Би биігін бағындырған - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Би биігін бағындырған
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Кеншілер қаласы Сәтбаевтың мәдениет пен өнердегі өзіндік орны мен өрелі істері  айтарлықтай. Солардың қатарында Балалар өнер мектебінің өркен жайған жетістіктері бір төбе. Мұнда, әсіресе, мың бұралған би иіріміне икемді балғындар баршылық.

Өнер мектебі жанынан 2000 жылы хореограф Наталья Бараковскийдің қолға алуымен балалардың би тобы құрылған еді. Аз уақыттың ішінде шағын топ жас бишілердің «Алақай» атты ансамбліне айналып, оның қатарына келушілер көбейе бастады. Би ұжымы біртіндеп өнерімен қала жұртшылығына танылып, 2008 жылы «Алақай» үлгілі хореографиялық ансамблі атағына ие болды. Ансамбль құрамындағы бишілер өнер мектебінде және қаланың жалпы орта мектептерінде оқитын 10-17 жас аралығындағы оқушылардан құралған. Қазірде ансамбльдегі 100-ден аса бала жас деңгейлеріне қарай үш топ бойынша қатысып, би өнерінің сиқырлы иіріміне бойлай түсуде. Ансамбльге 2010 жылдан бері хореограф, қазақ ұлттық биінің маманы Гүлнария Таева жетекшілік жасап келеді. Содан бастап балалар биі қанатын кеңге жая түсуде. Осының айғағы болар, «Алақайдың» балғын өнерпаздары кейінгі бес-алты жылдың ішінде би биігін бағындырғанын дәлелдеп, талай дүбірлі додадан мерейлі жетістіктермен оралып жүр.
«Алақай» ансамблі еліміздегі «Ақ көгершін», «Күншуақ» байқауларын айтпағанда, түрлі халықаралық фестивальдар төрінен көрініп өнерімен өрге жүзуде. Солардың бір парасын атап өтер болсақ, сәтбаевтық жас бишілер ұжымы 2014 жылы Парижде өткен «Париж аспаны астында» атты VIII Халықаралық фестиваль-конкурста және Сочидағы Бүкілресейлік ұлттық фестиваль байқауында бірінші дәрежелі дипломмен марапатталып, лауреат атанды. Сол жылы «Алақай» Испаниядағы Халық­аралық фестивальда екінші орынды иемденсе, 2015 жылы Стамбулдағы «Тюрк Дюньясы» Халықаралық фестиваль-конкурсында алтын медальға лайықты болды. Облыс, республика деңгейіндегі жетістіктері де бір төбе. Өткен жылы Астанадағы «Феерия» халықаралық фестивалінде Гран-при жүлдесін қанжығаға байлады. Хореография өнері сынға түскен сайыстан бос қайтқан кезі жоқ. Ансамбль биылдың өзінде Алматыда өткен «Экзерсис» халықаралық фестивалінде бірінші орынды еншілесе, Қарағандыда болған «Мартищор-2016» румын фольклоры фестивалінің лауреаты атанды.
    Сәтбаевта негізінде би өнері ертеден қанат жайған. Оған бір кездері осындағы мәдени-ағарту училищесінде хореограф мамандарын бүкіл Жезқазған аймағына дайындауы да өз әсерін тигізсе керек. «Алақай» ансамблінің жетекшісі Гүлнария Дәукенқызы да осы училищенің 1984 жылғы түлегі. Ол 9 жасынан бастап би билеп, сиқырлы өнер қонған жан. Орта мектепте оқып жүрген кезінің өзінде кеншілер қаласындағы «Арман» ансамблінде, кейіннен «Ұлытау» халық ансамблінде биші ретінде өнер көрсетті. Мәдени-ағарту училищесін бітірген соң «Арман» ансамблінің жетекшісі болды. Бүкілодақтық көркем­өнерпаздардың халық шығармашылығы байқауының екі мәрте лауреаты атанып, ТМД елдері деңгейіндегі көптеген өнер байқауларында жүлдегер болған өнерпаз. Ол 1995 жылдан бері Өнер мектебінің хореография бөлімінде сабақ беріп, жас таланттарды би өнеріне баулуға лайықты үлесін қоса білуде.
– Өнер мектебінде оқушылар әр сала бойынша 7 жыл бойы білім алады. Солардың арасындағы биге бейім балалардың басын қосып, ансамбль құрылған болатын. Биге қатысты сабақтар оқу жоспарына сай ырғақ, қазақ билері, классикалық және халық билері, бальдық би мен акробатика бойынша жүргізіледі. Ксения Гарник, Александра Русанова, Қарлығаш Джандилова, Татьяна Карунту сынды тәжірибелі педагог-хореографтар сабақ береді. Ансамбль жетістігіндегі олардың еңбегі зор. Бишілер өнерін айшықты да мазмұнды композициялармен ажарлау мақсатында ұдайы ізденіп, қол жеткен жетістігімізді жетілдіріп отыруға күш саламыз,–дейді ансамбль жетекшісі, би маманы Гүлнария Таева.
«Алақай» үлгілі хореографиялық ансамблі бүгінде қаланың барлық мәдени іс-шараларына белсене атсалысады. Өнер ұжымының репертуары бай да мазмұнды. Қазақ билері «Бипыл», «Қосбасар», «Назқоңырдан» бастап, орыс, өзбек, украин, белорус, болгар сияқты әртүрлі ұлттардың билері мол. Жақында өнер ұжымы үш жылда бір рет бекітіп отыратын «Үлгілі би ансамблі» атағын құзырлы комиссия алдында сәтімен қорғап шықты.  Өнерімен өрге жүзіп, би иірімімен биіктерді бағындырған «Алақай» бишілері қазірде Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жаңа бағдарламаларын әзірлеуде.

СӘТБАЕВ қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 311
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px