Жабайы жәрмеңке жарылқай ма? - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Жабайы жәрмеңке жарылқай ма?
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Жезқазған қаласының әкімдігі «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылауда ұстау мақсатында бізде коммуналдық базар жұмыс істейді. Оның жанында апта сайын жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі өткізіледі»– деп жоғарыға да, жалпақ жұртқа да тоқ көңілмен есеп беретінін естіп жүрміз. Алайда, осы базар мен жәрмеңке төңірегінде қала тұрғындарының өкпе-реніштері көбейіп барады. Солардың біразы облыстық газет тілшілер қосынына да хабарласып, жәрмеңкеге шығарылатын тағамдардың санитарлық талапқа сай келмейтін жағдайда, шаң-топырақтың арасында сатылатыны туралы шағымданған еді.
Сенбі сайынғы жәрмеңкеге халық үйренген. Мал өсіріп, жан бағып отырған Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мен қала төңірегіндегі шаруа қожалықтарынан мұнда ет, май, ірімшік, қаймақ сияқты ауыл өнімдері тұрақты әкелінеді. Осыдан үш-төрт жылдай бұрын қала әкімдігінің мұрындық болуымен коммуналдық базар ашылып, одан кейін оның жанынан апта сайынғы жәрмеңкеге орын бөлінген болатын. Сауда алаңын абаттандырып, жабдықтап беру жөнінде де жап-жақсы жоба жасалып, уәде берілген еді. Алайда, бәрі сөз күйінде қалды. Тек алты-жеті ескі сөрелер қойылды. Кейде олар дауыл екпінімен домалап, құлап жатады. Соған қарамастан, апта сайынғы жәрмеңке қыза түсті. Азық-түлік қоятын сөре жетіспегендердің бірі жәшік қойып, енді біреуі қағаз төсеп дегендей, әрқалай амалдап жатады. Коммуналдық базар іргесінде, осылайша, өркениетті емес, жабайы жәрмеңке қалыптасты.
Қыс бойы жерде қар бар, онша дабыра біліне қоймап еді. Көктемгі лайсаңда бұл маңнан кәдімгідей шу шықты. Сөрелерінде не қалқан жоқ. Ашық-шашық, қалай болса, солай  жатқан етке обал. Жәрмеңкенің іргесінен шаңды аспанға көтеріп, ағылып өтіп жатқан автокөліктерде толас жоқ. Шаң-тозаң астында «қызып жатқан» жабайы сауда. Шағым айтушылардың дабылы бойынша өткен сенбі күні осы ахуалды көзбен көріп, кәдімгідей жабырқап қалдық. Адам айтса, сенгісіз. Бір шеті жерде сүйретіліп, жайрап жатқан еттерді суретке түсірдік. Мұны көре тұрып «есіл етті қалай жейміз?» деп қамығасың.
Тым болмаса, ет шабатын арнайы орын да жабдықталмаған. Жердегі жаңғақ ағашқа салып шауып жатыр. Тұрғындар осыған ренішті. «Санитарлық бақылау жасайтын тиісті органдар неге қадағаламайды? Қала басшылары неге тәртіп орнатпайды?», – дейді олар. Әуелде, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету ниетімен ашылған коммуналдық базардың негізгі мақсатынан айырылып бара жатқанына да өкпе көп. «Қазір мұндағы азық-түлік бағасы басқа дүкендерге қарағанда едәуір қымбат болып тұр»,– дейді тұтынушылар. Расында солай екен. Аралап көріп, біз де соған көз жеткіздік. Негізінде, сырттағы жәрмеңке-сауданың алаңын қоршап, жабдықтап, тәртіпке келтіру осы коммуналдық базар құзырындағы шаруа болатын. Қала басшылығынан пәрмен, тиісті органдардан қадағалау болмаған соң бұл жерде осындай ауа жайылушылық орын алуда. «Ауру – астан» демекші, санитарлық тазалық талабынан жұрдай, жабайы жәрмеңкенің ақыры жарға жығып жүрмесін...
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 359
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px