Дос құшақтар қауышып... - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Дос құшақтар қауышып...
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»
Сейсенбіде Алғыс айту күніне орай, М.Әуезов атындағы қалалық кітапханада «Халық арасындағы достық бұзылмасын» атты онлайн түріндегі кездесу өтті. Бұл ретте, барлық ұлттың бір-біріне және кезінде өздерін қабылдап, жанашырлық танытқан қазақ халқына алғыс айту күні екені ескерілді.
Бейбітшілік пен келісімге бастаған онлайн көрсетілім түріндегі жиынға Қостанай және Қазан қаласы достық үйінің қызметкерлері қатысты. Алғашқы сөзді алған Набережные Челны қаласы кітапханасының қызметкерлері онлайн көрсетілімде:  «Қазақстан – достық пен ұлы даналық жайлаған көпұлтты ел. Көптеген халықтардың бір шаңырақ астында ауызбіршілікте өмір сүруінің өзі – татулығы мен ынтымағы жарасқандықтың белгісі. Көршілес аймақтармен жүрген келісім, орнаған ынтымақтастықтың арқасында дәстүр сақталып, игі істер атқарылуда. Бұл – түрлі этно-мәдени бірлестік өкілдерінің қазақ еліне деген шексіз ризашылығының белгісі» деді.
Шара барысында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Ерлан Құсайын: «Елдің ынтымағы үшін атқарылған істердің негізі – әр шаңырақтан басталуы тиіс. Қоғамда орын алған өзгерістерге саналы түрде пікір білдіріп, өзара татулықты сақтасақ, ынтымағымыз жарасады» деді.
Сондай-ақ, жиында ҚММУ тарих кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Құдайберген Темірғалиев, Қарағанды облыстық татар-башқұрт бірлескен «Ихлас» орталығының өкілі Анвар Керейбаев, қытай ұлтының өкілі Ян Де Си, жергілікті ақын Ирина Воробьева және Дастан Көшербаев қатысты.
Кездесуде Қарағанды гумани­тарлық колледжінің студенттері және мектеп оқушылары ұлт өкілдеріне көкейде жүрген сауалдарын қойды. Жылы сөз, қайырымды іс жөніндегі ойларымен бөліскен Қарағанды об­лысының татар-башқұрт бірлескен «Ихлас» орталығының өкілі Анвар Керейбаев: «Адам алғыс пен ри­зашылықты естіген сайын, жақсы­лық жасағысы келіп тұрады. Әрбір адам жасалған игі іс үшін – бір-біріне ал­ғыс айтқаны жөн» екенін баса айтты.
Кітапхана қызметкері «Халық ар­а­сындағы достық бұзылмасын» атты кітап қөрмесін қонақтар назарына ұсынды. Бұл ретте,  шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлайым Жылтыбаева және кітапханашы Мәрзия Сайфулинаны ерекше атап өткен жөн.
Қорытынды бейнекөрсетілімде кеш қонақтары Қостанай және Қазан қаласында тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерімен танысып, болашақта ір­гелі байланыс орнатуға ықылас  танытты.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 464
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px