Ашық пікірге қиянат жасамаймыз - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

– Берік Смағамбетұлы, ақпараттық технология ғарыштық жылдамдықпен дамып, күн сайын өзгеріп жатыр. Сіз басқарып отырған ұжым осы тұрғыдағы бәсекеге қаншалықты қабілетті?

– Жалпы, басекелестік ұғымы – шығармашылық ортаның негізгі мазмұны. Алайда, бізде бәсекелестік орта болғанымен, біз – бәсекелес емес, әріптеспіз. Қазақстандық қоғамның өн бойына ұлттық рух сіңіру мақсатындағы ортақ мүддеге ой жұмылдырғандықтан болар, өз басым солай ойлаймын.

Десек те, БАҚ өнімдеріне деген талғам биік болған жерде бәсекелестік болады. Тапсырыс берушінің, мейлі ол билік органы болсын, мейлі коммерциялық құрылым болсын, талабы мен қарапайым халықтың талғамын ұштастыру – аса күрделі процесс. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір телеарна, әрбір газет өзіне бәсекеге қабілеттілік талабын қояды.

Бәсекеге қабілеттіліктің ең басты шарты – мамандардың әлеуеті. Ақпарат кеңістігінде 60 жылға жуық хабар таратып келе жатқан біздің арна (телеарна 1958 жылы 31 тамызда эфирге шыққан. Ред.) бұл талапқа аса жоғары сапалық көрсеткішпен жауап бере алады. Шығармашылық, техникалық, тіпті, қаржы-экономикалық мүмкіндіктерімізді бәсекелестік талаптарына сай қалыптастырдық.

Баршаға мәлім, кез келген ұжымның қуаты мамандар әлеуетімен өлшенеді. Ал, басшылықтың міндеті – қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау. Мәселен, олардың әлеуметтік проблемаларын шешу, лайықты жалақы төлеу, техникалардың кідіріссіз жұмыс істеуі деген секілді талаптарды мезгілінде қамтамасыз етіп отыруға тиіспіз. Яғни, әрбір қызметкер таңертең жұмысқа келе жатқанда, мерекеге келе жатқандай көңіл-күйде болуы керек. Менің басшы ретіндегі басты қағидам – осы. Сонда ғана ұжымның бәсекеге қабілеттілігі артады.

Рас, Қарағанды өңіріндегі медиа-нарық – аса әлеуетті бәсекелестік орта. Біз осы ортада өз орнымызды белгілеп, «Аймақтың басты арнасы» деген атқа лайық қызмет етіп келеміз.

Өткен 2015 жылы облыс әкімдігі масс-медиа арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген екен. Сауалнама қорытындысы бойынша өңірдегі 12 жергілікті телеарналар арасында тұрғындардың 42 пайызы біздің арнаның тұрақты көрермені болып шықты. Мұның өзі біздің бәсекеге қаншалықты қабілетті екенімізге өлшем болса керек.

– Бәрекелді! Енді телеарнаның техникалық базасы туралы сөз қозғасақ...

– Әрине, телеарнаның шығармашылық қуаты – техникалық мүмкіндіктерге тәуелді. Өйткені, біздегі өнім тек қана техниканың күшімен атқарылады.

«Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы мүмкіндігінше ақпараттық технологияның даму үдерісінен кешеуілдеп жатқан жоқ. Мәселен, өткен жылы біздің филиал республикадағы телеарналардың ішінде алғашқылардың бірі болып HD (16:9) сандық форматқа көшуді толық аяқтады. Эфирлік аппарат бөлмесі жаңғыртылды. Эфирді безендіруге арналған HD графикалық станция сатып алынып, толықтай іске қосылды. Бұл дегеніміз – көрермендердің эстетикалық талғамына сай қызмет көрсету эффектісі. Сондай-ақ, біз кассетаға жазу деген ұғымнан біржола арылып, бүгінгі күні «Синеджи» деп аталатын лентасыз жаңа өндіріс жүйесіне көштік. Бұл дегеніміз, ақпаратты көрерменге шұғыл түрде сандық форматта жеткізудің заман ағымына сай техникалық түрдегі жетістігі.

Біз өз-өзімізді қаржыландыру жүйесіндеміз. Бүкіл тапқан табысымыз табанақы маңдай термен келетінін атап өткім келеді. Содан тапқан пайдамызды телеарнаның техникалық базасын нығайтуға жұмсаймыз.

– Өз-өзімізді қаржыландырудамыз демекші, телеарнадағы менеджерлік жүйе қаншалықты деңгейде жолға қойылған?

– Жасыратыны жоқ, бізде менен бастап – ұжымның әрбір мүшесі менеджерміз. Ең әуелі, бізде шығармашылық қуаты мен кәсіби деңгейі мықты команда жасақталған. Жастар – көп. Бәріміз де жаңа заман талабына сай қызмет етуге машықтанып келеміз.

– Басшыдан бастап, қосшыға дейін менеджерге айналудың астарында проблема жатқан жоқ па? Мәселен, мемлекеттік тапсырыс көлемі қанағаттандырмайды деген секілді...

– Мемлекеттік саясатты насихаттауға бөлінетін қаржының көлемін шектеу дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, БАҚ – мемлекеттің идеологиялық қаруы. Ал, бізде қалай? Біздің аймақта Ресейдің, басқа да шетелдік телеарналардың ойын-сауық бағдарламалары мен шытырман оқиғалы фильмдерін ретрансляциялаумен хабар тарату көлемін толтырып отырған коммерциялық телеарналар бар. Мұндай көрсетілімдерге коммерциялық құрылымдар да өз жарнамаларын орналастыруға ықтияр. Сонымен қатар, бұл телеарналар мемлекеттік тапсырыс орындауға да ұмтылуда. Бұл жерде аймақтың басты арнасы ретінде, біздің қызметті монополияға айналдыру керек деген пікірден аулақпын.

