Есептік концерт – ел мерейіне - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Қазақстан Республикасының 25 жылдығы аясында Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің есеп беру концерті «Шалқыма» концерт залында өтті.

Тәттімбет атындағы өнер колледжін қара көз қауымға, оның ішінде, қарағандылықтарға таныстырып жату – артықтау болар, әрине. Бүгінде атақты дәтүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбеков басшылық етіп отырған өнер ордасының облысымызда алатын орны ерекше. Биыл осымен 60-шы рет 19 мамандық бойынша өнер саласының кәсіби мамандарын түлетіп отыр. Облыстағы оркестр, театр, би ұжымдары, музыка мен өнер мектептері, кітапханалар жылда осы колледжден түлеген кәсіби мамандармен қамтамасыз етіліп келеді. Студенттері республикалық байқауларда, қала берді, халықаралық өнер сайыстарында еліміздің намысын қорғап, жұртымыздың мақтанышына айналып жүргені өз алдына бөлек әңгіме. Колледж түлектері Қазақстанның, сондай-ақ, таяу және алыс шетелдердің жоғарғы оқу орындарына түсіп, білімдерін жетілдіріп келіп жатқан жайы тағы бар. Осындай білім ошағының есептік концерті осал өтсін бе?! «Шалқыма» концерт залын күй кернеп, ән тербеді. Көрермендерге керемет әсер сыйлады өнерпаздар.

Салтанатты кеш қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы Тәттімбеттің аты аңызға айналған «Сарыжайлау» және Құрманғазының «Сарыарқа» күйлерімен ашылды. Екі бірдей күй атасының туған жер, ата қонысқа деген ыстық махаббаты, сүйіспеншілік сезімдері бүгінде қазақ халқының жүрегінде. Қай-қайдағыны қозғайды. Зал қыз-қыз қайнайды сондығынан. Оркестр ойнауындағы қос шығарманың дирижері – ауаға әуеннен сурет салып, саз қашаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбуғалисын Шоқанбаев. Қолын бұлғай салып, денесін теңсеп келіп жібергенде, тереңнен толқып келген үн залды кернеп барып дамылдайды. Үзіліп қалардай үн үздіктіріп, қайран қылады.

Қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасына» «Кең дала» хоры қосылғаны – сахнаны, тіпті, айбарландырып жіберді. Концерт Ән салу бөлімінің 4 курс оқушысы Айбек Рымғали салған Біржан Салдың «Айтбай» әнімен жалғасып, «Халық биі» бөлімінің оқушыларынан құралған «Аққу» би ансамблі орындаған «Салтанат» биіне ұласты. А.Пьяцолланың «Танго» шығармашылығын Ішекті аспаптар бөлімінің дуэті және А.Гурилевтің «Песнь ямщикасын» Айдын Ырысбай нақышына келтірді. Орыс халқының «Топотушки» биін Хореография бөлімінің 3 курс оқушылары биледі. Колледждің  4 курс оқушыларының домбырашылар ансамблі көрермендерге Қаршыға Ахмедияровтың «Нұрғиса» күйін тарту етті. Үрмелі және соқпалы аспаптар бөлімінің оқушысы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Маргарита Канашкина Ритердің «Вальс» композициясын орындаса, 2 курс оқушысы Гаухар Елубаева «Этюд До – диез минор» атты классикалық әуенін орындап, қонақтарды таң қалдырды. Сондай-ақ, концерт барысында «Кең дала» хоры бірнеше музыкалық шығармалар орындады. Шығармалар қатарында С.Сейфуллиннің «Тау ішіндесі», Түркмен халық әні «Бибиджан», Д.Тухмановтың «Как прекрасен этот мир» әні бар. Кеш Ксилофон және оркестрге арналған Д.Вольфтың «Артист цирка» пьесасымен аяқталды.

Әйгерім НҰРТАЗА,

ҚарМУ-дың ІІ курс студенті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 308
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px