Жетістік кілті - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Жетістік  кілті
«Қара темірдің» батпан тісі тимеген ауыл топырағы қасиетті ғой, шіркін» – деп отыратын әжем. Мен сонда «Топырақта қандай қасиет болуы мүмкін, жай сөз шығар» деп ойлайтынмын. Ол сөздің астарын енді түсінгендеймін...

Қарап отырсаңыз, небір ақиық ақындар, қаламы жүйрік жазушылар, дүлдүл әнші-күйшілер асыл өнерді сол қасиетті топырақтан бойына сіңіреді екен ғой. Ауылдың сұлу табиғаты мен бейкүнә бейнесі – нағыз шабыттың, рухани байлықтың ордасы.
Бүгінгі күні дәстүрлі дүниені жаңғыр­тумен қатар, заман талабына сай түрлі жетістіктерге жетіп жатқан тұлғалардың көпшілігі – осы ауыл топырағынан. Бірі – мықты инженер, бірі –  әлемдік медицинаны меңгерген дәрігер, енді бірі бірнеше шет тілін меңгере отырып, өзге мемлекеттермен етене жұмыс жасап отырған халықаралық маман. Солардың бірі –  Қарқаралы ауданы, Қаратау ауылынан шыққан азамат – Асқар Мұқанов.
Ол 1983 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Кішкентайынан әжесінің тәрбиесінде болып, ер азаматқа тән қасиеттерді, қазақ ұлтына деген сүйіспеншілікті бойына сіңіре білген.
1989 жылы ауыл мектебінің табал­дырығын аттап, 6 сыныптан соң Қарағанды қаласындағы қазақ-түрік лицейінде оқиды. Білім ордасының қабырғасында жүріп, түрік және ағылшын тілдерінің алғашқы сатысына аяқ басады. Лицейді бітірген соң, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне «Халық­аралық құқық» мамандығы бойынша оқуға түседі. Университет қабырғасында білім алып қана қоймай, ағылшын тіліндегі сөздік қорын жетілдіре жүреді. 2005 жылы «Халықаралық құқық» мамандығының бакалавры академиялық дәрежесін қызыл дипломмен қорғап шығады.
Университетті бітірісімен ҚР Әді­лет министрлігінің Халықаралық құқық басқармасында төрт жыл бойы сіңірген білімін тәжірибе барысында қолданады. Өз ісіне мығым, шет тілін меңгерген қабілетті жас маманды 2005 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық де­партаментінің Халықаралық шарттар бөліміне мемлекеттік (әскери) қызметке шақырады. Төрт жыл бойы бөлімнің аға офицері қызметін атқарады.  
2009-2013 жылдары Қазақстанға кәсіпорын ашуға келген шетел компанияларына кеңес беру қызмет көрсетумен айналысады. 2014 жылы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында (АЭА) Елбасының қатысуымен ашылған «Бёмер Арматура» ЖШС зауытының (немістің «Böhmer GmbH» фирмасы салған) іске қосылуының басы-қасында болады. Қазіргі таңда сол зауытта директордың орынбасары қызметін атқаруда.
Төрт тілді (қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдері) еркін меңгерген Асқар осымен толдым, жетілдім демейді, бүгінде неміс тілін оқып үйренуде. Және шет елде білімін әрі қарай жетілдіріп, бұдан да биік жетістіктерге жетіп, Қазақстанның өзге мемлекеттер алдындағы беделін биіктетуді көздейді.
Осылайша, ұлтын ерекше баға­лайтын ауылдың қарапайым баласы өз талпынысы, жігері мен мақсатшылдығы арқасында бірнеше тіл меңгеріп, үлкен жетістіктерге жеткен. Қазіргі таңда бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған отағасы балаларының да көп тіл меңгеруі үшін жағдай туғызуда. Ол «Көп тіл білу не үшін қажет?» деген сұраққа, үнемі «Себебі, жетістікке жетудің бірнеше кілті қалтаңда болады» деп жауап береді. Шынымен де, көп тіл білу деген, болашаққа бастар жолдың есігін ашар бірнеше кілтке ие болу деген сөз.

P.S. Әжем айтқандай, осындай қабілетті жандарды туғызған ауыл топырағы қасиетті ғой шіркін...       
Мөлдір СМАҒҰЛОВА.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.     

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 254
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px