экологиялық ахуалдың қаншалықты жақсаратындығын тұрғындар жете түсініп отыр.

 

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 279
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px