Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.11.2017
Шалғайдағы қыр қазағында бүгінде бір ғана арман бар. Ол – ауыз су. Басы жерге тигенше иіліп, биліктен су сұрап отыр. Басқа дәнеме де емес. Бар-жоғы  – тұщы, ауыз су. Мал-жан емес. Үй емес, күй емес, байлық емес, небары құдайдың қара суы. Тек ... су!  Шет ауданы Ақой аулының тұрғындарында да жалқы тілек – осы ғана! Бұрғыланған ұңғымадан су ішіп отырған Ақой халқының атынан бір топ азамат үмітті сәуле етіп, редакцияға хат жазыпты.
Редакцияны айтамыз-ау, кезінде ақойлықтар 2010 жылы тікелей эфирде бүйректеріне шаншудай қадалған бұл мәселені хат жазып,  Елбасыға да айтқан еді. Сонда ол хатқа Ақойдың ауыз суы 2011-2012 жылы шешілетіндігіне сендірген жауап келген. Бірақ, Ақойға келген су да жоқ, сушы да жоқ. Жұрт тағы да қағаз қаламын алып, жоғары жаққа хат жазады ғой баяғы. «Бұл қалай?» деп. «Елбасы айтқан суымыз қайда?» деп. Оған ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков­тен жауап келген. Онда ауыз су бағдарламасымен қамтуда Ақой­дың көзделмегені ашық айтылған. Ал қаңтар айында өткен халық алдындағы  есеп беруде аудан әкі­мі Р.Әбдікеров пен Ақой аулының әкімі М.Шәйке су кезегінде Ақой­дың 2016 жылы тұрғанын жеткізген. Әйткенмен, министр мырза Ақой­дың  бағдарламада атымен жоқты­ғын соқырға таяқ ұстатқандай етіп, етектей хатында баяндағаны мәлім. Ендеше, кімді-кім алдайды? Алданған кім? Алдаушы кім? Аудан әкімі биыл 5 жерден ұңғыма қазып беру үшін қаражат қарастыруды мойнына алған.  Алайда, бұрыннан бар ұңғымадағы судың сапасы сын көтермейді. Сондықтан да, ауылда бүйректе тас, өт аурулары көбейіп тұр. Сол себепті халықты дені дұрыс су құбырымен келетін ауыз сумен қамту қажет. Ақойдың жұртшылығы су сұрап, қандай құзырлы орынға барса да, мәселе айналып Шет ауданы басшыларына келіп тіреледі. Ал, жергілікті биліктің сансыз сылтауы көп...  Хаттың сүзіп алғандағы сөлі – осы.

