Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 11.12.2017

«Жазғы  мектеп» – жаңа серпінмен
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»
Облыс орталығында жыл сайын дәстүрлі педагогтерге арналған «Жазғы мектеп» жобасы өз жұмысын бастады. Облыстық оқу- әдістемелік орталығының   ауыл мұғалімдеріне арнап қолға алған «жазғы мектебі», «Үш тұғырлы тіл» жобасын жүзеге асыруда қарағандылық  педагогтардың алдына жаңа міндеттер жүктеді.
Екі  апта аралығында ағылшын және информатика пәнінің мұғалімдері  өздерінің кәсіби білімдерін жетілдіре алады. Тренингтер мен шеберлік сабақтарын  еліміздің ең мықты деген үздік мамандары жүргізбек.
Бақытгүл ӘДЕКЕНОВА, об­лыстық білім басқармасы бас­шысының орынбасары:
– Білім жүйесінің негізгі міндеті – білім сапасын арттыру және бұл мәселеде ең басты тұлға – педагог болып табылады. Осыған орай біз педагогтардың біліктілігін және олардың педагогикалық құзыреттілігін арттыруға баса назар аударамыз. Біз, әсіресе, орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлеміз. Және осы мақсатта екі жүзге тарта мұғалім биылғы «Жазғы мектептен» дәріс алмақ. Жазғы мектеп өте өзекті мәселелерді көтеріп жатады. Түрлі бағдарламалар бойынша стандартты кітапта жоқ мағлұматтарды қамтуға тырысады. Аталмыш курста облыстың түпкір-түпкірінен келген әріптестер ЖОО ұстаздарымен бірге өздерін толғандырған, ортақ әрі өзекті мәселелерді талқылау мүмкіндігіне ие болып жатады, – деді.
Бұдан бөлек биология, химия және физика пәнінің  мұғалімдеріне де тренинг өткізіледі. Мұнда  Британ кеңесінің мамандары арнайы дәріс курсын жүргізбек. Тренингті шетелдік ғалымдар әлемдік стандартқа сай білім беру жүйесі  әдісімен оқытуды көзеп отыр. «Жазғы мектеп» жобасы аясында  облысымыздан көптеген оқытушы білімі мен білігін арттыратын болады.
Еркебұлан ИГЕНОВ,  Бименде Амалбеков атындағы жалпы білім беретін орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі:
– Сегіз жылдық тәжірибесі бар маман ретінде мұндай  тренинг мұғалім­дердің білімін арттырып, тәжірибесін толықтыратынын нық сенім­мен айтқым келеді. Бастысы  жаңашылдыққа бет бұруға  зор мүмкіндік бар. Ақпарат дәуірінде төменгі сынып оқушысынан жоғарғы сынып оқушысына дейін толық ақпаратқа ие болып отыр. Сол себептен де қазіргі заманауи мұғалім өз жұмысын екі-үш есеге арттырған жөн. Білім таластыру үшін бүгінгі жаңалыққа ерте ақпараттанбаған жағдайда біліктілік пен шеберлік шыңдалуы қиын, – дейді.
Облыс орталығындағы №93 мек­теп-гимназияда, мамандан­дырылған Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернатта, №16 орта мек­тепте өтіп жатқан жазғы курстарға аймақтың барлық аудан-қалаларынан 1200-ге тарта ұстаз қатысуда. Оларға ҚарМУ-дың философия және психология факультетінің оқыту­шылары, аймақтық «ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының» мамандары және жеке психолог-жаттықтырушылар сабақ беруде.
Аталмыш курс жүйелі екі кезеңге бөлінген. Бірінші курс жазғы демалыс уақытында өтеді, онда пән ұстаздарына теориялық және практикалық материалдар ұсынылып, қорытынды – күзгі демалыста өткізілетін екінші кезеңге тапсырмалар беріледі. Ұстаздар осы тапсырмаларды 1 қыркүйекке дейін орындап, оқу-әдістемелік орталығына тапсыруы тиіс. Қарашада басталатын күзгі кезеңде «жазғы мектеп оқушыларына» пән бойынша әдістемелік тұрғыдан білім беріледі. Курс соңында орыс және қазақ тілді топтарға бөлініп оқыған ұстаздар қорытынды тестілеуден өтіп, арнайы сертификаттарға ие болмақ.
Игілікті шараны облыстық білім басқармасының басшылығы №57 С.Саттаров атындағы оқу ордасында бастады.
Мақсат – педагогтер арқылы жастар арасындағы сауаттылықты арттыру, ұстаздарға оқушылармен жоғары кәсіби деңгейде жұмыс жасау әдістерін үйрету, үштілділіктің ұтымды тұстарын түсіндіру және мектеп бағдарламасында кететін  қатерлерге жол бермеу арқылы оқу сапасын арттыру. Мұғалімнің деңгейі заман талабына сай болуы керек. Сондықтан, «Жазғы» және «Күзгі мектепті» ашу мәселесі кездейсоқ жасалған  шаруа деп қарауға келмес. Бұл – облыс көлемінде мектеп мұғалімдерінің білімін тексеру мақсатында өткізілген тестілеу нәтижесінен туындаған шешім.
Бақытгүл ӘБДІКЕРОВА, облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары:
Қазақ тілі мен орыс тілінде оқытатын мектептерде Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессорларымен, оқулық авторларымен кездесу өтті. Оқулықтардың мәні мен маңызы, ерекшелігі және олардың келешекте оқу үрдісіне енгізуде қандай ұтымды тұстары бар екені талқыланды. Сондай-ақ, Қарағанды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультеті ұстаздары мектеп мұғалімдеріне қазтест бойынша екі апта арнайы курс жүргізбек, – дейді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 833
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1199
count 88x31px