Ізетті істер легі - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ізетті істер легі
Алғыс айту мәдениетін дәріптейтін мейрам ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтілді. Ізгі пейіл мен мейірімге толы күнді жаңаарқалықтар да ерекше көңіл-күймен қарсы алып, ауқымды шаралардың куәгері болды. Дәл сол күні аудан орталығында жаңа дәмхана ашылып, халыққа қызмет көрсету нысанының лентасы салтанатты түрде қиылды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Талғат Текебаев пен Клара Төлеуованың иелігіндегі дәмхананың ашылу салтанатына аудан әкімі Ғабдрахман Омаров, еңбек ардагерлері, мекеме-кәсіпорындар басшылары және жалпы жұртшылық қатысты. Салтанатты рәсімде қалың елді мейірімділік пен ізгілік мерекесі – Алғыс айту күнімен  құттықтаған Ғабдрахман Игілікұлы кәсіпкерліктің дамуы нәсіптің молая түсуіне дәнекерлік етерін атап өтті.
– Көктемнің алғашқы күніне дөп түскен ғажайып мерекеге орай, көңілдерге нұр-шуақ ұялаған сәтте біз жаңа кәсіпкерлік нысанының ашылу салтанатында бас қосып тұрмыз. Заманауи үлгідегі бұл нысан халықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, оларға қолжетімді бағамен сапалы қызмет көрсетуді көздеп отыр. Елді еңселендіретін, әлеуметтік әлеуетін жақсартып, экономиканың қарышты қадам басуына оң ықпалын тигізетін шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселесі – мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие. Елбасының тікелей тапсырмасымен нәсібін кәсібінен тауып отырған іскер жандарға түрлі жеңілдіктер жасалуда. Жыл сайын бірнеше жаңа нысан іске қосылып, халық игілігіне берілуде. Соның бәрі мемлекет саясатының жетістігі, еліміздегі тыныштық пен бейбіт күннің жарқын көрінісі, – деді ол.
Одан кейін құттықтау лебізін еңбек ардагері Байдәулет Мырзашев ұтымды жалғастырды.  Аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының ән-шашулары жарасымды рәсімді әрлей түсті.Жаңа нысанның  лентасын аудан әкімі Ғабрахман Омаров, аудандық мәслихат хатшысы Марат Әбдішев, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғалым Төтеев, ауданның құрметті азаматтары Лидия Посохина мен Хамзе Сәтжанов қиды.
Алғыс айту күні мен нысанның ашылу құрметіне кең пейілмен жайылған дастарханнан еңбек ардагерлері, әртүрлі ұлт өкілдері, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының мүшелері дәм татты.
Сол күні жұртшылықты тәнті еткен тағы бір тағылымды шара – аудандық мәдениет үйі мен жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Ғажайып мереке» атты концерттік бағдарлама. Бұдан өзге де өткерілген өнегелі әрі ізетті істердің легі көпшіліктің көңіліне қонымды болды.

ЖАҢААРҚА ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 262
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px