Жетпіс екі пәтерге жеткіліксіз жылу - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Жетпіс  екі  пәтерге  жеткіліксіз  жылу
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Өткен аптаның жұма күні Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Бейсен ҮСЕНОВ Вагонная көшесіндегі 2/1, 2/2, 2/3 үйлерінің тұрғындарымен кездесті. Күн тәртібінде аталған тұрғын үйлерді 2016-2017 жылдардағы жылу беру мау­сымына әзірлеу мәселесі талқыланды.

Түсінгеніміздей, ҚР Энергетика министрінің  бұйрығымен жылу қазандықтарын жылу беру маусымына әзірлік жұмыстары 2015 жылғы 2 ақпанда бекітілген №55 ереже бойынша, энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың әзірлік төлқұжатын алу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
 – Күзгі-қысқы жағдайлардағы белгіленген электр қуаты 5 МВт және одан төмен, 5 МВт-тан астам немесе белгіленген жылу қуаты сағатына 100 Гкал/сағ. және одан жоғары, сондай-ақ, өз теңгерімінде кернеуі 35 кВт және одан төмен, 110 кВт және одан жоғары кернеудегі электр желілері бар ұйымдарға (бұл жолы «Комфорт-08» пәтер иелері кооперативіне) әзірлік төлқұжатын беру жергілікті атқару органымен («Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ) жүзеге асады, – дейді Бейсен Үсенов.
Мемлекеттік қызмет көрсету стан­дарты бойынша, әзірлік төл­құ­жатын алу үшін бекітілген қалыпқа сәйкес өтініш жазу, бекітілген қалыпқа сәйкес әзірлік актісінің болуы, жылу қазандығының техникалық жағдайы туралы аккредиттелген сараптау ұй­ымы­ның (мысалы, «Энергоэксперт и К» ЖШС) қорытындысы болуы қажет.
Әрине, әзірлік паспортынан бұрын, тұрғындардың жылу беру маусымын ойдағыдай өткізгені маңызды. Бейсен Үсенов те осыны алға тартты. Аудан әкімінің орынбасарымен кездесуге келгендердің барлығы дерлік зей­неткерлер. Зейнетақыға жан бағып отырған тұрғындар жылу қазандығы мәселесінің неше жыл бойы бір шешімін таппауына наразы. Үш тұрғын үйде бар-жоғы жетпіс екі пәтер ғана бар екен. Жетпіс екі пәтерге жетпеген жылудың дауы. Дегенмен, тұрғындар да жазықсыз болмай шықты. Бертінге дейін бұл үйлерді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ құрамындағы стандарт­тан тыс жабдықтар және шағын механизациялау зауыты жылумен қамтамасыз етіп келген екен. Алайда, тұрғындардың салғырттығы мен жауапсыздығы салдарынан, жылу қарызының құны 1 млн. 500 мың теңгеге жетіп, аталған компания қарызды өз мойнына алып, берешекті өтегеннен кейін, жылу беруді біржолата тоқтатқан.
Ас ішерде керек. Сөйтіп, жауа­п­кершіліктері кеш оянған тұрғын­дар «Механомонтаж» ЖШС-мен келісім-шартқа отырып, осыдан үш жыл бұрын 2 миллион 900 мың теңгеге жылу қазандығын орнатады. Уақыт өте келе қазандық жарамсыз болып шығып, «Механомонтаж» ЖШС басқасын орнатады. Алайда, осы күні ол да сыр берген. Қазандық орнатқан серіктестікке өкпелері қара қазандай, тауы шағылып, жігері құм болған тұрғындар «Механомонтаж» ЖШС-ін қалай жауапқа тартарларын білмей әуре. Содан, еріксіз Кеңес дәуірінен қалған «КВ-400» қазандығымен жылынып отыр қазір.
Жоғарыда тұрғындардың жылуға қатысты қарызын айта кеткен едік. Сол оқиға тағы да қайталанған. Пәтер иелері кооперативінің кассирі Светлана Никифоровнаның айтуынша, биылғы жылдың сәуір айындағы берешекті қоспағанда, 2013-2016 жылдар аралығындағы көмір қарызы 310 мың 561 теңгеге жеткен. Амалы құрыған аудан әкімшілігі осы жылдың наурыз айында тегін 15 тонна көмір түсіріп берген. Үкімет тарапынан қараусыз қалды деп қалай айтасыз осыдан кейін? Үш үйдің ауласындағы жолды да жаңартқан.
Ендігі мәселе, әзірлік төлқұжатын алу десек, қазандықтың техникалық жағдайы туралы сараптама не көрсетері белгісіз. Сондықтан, аудан басшылығы әзірлікті бүгіннен бастағанды жөн көрген. Бұл сараптама тұрғындар үшін де, жергілікті атқару органы үшін де маңызды. Себебі, келер қыстың қандай боларын ауа райын болжаушылардың өзі дөп басып айта алмайды. Алда бес ай бар. Соңғы сөзді сараптама қорытындысы айтады.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 130
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px