Жаңғырып, жарқырай бер, Жеңіс күні! - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Жаңғырып, жарқырай бер, Жеңіс күні!
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»
Өлмес рух пен өшпес ерліктің, қайталанбас қаһармандықтың тұғырына айналған қаһарлы ҰОС-ның аяқталғанына да жетпіс бір жыл толды. Ұлы Жеңіс күні облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен «Мәңгілік алау» Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, мыңдаған қарағандылықтар бас қосты.
Майданға қазақ даласынан 1 миллион 366 мың, соның ішінде облысымыздан 59 мың  жауынгер аттанды. Бүгінгі таңда аймағымызда көзі тірі 256 ардагер ғана қалды. Қайтпас сапарға аттанғандар рухына тағзым етіп, екі мыңнан астам адам қатысқан «Мәңгілік полк» шеруі жүріп өтті. Гоголь көшесінен жол тартқан көш «Мәңгілік алау» Даңқ мемориалына келіп жеткен. Бұл – бізге атылған оққа кеудесін тосқан боздақтарға, он сегізге толмай от кешкендерге деген құрмет. Бұл – ерен ерліктің алдындағы тағзым. Сарыарқа саңлағын, Қарағанды қаһарманын еске алып, егіліп тұр. Жанымызды жадыратқан Ұлы Жеңіс – Ұлы мереке.
Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков, облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Cұлтан Камалетдинов және ҰОС ардагерлері бастаған топ «Мәңгілік алау» Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.
 – Біз жеңімпаз әкелер мен аналардың ұрпақтарымыз. Мұны әрқашан да мақтанышпен айтамыз. Сол бір сұрапыл соғыста ардақты әкелеріміз бен аяулы аналарымыздың майданда және тылда көрсеткен ерен ерлігі мен еңбегі мәңгілік есімізде сақталатын болады. Бұл жеңіс – елімізге оңайлықпен келген жоқ. Ел басына күн туған сын сағатта қолына қару алып, майданға аттанған талай батыр боздақтар осы Жеңіс жолында қаза тапты. Ел қорғаны болған қаһарман жауынгерлер намысты қолдан берген жоқ. Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев соғыс және тыл ардагерлерінің тұрмысын жақсартуға әрқашанда үлкен көңіл бөліп келеді. Мемлекетіміз ардагерлерді барынша қолдап, барлық жағдайды жасауда. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді аймақ басшысы.
Жауыздықты тұншықтырып, еліне қалқан болған қайран боздақтар!  Жеті қат жердің үстінде жеті басты айдаһардай неміс басқыншыларының жігерін құм, жүрегін күл етті.
– Бүгін біз ҰОС-ның жетпіс бір жылдық жеңісін тойлап отырмыз. Сол азапты жылдары қазақ халқы да аянып қалған жоқ. Бүкіл әлем алдында өзінің қайтпас қайсарлығымен, мұқалмас жігерімен танылды. Солардың арасында мен де болдым. Он тоғыз жасымда майданға аттандым, – деді ҰОС ардагері Бүркіт Есжанов.
Жастардың атынан Қарағанды политехникалық колледжінің студенті құттықтады.
Мерекелік шара «Жеңіс» саябағында жалғасын тауып, «Жеңіс пен Тәуелсіздік тоғысқанда» атты әдеби-сазды композицияға ұласты. Үлкен сахна құрылып, дала дастарқаны жайылды. Соғыс жылдарында қолданылған күртелер тігіліп, қару-жарақтар көрсетілді. Мұнда аймақ басшысы да ардагерлермен бірге әскери тағамдардан дәм татып, соғыс туралы әндер шырқады.
Бұдан әрі облыс әкімі мерекелік шараға қатыса алмаған бірқатар ардагерді құттықтап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Солардың қатарында ІІ-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, ІІІ-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Маршал Жуков» медальдарымен марапатталған Әбушахман Бекбалақов, Батыс, Карелия, ІІ-ші Прибалтика майдандарында қан кешкен, үш мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен, 1-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және көптеген медальмен наградталған Сабырғали Күсенов, Карелия, Ленинград майдандарында байланысшы, телеграфшы-морзашы болып ерлік көрсеткен, І-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған Анна Нестерова болды.

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 133
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px