Адалдықпен – абыройға - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «кәсіби мемлекеттік аппарат құру» мәселесі нақты айқындалған. Құжаттың 15 қадамы мемлекеттік қызметті жетілдіруге арналған.

Жыл басынан бері жер-жерде осы жоспарды орындаудың практикалық кезеңі де басталып кеткен-ді. Осакаров ауданы да мақсатты жұмыстардан тыс қалған жоқ.

Мәселен, бүгінде Осакаров ауданында 180 мемлекеттік қызметші абыройлы еңбек етуде. Олардың жартысынан көбі әйелдер болса, жас мемлекеттік қызметшілер құрамы жылдан жылға артып келеді.

Жиын барысында аудан әкімі Қайрат Абдоллаұлы елдің гүлденуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірнеше мемлекеттік қызметшіні марапаттады. Құрмет грамотасын алғандар қатарында – Маргарита Усачева, Клара Мақсұтова, Валерий Феофанов, Лидия Давыденко, Бірлес Мұқанов, Валентина Баканова және Владимир Кутищев бар.

Сондай-ақ, жас мемлекеттік қызметшілер – Асалбек Жұбайхан және Фариза Төлеуова салтанатты түрде ант қабылдады.

Мерекеге орай, мемлекеттік қызметтің жиырмадан астам ардагері де арнайы шақырылған екен. Құрметті жандарға гүл шоқтары ұсынылып, құттықтаулар жолданды.

Салтанатты шараның соңы мерекелік әуенді-сазды бағдарламаға ұласты.

Зура ӨСКЕЕВА, мемлекеттік қызмет ардагері:

– Мемлекеттік қызметте 34 жыл еңбек етіп, өз міндетімді кәсіби деңгейде атқардым. Мемлекеттік қызметтегі ерекше қайраткерлігім үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталып, ел Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталдым. «Білім саласының құрметті қызметкері белгісінің» иегері атандым.

Өзім мемлекеттік қызметкер отбасынан шыққан болатынмын. Қатардағы маман иесінен бастап, қызметте сатылап өсіп, Осакаров ауданы әкімінің аппаратын басқарып, білім бөлімі басшысы қызметіне ауыстым. Елбасымыздың саясатын жергілікті жерде жүргізуші, халық пен билік арасында тығыз байланыс орнатушы, елдің мұң-мұқтажын жеткізуші жауынгер ретінде аянбай еңбек еттім.

Қызметте әріптестерімнен аса зор жауапкершілікті, табандылықты талап етіп, өзіме де қатаң талап қоя білдім. Осындай жетістіктерге жету жолында өз міндетімді кәсіби деңгейде атқарып, еліміздің үлкен жетістіктерге жетуіне, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағынан қуатты дамуына үлес қостым деп айта аламын.

Президентіміз бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге үлкен сенім артып отыр. Әсіресе, жастар үшін мемлекеттік қызметке орналасуға кеңінен жол ашылды. Осының айғағындай менің екі балам мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып жүр. Мемлекеттік қызмет ардагері ретінде, енді жас тәлімгерлердің біліктілігі мен білімін көтеру жолында бар күш-жігерім мен тәжірибемді жұмсайтын боламын.

Зәуреш АХМЕТОВА, «Осакаров ауданы әкімі аппараты» ММ персоналды басқару бөлімінің басшысы:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, еліміз үшін басты мақсат – әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру. Ол үшін Мемлекет басшысы 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамды» жариялады, іске асыру тетігін айқындады. Президент кәсіби мемлекеттік аппарат құруды міндеттеп, ашықтыққа басымдық беруді жүктеді. Бұл ретте, сала мамандарының жалақысы қызмет сапасы мен оң нәтижесіне қарай жоғары болуы керектігі ескерілді.

Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң бойынша мемлекеттік қызметшілер, енді жаңа әдіспен жалақы алып, жас мамандардың сынақтан өту мерзімі үш айдан алты айға дейін ұзартылды. Жаңа Заңда мекеме басшыларына штат қызметкерінің санын қысқарту құқығы берілген.

Жаңа заңнамаларды әзірлеу барысында жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алатын арнайы бөлім құру қажеттілігі де айтылды. Бұл нақты қадам елдің ертеңін ойлау ғана емес, сара жолды дұрыс таңдау арқылы жер жерлерде іске аса бастады.

Мен үшін мемлекеттік қызмет – үлкен абырой, парасат биігінің бастауы. Мен мемлекеттік қызметте 24 жыл қызмет етемін. Осы жылдар арасында елдің абыройын асқақтатып, халық алдындағы міндетімді бірінші орынға қойдым. Өйткені, халықтан биік еш нәрсе жоқ.

 

ОСАКАРОВ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 617
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px