Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.11.2017
Иә, Құдіреті күшті Алла бәріне де жер бетіне жетер ырыс пен баспана берді. Құс ұясында, құмырсқа илеуінде, ара омартасында, адам отбасында жетіліп, құдайдың берген нәсіп-нәпақасын жеп келеді. Біз журналистер кө­біне «қиырдан шалғанды» жақсы көреміз, танауымыздың астындағы тағдыр бізге таңсық емес. Қабақтағыны қалт жібер­мейтін басым, жұмысына қабілетті ақбас азаматтың қал жағдайын сұрасудан бас­талған. «Е, бауырым не дейін? Міне, біздің жағдай бес жыл болды сабылғаныма, еш нә­тиже жоқ. Шаршадым...»,–деп қолындағы екі бүктелген қос парақты маған ұсынды. Ол Қарағанды қаласындағы «Қа­зақстан-Қарағанды» телеар­насы гаражының тұрғыны, Ау­ған соғысының ардагері, Аман­гелді Әбішевтің парламент де­путаты Мұқтар Тіне­кеевке жаз­ған өтініші екен. Хат былай басталыпты:
«Құрметті   Тінекеев          Мұ­қ­тар мырза. Мен Аман­гелді Әбі­шев 1963 жылы Қар­қар­алы ауданы Көктас ау­лында  дүниеге келдім. 1982-84 жылдары мен аза­маттық  борышымды өтеу үшін (АДР) Ауғанстан же­рін­де болып қайттым. 1984 жел­тоқсанында қайтатын мені, 1985 жылдың ақпан айы­на де­йін «орныңа келетін азамат әлі жоқ» де­ген желеумен «сорлы» соғыстың соқпағын со­зып, сонда қалдырып қойды. Әйтеуір әкемнің сол кездегі Қор­ғаныс министрі Устиновке бірнеше рет хат жолдауымен елге қайтарды». Енді хат­пен емес, көңілімдегі сол хаттан қорытқан ойларыммен жалғастырсам әңгімені. Ақ­тамберді жыраудың кезінде «Құ­рулы мылтыққа жолықтыр, құрсаулы жауға жолықтыр» емес, онда басты мұрат арт­тағы ел мен жердің тағдыры еді. Ал Аужекеңдер бастан өт­кер­ген сол сұрапыл Ұлттың емес, жалған ұранның ұр да жық саясаты болатын. Кеңестік кезеңнің соңғы он жылдығында Андроповтан кейін келген Чер­ненко осы боздақтарды ар­да­герлер қатарына қосып кет­кен еді.  Егемендік алғалы жер жерде Ертаев мырзадай ержүрек ағаларымыз бас­тама көтеріп, арнайы жеңілдіктер жасалғандай болатын. Дегенмен, бұл жағдайлар әлі де өз мәнінде қолға алынбай жатыр. Аласапыран борыштан әкесінің арқасында босап келген Амангелді ата-анасына көмектесіп, ауылда ор­нығады. Шаруашылыққа бел шешіп кірісіп,  оқуды да кейінге ысырған. Қайдан оқысын, бауырлары жас, кейін  анасы бақиға аттанып, сегіз бауырымен сол Көктас аулында қалады. Қазір Амангелді ардагердің үш баласы бар, біреуі студент, екеуі кәмелеттік жасқа тол­маған. Аужекең Қарағанды қа­ла­сындағы «Қазақстан» РТРК АҚ облыстық филиалында 2006 жылдан бері автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін пәтер  алу мақсатында үш мәр­те құжат жинап тапсырыпты. Екі ретінде жоғалып, үшіншісінде әйтеуір әупірімдеп жүріп тіркеуге қойылған.  Бірақ, кезектің жылжитын түрі көрінбейді. Қарағанды қа­ласы Октябрь ауданының әкіміне Ауғанстанда әскери борышын өте­гені жайында арыз берілген. Алайда, бұл арызға ешкім құлақ түрмей, кейін жазған қағазы ұшты-күйлі жоғалып кетті. Дегенмен, әділдікке қолы жетпеген қайран әке туған-туыс, бала-шағасынан ұялып, әр­кімге өтініш жазып көмек сұрауға мәжбүр. «Ұялатын себебім, 2006 жылдан бері осы Қарағанды қа­ласында жұмыс істейтін мекеменің автокөлік қоятын гаражында түнеп жүрмін. Ту­ған-туыс, ағайын-жекжат бол­ғанымен, азамат басыммен әр үйге бір қонақтап жүре алмайтыным белгілі. Қазіргі жағдайда оған азаматтық арым да жібермейді, жанұямды да асырау керек. Өткен жылы ақпан айында облыс әкімінің тіркеуінде болдым. Оның орынбасары Хасенов деген мырза жағдайымды шешіп беремін деп жылы сөзбен шығарып салды. Одан да еш қайыр болмады...», –дейді ардагер таусылып.
Міне, ол кешегі кеңестік партияның пәрменімен Памир асып, пуштундерден олжа қалап бармаған еді. Жараланбай аман жеткені ата-анасының көз жасы мен балаларының ырзығы шығар. Жастықтың жалынымен жат жердің шоғына шынығып қайтқан қандас бауырларымыз  қаншама. Бұл мұ­ны­мен бітпейтін базына. Бір қызығы Жеңіс күні жақындағанда кеудесі медальге толы ардагер іздеп әуреге түсеміз. Қазір ол ақсақалдар азайған соң тыл ардагерлерін де әңгімеге тартатын болдық. Бәрі  жас ұрпаққа үлгі етерлік үрдіс. Соғыс жалпы саяси сипат алғанымен, жан алып – жан берісіп келген жа­уынгерді сый-сияпатпен алдай ал­майсың. Интернационалдық бо­­­рыш деп кеңестік идеология ит таластырғандай қылды. Мұрат-мақ­саты бір болып, құбылаға қол жайған мұсылмандарды бір-біріне қарсы қойып, бірін мүсәпір, бірін міскін, бірін мұжыққа айналдырып жіберді. Енді, міне, мұқтаждық та мұңға мұрындық.  «Ел шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз», – деген екен, қазақтың қабырғалы биі Қаздауысты Қазыбек бабамыз, қазір Амангелді азамат үмітіне үкі таққалы қашан?! Қа­рағандыда бабасы Қазыбек би атында  орталық аудан бар. Тасыр­лықтың кесірінен тас пана­лаған Мәдидің атында облыста бір ауыл бар. Қасымға қалада елеулі жерден ескерткіш қойып, бір көшеге атын бердік. Ал, жерлес бауырымыз жерге қарап отыр. Мінбедегілер міндеттемелерді мін­сіз оқиды.  Сонда «Бермесең бермей ақ қой баспанаңды, бәрібір тастамаймын бос гаражды», – деп Амангелді Әбішев ардагер гараждың жылуына телміріп қашан­ғы отыра бермек.

Руслан НҰРБАЙ.

Қарағанды.
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 812
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1188
count 88x31px