Жетпіс жыл өтсе де... - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Адамзат жанын жалмаған сұрапыл сұм соғыстың аяқталғанына да, міне, 71 жыл уақыт өтіпті. Осы соғысқа біздің әулеттен 4 азамат аттанған екен. «Орталық Қазақстан» газетінің 2015 жылғы 14 шілде күнгі санында жарық көрген «Есімдегі отты жылдар елесі» атты Шәкібас Әбдірахманованың мақаласында көрсетілген Томар ауылынан аттанған 80-ге жуық азаматтың арасында менің әкем Ермек Шөгелбаев, ағаларым Көпбосын Кенжебеков, Сатан Рымбеков, Жұмаш Мылтықбаевтың есімдері жазылған еді. Ағаларым майдан даласынан оралмады. Соңғы екі ағай жар қызығын көрмей, бала сүйіп, бауырына баспай, арманда кеткен боздақтар, өрімдей жігіттердің төресі еді.
Әкем Ермек Шөгелбаев туған елдің дәм-тұзы тартып, 1945 жылдың соңына қарай аман-есен өз отбасына оралған. Соғысқа дейін өмірге келген үш баласынан кейін біз өмірге келдік. Бірақ, әкемнің соғыста алған жарақаттары болса да келе еңбекке араласып, қой фермаларын басқарып, қойма меңгерушісі міндеттерін атқарған. Өте шебер, қамқоршыл адам еді. Ол кезде соғыс мүгедектеріне зейнетақы төленбейтін, істеген еңбектеріне қарай, колхоз еңбек күн төлейтін. Балаларының қызығын көрер шағында әкемнің денсаулығы күннен-күнге төмендеп, 1958 жылы 28 қаңтарда, 48 жасында өмірден өтті. Жарының қайғысын көтере алмаған анам Дәния Қасымханқызы да қайғының зардабынан сол жылы мамыр айының басында бақилық болды. Арттарында 7 баласы мен анасы Әбділдә келіні Бәтима Сүйінбайқызы қалды. Үй қаңырап бос қалғандай, өте қайғылы әрі қорқынышты көрінетін. Әжем байғұс көзі жасқа, көкірегі қайғыға тола жүріп, арты 2 жаста қалған балаларды ел қатарына қосуға аянбай еңбектенді. Ол кезде жетім қалған балаларға берілетін жәрдемақы деген де болмайтын. Сонда, өзі де жетім өскен қажырлы әжемнің азын-аулақ малының құрт-майын жинап, немерелерінің ешкімнен кем болмауын қалап, бәрінің оқып ержетуіне аянбай еңбек еткеніне қайран қаламын. Қайран әжем біздің өмірге деген құштарлығымызды оятып, 1973 жылы 13 қыркүйек айында бақилық болды.
Біздің өмірден өз орындарымызды табуға ағатайыммен қоса, жеңгем Тишкен Қонақбайқызының үлесі өте зор болды. Соның нәтижесінде, мен пединституттың жаратылыстану факультетін бітіріп, Күлайым Ермекқызы физика-математика мамандығын меңгеріп, жас жеткіншектерді тәрбиелеуде өз үлесімізді қосып, Райзада Ермекқызы Қарағанды экономика институтының экономист мамандығы бойынша тәмамдап, қазірде зейнеткер әжелер атанып, немерелер тәрбиесімен айналысып, қызықтарын көрудеміз.
Екі ағатайымның бірінің бақилық болғанына 40 жыл болса, екіншісіне 20 жылдың жүзі болыпты.
Ең өкініштісі, әкеміздің 1941 жылы соғысқа аттанғанымен, 1945 жылы келгенінен басқа еш мәлімет жоқ. Қолымызда қалған жауынгерлік билеті ғана, онда сержант деп жазылған. Қай жерде соғысқаны жайлы да біле алмадық. Ол кезде біз жас, ойын баласы едік, керек құжаттарды да шашып тастаған шығармыз. Есімде қалғаны үйде көп «облигация» болатын, оны ақша қылып ойнайтынбыз. Кейін олар да жоғалып кетті.

Зина ЕРМЕКҚЫЗЫ,
зейнеткер ұстаз.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 148
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px