Абыз ақсақалымыз еді - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

1916 жылы Қарағанды облысы, Тельман ауданының алыс ауылында өмірге келген Құсайын Нұғымановтың тағдыры жеңіл болмады. Әкесінен ерте айрылып, аяулы анасы Зәуре қарындастары мен үшеуін туған-туыстарының арқасында ешкімнен кем қылмай, қатарынан қалдырмай өсіреді. Ел басына төнген зобалаң Арқа жерінің ойранын шығарып, тыныш жатқан ауылдың адамдарын жел айдаған қаңбақтай тентіретіп жіберді. Аштан қырыла бастағандар жан сақтау үшін аяғы жеткен жерге барып құлады. Кішкене қызы аштықтан көз жұмған соң, қалған ұлы мен қызының өмірін сақтап қалу үшін қолындағы құрт-ірімшік, талғажау етерлік тарысын түйіп беріп, 14 жастағы ұлына қарындасын серік қылып, Қарағанды қаласының бағытын сілтеп бір Аллаға тапсырып, шығарып салады. Жолы болса, қаладағы балалар үйіне орналасып, жан сақтауын өтінеді. Бірнеше күн жүріп, түнде қарағанның түбін паналап, өзен суын ішіп, анасы берген дәмдері таусыла бастаған кезде өмірі көрмеген Қарағандыға да келіп жетеді. Өмірде жақсы адамдар аз ба?! Қала шетіне келгенде су сұраған алғашқы үй иесі суықтан қашқан торғайдай үрпиген түрлерін көріп, аяныш сезіммен үйге кіргізіп, бір үзім нан мен қайнаған суын береді. Ұзақ жол жүріп қалжыраған қарындасы жылы жерге келген соң маужырап ұйықтап кетеді. Үй иесі тұрмыстары жүдеу болса да, адамгершілігі мол адамдар екен, естерін жиып, қаламен танысқанша осында болуларына мүмкіндік береді. Құсекең де қарыздар болмай, үй шаруасына көмектесіп, қора тазалап, сиырын бағып қолғабыс етеді. Еті тірі бозбала әр есікті қағып жүріп, қарындасы екеуі балалар үйіне орналасады. Балалар үйінде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатынасып, қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшесі ретінде көзге түседі.

Елде аштықтың зардабы тыйылып, тоқтық кіре бастаған кезеңде есін тез жинаған асыл анасы Зәуре Қарағандыға келіп, сұрастыра жүріп, балалар үйінен ұлы мен қызын тауып алып, біржола қалада тұрақтап қалады. Әр салада қол жұмысын істеп күндерін көреді. Жоқтық ерте есейтеді. Ер жеткен Құсайын да екі қолға бір жұмыс тауып, еңбекке ерте араласады. Балалар үйіндегі көркемөнерпаздар үйірмесінде шыңдалған өнерге деген құштарлығы 1934 жылы режиссер Ғафиз Ильматов ашқан қазақ драма театрындағы студияға алып келді. Студияда актерлік шеберліктен, көркемсөз техникасынан, би мен гримнен, ритмикадан, дауыс қалыптастырудан және театр тарихынан сабақ алып, театр өміріне етене араласып кетеді. Алғаш рет режиссер Ғ.Ильматов дайындаған Б.Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» деген пьесаға қатынасып көзге түседі. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білетін, өрісі өрелі, домбырамен ән салуды ұнататын талантты жасты театр ұжымы тереңге тартқан тұңғиықтай иіріп әкетеді. Сол кезеңде жасы толған бозбаланы азаматтық борышын өтеуге әскер қатарына алып кетеді. Әскери борышын өтеген соң 1939 жылы өзінің таңдаған сүйікті мамандығы бойынша қазақ драма театрына қайтып оралады. 1936 жылы Қарағанды облыс орталығы болып белгіленгенде театр облыстық музыкалық драма театры аталып, керегесі кеңейіп, көлемді музыкалық драмалар қоя бастайды. Сол кезеңде Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» трагедиясындағы Қозы, «Қыз Жібек» трагедиясындағы Төлеген образдарын М.Сүртібаевпен екеуі кезектесіп ойнайды. Ал, М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясында М.Сүртібаев Әлібекті сомдаса, Қ.Нұғыманов Арыстанмен жарқырай көрініп, көрермендер көңілінен шығады. Қарағанды театрының абыройын асқақтатқан көлемді қойы­лымдардың бірі М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы кемеңгер Абай образын М.Сүртібаев тамаша кескіндеп, Қ.Нұғыманов алғашқыда ақынның ұлы Мағауияны ойнаса, кейіннен Абайдың жанашыр досы Долгополовтың образын кемеліне келтіре бейнелеп, көрер­мендерден де, сыншылардан да жақсы баға алады. Сөз зергері, академик жазушы Ғ.Мүсірепов өзінің «Абай» – Қарағанды қазақ драма театрының жаңа белесі» деген көлемді мақаласында: «Кәрі Зере мен Құнанбайдан, ең жасы Оспанға дейін әр артист ұзақ дәуірдің бір сырын айқын ашып берді. Әрқайсысы өз бетімен әкетпей, коллективтік еңбектің нәтижесінен туатын творчестволық табысты көрсетті», – деп артистердің шеберліктеріне жоғары баға берген. /«Әдебиет және исскуство», 1951 ж. №4/. Жылдар өткен сайын жас таланттың қанаты қатайып, тәжірибесі молайып, шеберлігі арта түсті. Белгілі режиссер А.Тоқпанов Қарағанды театрында қойған Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында Арқаның ақиық әнші-композиторы Ақан рөлін М.Әбдікәрімов екеуіне жүктейді. Мұздекең Ақанның әншілігін көрсетсе, Құсайын Нұғыманов сахнада әншінің сұлу келбеті мен маңғаз болмысын тамаша жеткізе білді. «Арқаның Ақтоқтысы» атанған Ж.Шашкина Қ.Нұғыманов сомдаған Ақанның сахнадағы серіге тән іс-әре­кетін, көзқарасын, сөз сөйлеу мәнерін ерекше айтып отыратын. Ал, заман талабына сай жазылған драматургиялық шығармаларда замандастар бейнесін сәтті сомдағаны сол кездегі газеттерде жазылған сын мақалаларда жан-жақты айтылған. Әсіресе, Ғ.Мұстафиннің «Мил­лионер» спектакліндегі Жомарттың бей­несін, Ж.Сәрсековтің «Сапарластар» драмасындағы Абдол рөлін, А.Темір­жановтың «Семіздікті қой көтереді» комедиясындағы Суайтбек образдарын көрермендерге жан-жақты етіп, көркем жеткізе білді.

