Жапырағын жайған бәйтерек - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Жапырағын жайған бәйтерек
Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері   Жайлаубек Байқонысов  туралы қызы Тамара Байқонысованың (Әбішева) естелік әңгімесі

Соғыс қимылдарын  кинофильм­дерден қызықтап, көркем әдебиеттен оқып білгеніміз болмаса, біз адам жаны түршігетін  қантөгісті, күйреген ел, күңіренген жерді  көрмей өскен ұрпақпыз ғой. Бірақ сол от пен оқтың ортасынан шыққан  әкелерімізді көзіміз көрді. Тәрбиесін алдық. Ғибрат  сөздерін ұйып тыңдадық.
Ұлы Отан соғысының ардагері, он баланың әкесі Жайлаубек Байқонысов Шет ауданы Үңірек ауылында түрлі шаруашылық жұмыстарында болған  белгілі азамат. Биыл тірі болса осы мамыр айының басында 100 жасқа келер еді. Өзінен бір мүшел кіші інісі Ахметжан екеуі аумалы-төкпелі заманда  ата-анасынан ерте айырылып, жетімдікті бастарынан өткізеді. Қиыншылыққа мойымай,  аяқтарынан нық тұрып, арттарына ұрпақ қалдырған азаматтар.
Әкеміз  бізге соғыс туралы шешіліп әңгіме айтпайтын. Бізге немісті жеңіп келген Батыр сияқты болып көрінуші еді. Балалықпен: «Соғыста неше неміс өлтірдің?» деп сұрайтынбыз. Сонда: «Е-е, балалар, сендерге көрсетпесін соғысты» деп жанарын тайып әкетуші еді. Мейірлі жүзі кенет  күрт өзгеріп, көңілін қайғы-мұң басатын.   Мереке күндері орден, медальдарын тағып алып шыққанда қызыға қарайтынбыз. Әсіресе,  қызыл жұлдызы жарқыраған  біреуін ерекше қадірлеуші еді. Өзге медальдарын  біз, ойын балалары, кеудемізге тағып алып, мәз-мейрам болып жүрсек, оны  ешкімге бермейтін. Сөйтсек, ол   ерекше ерлік көрсеткені үшін қатардағы жауынгерлерге берілетін ең жоғары  «Даңқ» орденінің үшінші дәрежесі  екен. Оны кейін білдік. Үшеуін де алған адам Кеңес Одағының Батыры атағына пара-пар болады.   Әкеміздің бұл орденді неге ерекше көретінін біз кейін немересі Дамир Ресейдің архивінен интернет арқылы тауып алған марапаттау  қағазын көргенде түсіндік.
Әкей әскерге 1941 жылы алынып, түрлі дайындықтан өткен соң 1943 жылдың  ақпан айында Ресейдің ежелгі Новгород қаласы түбіндегі қиян-кескі ұрыстарға 2-гвардиялық атқыштар дивизиясының 4-ші гвардиялық әуе десанты полкінің құрамында пулеметші болып кіреді. Жан алып, жан беріскен шайқаста  екі жақтан да шығын көп болады. Қаншама қарулас достары көз жұмады. Олардың канша неміс өлтіргенін кім санапты. Әйтеуір бас сауғаламайды. Командирлерінің айтқан тапсырмаларын бұлжытпай орындайды. Бір сөзбен айтқанда,  қазақ халқының, қазақ жауынгерінің атына кір келтірмейді. 1943 жылдың 26 ақпанында жау снарядының жарықшағы сол иығына тиіп, ауыр жараланады. Сөйтіп қатардан шығып қалады.  №3086 эвакогоспитальда тамыз айына дейін емделіп, әскерге жарамсыз деп танылғаннан кейін елге оралады.  Осы шайқас үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен наградталады. Міне, әкеміздің  осы наградасын ерекше   көретінінің сыры осында болса керек. Ол қан майданды, жер жастанған  қарулас достарын еске түсіретін болғаны ғой...