«Әкесін сабағанды көргенбіз, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды көргеніміз – осы»
Тап соның кебі. Бұл билікте жүргендердің жүрек­терінің түгі бар негізі. Басқа-басқа патшаның айтқанын екі еткеніне, одан қалды жалған ақпарат беріп, ауыздарын құр шөппен сүрткеніне қайранбыз. Дұрысы – жағамызды ұстадық. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам емес, қырық құлаш па деп қаласыз осындайда...
...Ақой аулы дәуірінде жегені алдында, жемегені артында, үріп ішіп,  шайқап төккен совхоз орталығы-тын. Бүгінде ортасына түспегенімен, жекешелендіру кезінде ырысы ке­міп, құты қашқан, шаңырағы шай­қалған көп ауылдың бірі. 800-ге жуық тұрғыны бар аядай ғана ауыл. 178 отбасы түтін түтетуде.  Ауылдың иесі, басы-көзі ғой деген ниетпен әуелі атбасын ауыл әкімдігіне бұр­дық. Ауыл әкімі Марат Шәйке мырзадан істің мәнісін сұрадық...
«2003 жылы 8 ұңғы қазылған. Оның бүгінде 5-і жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе – аудан, облыс көлемінде шешілетін мәселе емес. Сондықтан да, алдағы жылдары ауылды сумен қамту үшін тағы қосымша 5 ұңғы қазуды жос­парлаудамыз. Ұңғы қазу үшін  жобалық сметалық құжаттама жасатып отырмыз». Бұйырса, ұңғы қазылар. Бірақ, Ақой алдағы жылдары  құбыр желісі арқылы, ауыз сумен қамтылады деген дәме – есек дәме. Өйткені, бағдарламада Ақой атымен жоқ. Оны ауылдың әкімі де жоққа шығармайды.
Ауыл әкімі айтады. «Ауылдағы жалғыз проблема  бұл. 2003 жыл­дан көтеріп келеміз» деп. Он жылға жуық жырланып, иіні қанбай, илеуі кем түсіп  тұрған мәселенің гәбі неде сонда? Гәп қайда? Анығы – кімде? Жақтары талмай зар қақ­саған ақойлықтар ауыз судан не­ге қағылды? Я зары кем бе? Я ше­неуніктердің құлағы шегендеулі ме?
«Қойшы көп болса,
 қой арам өледі»
Ақойдың сумен қамтылуы үшін жүйе бойынша облыс әкімдігі жоба­лық-сметалық құжаттама әзір­леп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алуы қажет екен. «Айтылғандардың негізінде об­лыстық әкімдік сумен қамту жөнінде жобалық-сметалық құжат­та­маны әзірлегеннен кейін жо­баны жүзеге асыру мерзімін бел­гілеп,  ауыз сумен жабдықтау ны­­сан­дарының  тізбесіне енгізу үшін Қазақстан Республикасының Құ­рылыс және тұрғын-үй ком­му­налдық шаруашылық істері жөнідегі агенттігіне ұсынуы қажет» – дейді ми­нистрдің хатында. Демек, облыс әкімдігіне түрткі болатын аудан әкім­дігі. Ал аудан әкімдігінің не ойлағаны бар? Хат иелері аудан басшылығының әрекетсіздігінен, жүре тыңдап, жалтара сөйлей­тіндігінен бағдарламаға енбей қалдық дейді. Президентке жазған хатқа келген жауапты оқығанда, үміті жанған  халық енді тұлыпқа мөңіреген күй кешіп отыр. Ол жауапта былай делінген: «..Бүгінгі таңда сіз сөз етіп отырған Ақой аулында 700-ден астам адам тұрады. Ауыл тұрғындары алты көшедегі алты құбыр арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. «Ауыз су» салалық бағдарламасы арқылы  Ақой аулы су құбырының құрылыс жұмыстары Ислам даму банкі арқылы 2011-2012 жылдар жоспарында тұр. Жалпы құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 63 млн.теңгені құрайды. Олай болса, ауыл тұрғындарын  таза ауыз сумен қамтамасыз етудің ауылы алыс емес...»  Әлбетте, бұл аудан әкімдігі жіберген мәліметке сүйеніп берілген жауап екендігіне шүбә жоқ. Әйтпесе, Президент айдаладағы Ақойда алты құбыр (құбыр да емес скважина) барын қайдан білсін. Мейлі ғой. Бірақ мәселе онда  емес. Мәселе – мәліметті жоғарғы жаққа кім, қай бетімен бергендігінде боп тұр. Халықты да, ханды да алдап соққан. Ақойлықтар өздерін жылаған кезде қолына кәмпит беріп алдаусыратқан баладай сезінеді.
Рас, бұрғыласа да, жер-ана бір тамшы су бермей, пәленбай ша­қырымнан көлікпен тасып  іш­кен ауылдар бар. Солармен салыс­тырғанда бұрғыланған су­ға шүкір дегіңіз келеді. Десек те, қашанғы өзімізден төменмен салыстыра бер­мекпіз? Болашақтан үміті бар адам жақсыға ұмтылмай ма?.. дей­ді ішкі даусыңыз.
Ертеректе  "кері кеткеннің ке­ліні ұрлықшы болады” деген сөз қалыпты. Бұл күнде «кері кеткен елдің атқамінерлері  суайт болады екен» деген сөз ел арасына та­рамасын деңіз...

«Барып қайт, балам,
ауылға туған барып қайт!
Жүдеу тірлік,
кедей  тұрмысын көріп қайт!»
Талағымыз тарылып, өтіміз жарылса да айтайық. Бір емес, барша ауылдың осы күні жағ­дайы жоқ. Өте төмен. Жарылқап жатырмыз деп кеңірдек кергені­мізбен, жарылқанып, бір ұртынан май, бір ұртынан құрт ағып отырған ауылды көрсек, көзіміз шықсын. Тапқанын ит, арқасын бит жеп жүр ауылдықтардың. Жарығы болса, суы жоқ! Не суы болса, жарығы, я жылуы жоқ! Жұмыс та жоқ. Өндіріс, өнеркәсібі де жоқ. Бәрі жоқ!  Тозып тұр. Жеті жоқты іздесеңіз, ауылдан адаспай табасыз. Мынау – ауыз су ақойлықтардың бір жоғы ғана. Қалған алты жоғын түгендесек, қолымызды төбемізге қойып, тіпті, түңіліп кетерміз... Ал жеті жетімнің бірі – халық боп тұр...

Ақой аулы,
Шет ауданы.
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 986
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1188
count 88x31px