Жусанның Қыпшақты жатсынуы - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Жусанның Қыпшақты жатсынуы
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»
Аспан айналып жерге түсер­дей аптапта жолға шығудың мехнатын білесіз ғой. Жезқазған қаласынан Қарағандыға бағыт алған автобусқа отырдық. Ең соңғы екі билеттің біреуін маған бұйыртқан Құдайға тәубе. Тура он екі сағат жүреді екен. Басқа келген бірінші ой – мынандай ми қайнайтын ыстықта біз бірдеме қылып шыдармыз, ауыз бекіткендерге қиын болды-ау деп қоямын. Артынан алыс жолға шыққанда ауызды ашып жіберуге болатынын есіме түсірдім. Кісі қырғын. Адамдарды аузы-мұрнынан шығарып тиеп алған автобустың ішінде кім жоқ дейсіз. Маңайымдағыларды түгендейін. Он бес күндік вахтадан қайтып бара жатқан жұмыскер, дорба арқалаған саудагер, екі-үш студент, кәрітамысы бар, жасамысы бар тойшыл құда-жекжат... Сосын, бір-екі айлық баласын арқалаған жас ата-ана мен жол бойы түшкіріп-пысқырып келе жатқан жусанға аллергиясы бар өзімқатарлы бір жігіт.
Ақ жол!
Менің объектіме айналған екі фигура – сүт қоспасын (смесь) ішіп келе жатқан нәресте мен түшкіріп-пысқырып, жусанға аллергия болып келе жатқан Жарылқасын болды. Жақын танысып, есімін сұрап алғаннан соң әңгіме қызды. Шынында да қазіргі уақытта екінің бірінде бар ауру. «Иммунитеттің әлсіздігінен болды» дейді сапарласым. «Қа­шаннан бері?» десем, «ең бірінші экология ғой, дұрыс ұйықтамай, зорығып ауыр жұмыс істедім, тіпті, уайымнан да болуы мүмкін» дейді. Қиналып отырғаны түрінен көрініп тұр. Көзі-басы бітеліп барады таза. Урбанизацияға (қаланың өмір салты) дағдыланбаған кешегі көшпенді ғұн-сақ тайпасының соңғы тұяғын елестеттім. «Жусанның Қыпшақты жатсынуы – бұл!». Ішімнен.
Сосын Жарылқасынға қа­рап: – Енді саған бұл аурудың қайдан келгенін мен айтайын, – дедім. Сол жағымызға қара. Бағана жолға шыққаннан бері ана кішкентай баланың ішіп келе жатқан тамағын байқадың ба?  Nestogen (молочная смесь) мен пастерленген сүт. Ол баланың әке-шешесі не ішіп өскенін білесің бе? Қымыздың орнына – «қызыл», майдың орнына – маргарин жеп өскен. Бала омырау еміп, қазының майын сорып, жіліктің майын жұтып өсуі керек еді. Екіншіден, біз жолға шыққалы алты сағат өтті. Байқадың ба, баланың бұты ауыстырылған жоқ. Әлі алты сағат жүреміз. Сенің бұл ауруыңа  әйнектен есіп тұрған жусанның бұрқыраған исі емес, аумалы-төкпелі заман кінәлі. Пластик терезе кінәлі. Қытайдың арзан киімі, орыстың арзан арағы кәнілі. Арам өлген малдың етінен жасалған шұжық кінәлі. Бауыздалмай, токпен жанын шығарып, бойына қорқыныш гармоны бөлініп кеткен өлік дағы бар базардың еті кінәлі.
«Бейбарыстың шапанының шалғайынан, Олжастың таң­дайынан тамған жусанның Қыпшақты жатсынуы – бұл» дедім. Мені Жарылқасын жақсы түсінді. Үнсіз басын шұлғиды. Цивилизация Түркілерді тамырынан толық ажыратты. Тоныкөктің қабірі мен Жусанның тамыры бір-біріне байлаулы еді. Сол күрмеу үзілді. Мәңгілікке. Қасиет пен қасірет бетпе-бет келді.
Жарылқасынға айтқан болып, әдейі жас нәрестенің ата-анасына естіртіп: – Ғұн сарбазы қытай сарбазынан неге күшті болып еді? Ескі аңызда тобылғының арасына түсіп қалған қамшыны алып келуге екі сарбазды жұмсаушы еді ғой. Қамшыны таба алмай қайтып келген ғұн сарбазының былғары киімі бүп-бүтін, қытай сарбазының жібектен тігілген киімі дал-дұл. Ертесіне екеуіне «әрқайсың өздеріңнің ұлттық тағамдарыңды ішіңдер де, мына суы мұздай құдыққа түсіңдер» демеуші ме еді? Қытайдың жегені – күріш, ғұнның жегені құнан қой, ту бие... Ар жағы айтпаса да түсінікті.
Ал, сен екеуміздің тауық жеп, тау қопарғымыз келеді. Ұлы Даланың барлық тарихы жусанның есінде дедім...
Қарағандыға келдік.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 785
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px