Ақиқаттың алтын Тәжі - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Ішінде көп жылқының көкаладай,

Өлеңді сөз патшасы, – деген Абай.

Төре сөз тәжін киіп төрлемесе,

Қалайша төңірекке төгеді арай?!

Осылай бастайды ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Абзал Бөкен жақында ғана оқырман қауымға таралғы еткен сүбелі сыбағасын. Көлемі 27,5 баспа табақтан тұратын толайым туындысын «Тәж» деп атапты Абзал көкем. Оқырман үшін мәселе – көлемінде емес, дегенінде. Қалай болғанда да, қазақ әдебиеті кемел толғатып, кесек дүние әкелді өмірге.

Абзекең жырларын жасымнан жастанып оқып, жадыма түйген оқырманның бірімін. Жаңа өлеңдерін аракідік мерзімді басылымдардан оқығанымызда-ақ, әдебиет әлемінің төріне кимелей озатын киелі жинақ әзірленіп жатқанын сезгенбіз. Қолымызға тиді!

Ендеше, бірге парақтап көрелік...

Жинақ «Інжу ілген», «Маржан тізген», «Гауһар таққан», «Алтын жапқан» деп аталатын төрт бөлімнен тұрады. Төрт тұяғын тең басқан кәдемгі арабы арғымақ. Өлеңге іңкәр әр жүректің құлақшасына інжу іліп, маржан тізіп, гауһар тағып, көңіліңді алтынмен көмкеріп тастайтын құдірет бар.

Жалпы, біз – Абзал ағаның шығарма­шылығына баға беруге емес, жаңа жи­нақ­ты оқып шыққандағы әсерімізбен бө­лі­суге ғана құқылымыз. Абзал көкем – әдебиет әулиелерінен бағасын, поэзия патшалығының төрінен орнын алып үлгерген қаламгер. Ол аз десеңіз, Абзекең – асыра мақтап, артық дәріптеуді табиғаты қаламайтын талант иесі. Ал, ендеше... Менің қаламыма тұсау болып, жүре­гімді қауырсындай қалтыратып, тіземді діріл­дет­кен – ақын ағамның осы болмысы.

Сонда да, тәуекел еттім.

Білесіздер, Абзал аға жырлары – асыра әсерлеу мен баттасқан боядан ада. Таза табиғи кәусардан қанып ішкендей күйге бөлейді. Азаматтық лириканың кәнігі жорғасы өзінің қазақ әдебиетіндегі ежелгі дәстүрін бұзбай тайпалады. Салтында салқынқандылық бар.

...Бәсекеде бақ сынар,

Бізде де арман көп тіптен.

Көңілім – Төр,

Жақсылар кеңес құрса деп күткен, – дейді ақын «Төр» атты өлеңінде. Аңқылдақ ағаның Төр-Көңіліне мен де алшаңдай қадам басқанмын. Жатырқамады. Өзіне һәм өлеңге деген өліп-өшкен пейілімді сезді, білем. Иіріміне тартып, игілігімен шөлімді де, мауқымды да басты.

Сағынышы сарқылған жаннан өлең туа ма? Туса да, шынайылықтан ажырап, мәңгілікке сапарлай алмас. Өткеннің бәрі – сағыныш ақын үшін. Туған жерге деген сағынышын «Тоқырауын» өлеңіне тұмар еткен ақын:

Тоқырауын, мен сенен алыс кеттім,

Зеңгіріне сіңгендей ғарыш көктің.

Саған деген сағыныш – сарыуайым,

Сарыуайым ішіппін, бал ішпеппін.

Шағырмақта күйдірді кекілді күн,

Содан кейін сол кекіл кетілді мың.

Балалығым – сен жақта,

Өзім – мұнда,

Бір денеде екі адам секілдімін, – деп толғанады. Тебіренбей оқу мүмкін бе? Жоқ, әрине.

Айта кетейін, Абзал ағаның жаңа жинағы жайында екі ауыз пікір білдіру мен үшін әрі қиын, әрі жеңіл болды. Қиын болғаны – Алаш жырының ардагеріне пікір айта қоятын мен кіммін?! Иә, Абзекең «Шыт көйлегімен» қазақ поэзиясын селт еткізгенде мен жөргектегі сәби екенмін. Ал, жеңіл болғаны – ақынның қай өлеңін, тіпті, қай шумағын тілге тиек етіп, ой түйіп, ойқастай кетуге болатындығы. Ең бастысы – ұғынуға күрделі болмаған соң, шығынуға мүдделі болмайсың. Қарапайым, бірақ, қарабайыр емес. Пәлсапа десеңіз – пәлсапа, рух десеңіз – рух бар. Көркемдігі – көшелі. Тоқырауындай толқи жөнеліп, Балқаштай байырқалайды. Алатаудай ас­қақтап, Сарыарқадай кеңдік танытады.

