Жалынды жастың жігерін жаниды - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Жалынды жастың жігерін жаниды
Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауындағы басымдықтар негізінде, мемлекеттің қолдауымен ауқымды бағдарламалар жүзеге асуда. Солардың бірі – білім саласы бағытындағы, яғни, 2017 жылдан бастап «баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білімнің» жаңа бағдарламасы бастау алады. Бұл халықтың әлеуметтік әлеуетін ескере отырып, агроөнеркәсіп кешеніне қажетті білікті мамандарды даярлауға бағытталады. Сондай-ақ, кәсіби техникалық білім ордаларының білімді мамандарды даярлаудағы жауапкершілігі артып, техникалық-материалдық базаларының жаңаруына елеулі үлес қоспақ.  

Облыстағы кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің бірі – Қарқаралы қаласында орналасқан Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжі. Өзінің 80 жылдан астам тарихында ауыл шаруашылығы саласына қажетті 13 мыңнан астам маман даярлаған аталмыш оқу орнында бүгінде 40 білікті педагог 9 мамандық бойынша 242 студентті оқытады. Колледж студенттері өздерінің білімдерін толықтырып, біліктіліктерін шыңдауда. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Ал, сырттан келіп оқитындар колледж жатақханасына орналастырылады, оның үстіне, ай сайынғы шәкіртақылары тағы бар. Жақында аталмыш колледждің студенттері ауыл шаруашылығы саласының майталманы, ғалым Мыңжасар Әдекенов атындағы арнайы стипендиялық грантқа ие болды. Студенттердің білімге деген талап-талпынысын оятып, жігерін жанитын ізгілікті шараны, Мыңжасар Әдекенов атындағы Корпоративтік қор қолға алған. Яғни, жыл бойында үздік деп танылған студентке ай сайын 20000 теңге көлемінде стипендия төленіп отырады.
2015 жылғы желтоқсан айында облыстың білім басқармасы «Мыңжасар Әдекенов атындағы стипендиясын тағайындау туралы» бұйрық шығарған болатын. Осыған орай, сабақ үлгерімі үздік деп танылған және ғылыми-зерттеу жұмысына қызығушылық танытқан, қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып жүрген екі студент аталмыш стипендиялық гранттың иегері атанды. Осындай қамқорлық шарасы аудан әкімдігінің мәжіліс залында ресми түрде аталып өтті. Алдымен, аудан әкімі Х.Мақсұтов колледждің тарихы жөнінде хабарлама жасады. Облыстық білім басқармасының басшысы А.Аймағанбетов Елбасының Жолдауынан туындап отырған басымдықтарға тоқталып, бұл – колледждер арасында алғаш рет жеке тағайындалып отырған стипендия екендігін айтты. Аталмыш стипендияның және сертификатқа «мал дәрігері»  мамандығының 2 курс студенті Дамира Рысбай және Рауан Қордабай ие болды. Қос жеңімпазға стипендияны Мыңжасар Әдекеновтің ұлы, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, «Фитохимия» ҒӨБ орталығының президенті Серғазы Әдекенов табыс етіп, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Агроөнеркәсіп кешеніне қажетті мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталып, «Арглабин» препаратының негізгі шикізаты – тықыр жусанның Қарқаралы жерінен алынып отырғандығын тағы бір мәрте еске салды. Фармацевтикалық кластер құрамына кіретін ауыл шаруашылық колледжінен әлі де тың жаңалықтар мен соны серпілістер күтетіндігін жеткізді.  
Жиын соңында стипендия иегері Дамира Рысбай сөз алып: «Белгілі өндіріс ұйымдастырушысы, ірі тұлғаның атындағы атаулы шәкіртақыға бізді ұсынып, менің болашақ арманыма қанат бітіріп, бізге үміт артып, биікке самғауға жол ашқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Елбасының кәсіби білім алуға айрықша көңіл бөлуінің нәтижесінде, білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық-техникалық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім саласын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді. Мұның барлығы біздің, яғни, студенттердің алған білімінің сапалы болуына ықпал ететіні сөзсіз» деді. Ел ағаларына өз ризашылығын жеткізді.
«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің базасында  дәрілік өсімдік шикізат өнімдерін дайындаумен, жаңа дәрілік препараттарды әзірлеп және өндіріп, ілеспелі тауарларды өндіріске шығарумен, фармацевтикалық кәсіпте білікті кадрлар дайындаумен айналысатын аумақтық ұйымдар мен кәсіпорындарды, фармацевтикалық препараттардың дистрибьюциясы мен маркетингімен айналысатын 17 кәсіпорынды біріктіретін «Фармацевтикалық кластер» консорциумы құрылған болатын. Оның ішінде, Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжі де бар. Мақсаты – дәрілік шикізаттар өндірісін ұйымдастырудың негізін қалыптастыратын арнайы зертханаларға және 4500 гектар жертеліміне ие бола отырып, агрономия,  дәрілік өсімдік шаруашылығы саласына білікті мамандар дайындау.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 168
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px