Жолаушылар пойызы Арқа мен Сырдың арасын жалғады - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Жолаушылар пойызы

Арқа мен Сырдың  арасын жалғады
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Наурыз мерекесі қарсаңында Жезқазған-Ұлытау өңірінің жұртшылығы үлкен қуанышқа кенелді. «Жезқазған-Қызылорда» бағытында күнара жүретін жолаушылар пойызы 15 наурыз күні кешкілік мысты қаладан алғашқы сапарын салтанатты шара аясында бастады.
«Жезқазған-Бейнеу» теміржолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынып, 2014 жылдың 22 тамызында іске қосылғаны белгілі. Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарының ауқымындағы бұл кемел жобаның ел болашағындағы алар орны ерекше. Сәтімен жүзеге асқан орасан зор іске Мемлекет басшысы: «Ұлы Жібек жолының жаңғыруы, ғасыр жолы» деген бедерлі бағаны бекер бермесе керек. Шығыс пен Батысты жалғаған болатжол бүгінде Қытай мен Еуропа, Иран мен Қазақстан аралығындағы жүк айналымының еселеп артуына оң ықпалын тигізуде. Қазірге дейін осы жолмен 10 млн. тоннадай жүк тасымалданды. Енді, міне, өңір тұрғындарының асыл мұратына сай, Қызылордаға тікелей пойызбен жету мүмкіндігі туды. «Қазақстан теміржолы» компаниясы басшыларының айтуынша, алдағы уақытта «Астана-Ақтау» бағытындағы жолаушылар пойызын жүргізу де жоспарда бар көрінеді. Сөйтіп, ғасыр жолы — Ұлы Дала Елінің ұланбел жолына айналғалы отыр.
Бұл, әсіресе, Ұлытау мен Жезқазған өңірі үшін айтарлықтай айшықты оқиға. Бұрын оңтүстік облыстарға кенді аймақ тұрғындары Қарағанды арқылы көліктен-көлікке ауысып, қиыншылықпен баратын. Енді, жаңа бағыт бойынша жолға шығатын №617 жолаушылар пойызы Жезқазған-Қарсақпай-Байқоңыр-Көктал-Қоскөл Қарашеген-Абай-Сексеуіл стансалары арқылы жүріп, одан әрі «Арал-Қазалы» бағытымен Қызылордаға барады. Жалпы, 40 елді мекенді басып өтетін отарба «құлан жортпас құба жонды» жайлаған халыққа қолайлы жағдай туғызуда. Пойыздағы 5 вагонның біреуі купе, екеуі плацкарт болса, қалғандары жалпыға арналған орындар. Алғашқы сапардың өзінде Қызылордаға бет түзеген жолаушылар қарасы біршама сыңайлы. Пойыз жүрер алдындағы дерекке сүйенсек, барлығы 126 билет сатылыпты. «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы да тәуір вагондарын іріктеп, алғашқы сапарға ақ ниетпен дайындалғаны көрініп тұр. Жолсеріктер ілтипатты. Әр вагонда жолаушыларға дастарқан жайып, қазақтың бауырсағы мен сусын-суларын әзірлеп қойыпты. Жезқазған стансасынан кешкі сағат 19.12-де шығатын жолаушылар пойызы Қызылордаға ертеңінде сағат 19.53-те жететін көрінеді. «Бір жол бар – алыс, алыс та болса жақын» дегендей, жайлы вагонда демалып, бір тәулікте баратынына көпшілік риза. Пойыз негізгі кестеге көшкен соң мысты қаладан жұп күндері жолға шығатын болады.
Тұйықта қалудан құтылған Жезқазған вокзалының басында жолаушылар пойызының жаңа бағытының ашылуына арналған салтанатты шара өткізілді. Жиналған қауымды қала әкімі Батырлан Ахметов, «Қазақстан теміржолы» АҚ дирекциясы филиалы директорының орынбасары, Құрметті теміржолшы Аманбай Төлеушин және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Мүсілім Тоқтамысов құттықтап, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында үлкен жобаның жүзеге асқанына ризашылықтарын білдірді. «Атарбамен өтіп еді ата-бабам, отарбамен жүретін күнге жеттік», - деп ақын Жанбол Көпбосынов арнау жырын төкпелетсе, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов «Ұлытау» әнін асқақтатты. Жиналған қалың жұртшылық Арқа төсінен Сыр өңіріне жол тартқан жолаушылар пойызына оң сапар тілеп, ақжарма көңілмен шығарып салды.
Ал, кеше таңертеңгілік Қызылордадан келген пойызды да Жезқазған стансасының  басшысы Мақсұт қажы Шәкеннің ұйымдастыруымен осылайша шашу шашып, қуанышты  жағдайда қарсы алды.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.
Суретті түсірген автор.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 370
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px