Бәсекелестік ортадағы төмен бағаға жасалатын сапасыз өнімнен арылу да оңай емес. Бұл да – нарықтың заңдылығы. Дегенмен, мемлекеттік сатып алу конкурстары кезінде сапа мен мазмұнды ескеретін бір тетік ойлап табу керек.

– «OTAU TV»-дан басқа қандай спутниктік желіде хабар таратасыздар?

– Біз барлық спутниктік және кабельдік теледидар операторлары желілеріне қосылғанбыз. Сандық форматқа көшкелі бері хабар тарату ауқымын кеңейтуге жұмыс жасап келеміз. «ID-tv» желісінде де хабар таратамыз.

– Эфирдегі мемлекеттік тілдің үлесі қанша?

– Заң бойынша елуде-елу талабы қойылғанымен, біздің мемлекеттік тілде хабар тарату көлеміміз эфирдің 70 пайызға жуығын қамтиды. Нақтылайтын болсақ, эфирге шығатын 34 хабардың 20-сы көрерменге қазақ тілінде жол тартады.

– Рахмет! Әлгінде бір сөзіңізде «мамандарымыздың дені – жастар» деп қалдыңыз. «Жасарған телеарна» аға буын қалыптастырған мектеп пен дәстүрден ажырап қалған жоқ па?

– Жоқ. Бізді республикалық деңгейдегі әріптестеріміз «Мамандар ұстаханасы» дейді. Өйткені, бізде қалыптасып, шыңдалған жас мамандарымыздың өзін республикалық телеарналар алып кетеді. Сондай-ақ, құрамымыз жасарды дегенімізбен, біздегі тәжірибелі мамандар әлі сапымызда жүр. Мәселен, директордың орынбасары Жәнібек Садыханов, бас редакторлар Сағат Батырханова, Галина Балбекова, редакторлар Әли Тойжігіт, Әшімхан Жампейісов, Гүлнар Бұхарбаева, аға режиссер Рахима Ысқақова, бас инженер Валерий Амочаев, аға телеоператор Қайрат Әлиев сынды тәжірибелі мамандарымыз – жастар үшін үлкен мектеп.

– Қоғамдық пікір айтуда қаншалықты батылмыз? «Жауырды жаба тоқып» жүрген жоқпыз ба?

– Әрине, негізінен мемлекеттік тапсырыс орындап отырған ресми арна болғандықтан, біздің бағытымыз арзан сенсацияға емес, байсалды пікір, салмақты ойға бағытталған. Дегенмен, ақиқаттың алдында арымыз – таза. «Ойталқы», «Дат», «Тіл – тағдырым», «Сағатпен сұхбат», «Руханият» «Уақыт. Kz» атты тележобаларымызда халықтың көкейінде жүрген толғақты мәселелерді салмақтап жүрміз. Әрбір студия қонағының ашық пікіріне қиянат жасаған кезіміз жоқ.

Мұның сыртында «Шаңырақ», «Шеберхана», «Жансарай», «Арнадым саған...» атты хабарларымыз арқылы ұлттық құндылықтарымыз бен рухани байлығымызды дәріптеп жүрміз. Осы тұрғыдан алғанда, көрермен талғамынан оқшауланған кезіміз жоқ. Тіпті, облыс әкімінен бастап, барлық саладағы атқарушы билік өкілдері қатысатын «Тікелей эфир» хабарында тұрғындар сауалына бүкпесіз жауап алып жүрміз.

– Мамандар біліктілігін арттыру мақсатында қандай шаралар қолға алынды?

– 2015 жылға арналған Меморандумға сәйкес, біздің телеарна 6 қызметкерді қайта даярлау курсына жіберу міндеттелген болса, біз 16 қызметкердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік таптық. Оның ішінде, бір қызметкер халықаралық деңгейдегі курсқа қатысып, Мәскеу қаласынан сертификатпен оралды.

Сонымен қатар, өткен жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ бойынша ұйымдастырылған аттестация біз үшін зор серпіліс әкелді. Осы аттестация негізінде біздің қызметкерлердің жауапкершілігі мен кәсіби машықтануға деген ынтасы артып, жұмыс белсенділігі күшейгендігі байқалды. Екі кезеңде (тестілеу және әңгімелесу) өткізілген сынақ қорытындысы бойынша біздің қызметкерлер 82 пайыз біліктілік деңгейін көрсетті.

– Аймағымызда бір ғана оқу орнында – Қарағанды мемлекеттік университетінде ғана журналист мамандар даярланып жатыр. Аталмыш оқу орнындағы журналистика кафедрасымен шығармашылық байланыстарыңыз бар ма?

– Бар, әрине. Біз – ҚарМУ-дегі журналистика кафедрасының машықтану зертханасы функциясын атқарып келеміз. Студенттер бізден өндірістік тәжірибеден өтеді, үйретеміз, машықтандырамыз. Оның үстіне, соңғы 4-5 жылда мен кафедраның шақыруымен мемлекеттік сынақ комиссиясына төрағалық жасап жүрмін. Жанары мен жүрегінде оты бар жастарды телеарнаға жұмысқа алып та жүрміз. Қазіргі ұжымның дені – ҚарМУ түлектері.

– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Кәсіби мереке құтты болсын!

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 800
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px