Өткен ғасырдың 50 жылдарының аяғында Қарағанды қаласында заман талабына сай, кең өріс алып келе жатқан телестудия ашылған кезде, театр актерлерінің көбі студияға режиссер, шығармашылық топ өкілдері болып қызметке ауысады. Актер Қ.Нұғыманов та студияға қойылым бөлімінің меңгерушісі болып қызметке кетті. Ол кезде студия­да драматургиялық шығармалардан қойылымдар, қысқа спектакльдер қойылып тұратын. Атақты композитор Мәди өмірінен, С.Сейфуллин туралы қойылымдар, Қ.Исабаевтың «Айғыз» романы бойынша жазылған пьесалар тағы басқа көптеген драмалық шығармаларда басты рөлдерде, бай-манаптардың рөлінде, соғыс тақырыбына қойылған қысқаша үзінділерде қарт солдаттардың, офицерлердің рөлдерін шынайы сомдап, мыңдаған көрермендердің ықыласына бөленді. Абыройлы еңбегімен ұжым алдында құрметке бөленіп, зейнеткерлікке шыққанша қызмет етті. Студияда қызмет істеп жүрсе де, өзі шаңырағын көтеріскен театрының әрбір жаңа қойылымына келіп, замандастарымен шабыттана әзілдесіп, жас таланттарға өз батасын беріп, марқайып қайтатын. Театрдың әрбір жетістігіне қуанып, жастарға алдыңғы өткен аға-апалары туралы, олардың творчестволық жетістіктері туралы айтудан жалықпайтын. Әрбір жас талантты өзінің парасаттылығыменен өнер, өмір туралы көрегендігімен, шешен-әңгімешілдігімен баурап алатын. 2002 жылы театрдың 70 жылдық мерей тойында театрдың алғашқы қарлығаштары туралы тебірене сөйлеген сағынышты үні әлі көз алдымызда.

Биыл 100 жылдық мерейтойына орай, тұңғыш рет аталып өткен 1 наурыз – Алғыс айту күнін мерекелеу аясында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында мерекелік іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асқан болатын.Театрдың алғашқы қайраткерлеріне құрмет көрсетіліп, бүгінгі ұрпақ алғысын білдірді. Театр фойесіндегі ардагерлер тақтасы орнатылған қабырғаға абыз ақсақалымыз Қ.Нұғымановтың портрет-суреті мен өмірбаяны жазылған буклет-кітабы қойылды. Мұндай игі бастамалар жалғасын тауып, үлкендерге деген құрмет еш уақытта да ұмытылмайды. Кешегісіз бүгін жоқ, ертеңгі күннің тарихын жасайтын – бүгінгі ұрпақ.

 

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 183
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px