Біз – ежелгі елміз,

Ежелгі елміз,

Сонау Сақ, Ғұн дейтұғын кезеңненбіз.

Арыстың аймағына көз алартса,

Намыстың найзасы боп кезелгенбіз.

Тауын көпшік, тақырын текемет қып,

Тұмса қырда тұмадай тез өнгенбіз.

Тар пейілге тарылған – тамшыдаймыз,

Жат пейілге ағылған өзен-көлміз.

Өзеніме өзгелер өзеуресе,

Өзегіне өрт салып безергенбіз.

Көсем туған – анасы алтын құрсақ,

Шешен туған – данасы сөз-елденбіз.

Дүниеге бүгін кеп тұрғамыз жоқ,

Ежелденбіз, есте жоқ кезеңненбіз. («Тек» атты таным толғауынан).

Ақынның әулиелігін бәске тігетін шу­мақтар емес пе?! Бүгінгінің тегін білмес әумесерлеріне танытқан емеуріні. Кешегі Қаздауысты Қазыбек бабамыздың қалмақ билеушісіне танытқан сесінің бүгінгі жаңғырған формасы.

Абзал ағаның тағы бір дара қасиеті қоғамның келеңсіздігін де, көңілдің шер-мұңын да мүжілмей, түңілмей, қасқайып тұрып, қайсар рухпен жырлайды. Әрине, астар да, ащы мысқыл да бар. Бірақ, баршаға түсінікті. Оқып көріңіз:

О,қызғаныш!

Қызыл иттей нұсқаңнан

Мен – әуелден зәре-құтым ұшқан жан.

Енді ұғындым,

Жақыннан жау тапқанның,

Неге досты іздейтінін дұшпаннан.

Күйгелектену – мен білетін Абзал аға­ның табиғатына жат. Өлеңінен де таппадым. Нені де болса, сабырмен қабылдап, байсалды түйінге ат шалдырады. Мәселен, «Қартаң күй» атты өлеңінде:

...Уақыт шалғы екен,

Шапса, шарт кетем.

Өлім алда екен,

Өмір артта екен.

Қақты есемнен

қарттық, қарағым.

Келдім десем мен,

Кетіп барамын, – дейді жай ғана. Жақсы ақынның қартаң тартып, тіршілік түйініне бет алғанына оқырман өкінеді. Өкінгенің не, жүрегің шымырлап, аза бойың қаза болады. Ал, өзінде – баяғы салқынқандылық.

Абзекеңде бәрі бар. Ақыннан талап етілетін шеберлік те, кемелдік те... Пенде баласы ықтияр қажеттіліктің бәрі бар. Өзінің тағдыры, өзі тұрмақ өзгеге жеткілікті тағылымы бар. Солай бола тұра:

Менікі, – дейтін түгім жоқ.

Мелдектеп құяр күбім жоқ.

Қызығым бар ед,

Қор болды

қиқулы кеште шығын боп.

...Селеулі бозым – белдікі,

Серпінді сезім – селдікі.

Жазған бір жырым – жұрттікі,

Қазған бір кенім – елдікі, – дейді. Бұл – таусылу, түңілу емес, қанағат.

Менің өзім күйгелек, шыдамсыз едім. Абзекеңнің осы жинағын оқып шыққалы, өзімді қайта тәрбиелеуге көшкендеймін.

...«Өлең жазылмайды, туады» дейді Абзекеңнің замандасы, Алаш жырының ақтаңкері Серіағам (Ақсұңқарұлы). Ендеше, Абзал ағамның мың күн толғатқан тоқсан толғауын бір күнде топшылап шығу мүмкін емес. Ең басты олжамыз сол – Абзал Бөкен Алаш поэзиясының басына Алтын Тәж кигізді. Күй-ғұмыры – өлеңде, игілігі – халықта бұл Тәждің. 

Екі дүниеде ақыреттен пәк, ақыреттен таза нәрсе жоқ. Ақынның жыры – ақыреттік ақиқат. Ал, ақиқат – Абзал көкемнің қазаққа ұсынған  «Тәжінде». Онда дәретпен ғана ұстайтын қасиет-қастер бар. Өйткені, ол – Ақиқаттың Алтын Тәжі!   

Ерсін МҰСАБЕК.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 362
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px