Елге оралған соң әкеміз сол жылы ауылдағы ең сұлу қыз – шешеміз  Шамшияға үйленіп, отбасын құрады.  Соғыс мүгедегі болса да ауылда қандай жұмыс болсын бас тартпайды, қашанда отбасын асырауға дайын болды. Қара жұмыстан  бастап совхоздың бөлімше меңгерушісіне дейінгі қызметтер атқарды. Дүкен меңгерушісі, кассир, бухгалтер   де болды. Бірақ соғыста алған ауыр жарақаты денсаулығына қатты әсер етті. Он жылдай қан қысымы көтеріліп жүрді де  соның кейінгі төрт жылын төсекте өткізді. Шешеміз қағып-бақты, біз шешемізге ризамыз.Әкей ауырып жүргеннің өзінде үйде отырмай төсек тартып қалғанша мектептің интернатында завхоз болып жүрді. Ақыры 1977 жылы қайтыс болды.
Өз ғұмырында ол кісі  еліне елеулі, халқына қалаулы азамат бола білді. Қолынан келгенше жақсылық жасап, елдің көңілінен шығып жүрді. Туысқа қамқор, балаларына пана болды. Әсіресе інісі Ахметжанды жақсы көріп, қамқорлық көрсетіп отырды. Қандай қылықтары болса да кешіретін, қабақ шытпайтын. Үйлендірді. Сол інісінен сегіз бала бар, барлығы бір-бір үй болып, әке-шешесінің түтінін түтетіп отыр.
Мен әкемді өте жақсы көруші едім. Жаралы қолы икемге келмей солып қалғандықтан құрдастары, жеңгелері «мылтық қол» деп әжуалағанда шамданып жылаушы едім.
Әкеміз барда үйімізден кісі арылмайтын, бірінен соң бірі келіп жататын. Біз совхоз орталығында тұрғандықтан бөлімшелерден түрлі шаруамен келгендер біздің үйге бас сұғатын. Қыста боран-шашын болғанда 2-3 күн қонып қалатын кездері де болушы еді.
 Шешеміз кісі күтуден жалықпайтын, қабақ та шытпайтын. Мен үйдің  үлкені болғандықтан,  шешеме жаным ашып, көмектесетінмін.  Шешеміз шынында да момын, жуас, әдемі адам болушы еді. «Сырлы   аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, өле-өлгенше сол әдемі қалпынан   айнымай,  осы жақында, 2010 жылы 87 жасында қайтыс болды. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Ұрпақтары жапырағын жайған бәйтеректей  өсіп-өрбіді.
Әке-шешеміз көп балалы отбасы болсақ та балаларын    оқытудан аянбады. Ең үлкені мен Алматыға оқуға түстім, Қарағанды пединститутын бітірдім. Шет ауданының «Красная поляна» кеңшарында орыс мектебінде 33 жыл қазақ тілінен сабақ бердім. «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталдым. Жолдасым, айтулы азамат Жоламан Әбішев осында дәрігер болып істеді. Бес бала өсірдік,  олардан он немере өсіп келеді. Қазір зейнеткермін, Топар кентінде тұрамын.
Міне, кешегі қызыл әскер  Жайлаубек (кейбір құжаттарда Жайлаубай)  Байқонысовтан тараған ұрпақ осылар. Оқырмандар  жалығып кетпесін деп  үрім-бұтағы туралы  қысқа ғана жазып отырмын. Ал негізінде ол  кісінің он баласынан 28 немере, 50 шөбере тарап отыр. Жапырағын жайған бәйтерек дейтінім содан.
Әкейдің көрмеген қызықтарын сол немере-шөберелері, жалпы бүгінгі жас ұрпақ көрсін деп аналық ақ тілегімді білдіремін. Аспанымыз ашық болсын.  Енді қайтіп соғыс оты тұтанбасын!.

Әңгімені жазып алған
Аман ЖАНҒОЖИН.

Суретте: соғыс ардагері Жайлаубек Байқонысов.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 143
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px