Көргенімізді көңілге түйдік - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Көргенімізді  көңілге түйдік
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Жуырда Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Шахтер» КМҚК ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қарағанды облысының 80 жылдығына арналған «Четвертая стена» атты балалар мен жастар театрлық ұжымдары шығармашылығының ІІІ ашық фестиваль-байқауы өткізілді.
Осымен үшінші мәрте шымылдығын түрген шырайлы шараның басты мақсаты – балалар мен жастардың театрлық шығармашылығын дамыту. Ал, қатысушылар – 3-20 жас аралығындағы балалар мен жастардың әуесқой ұжымдары.
Дәстүрге айналған фестиваль-байқаудың танымдылығы да жыл санап жаңғырып келеді. Ең бастысы – сахнаның киесі мен қадірін кетірмеуде. Керісінше, жас та болса бас болып, бойларындағы өнер ұшқынын актерлік шеберлік пен сахнадағы жұмыс дағдылары арқылы беруде. Сонымен бірге, ұсынылған спектакльдердің жанрлық диапазоны да кеңейіп келеді. Драмалық қойылымдар мен қуыршақтар спектакльдерінен өзге 2 мюзикл ұсынылғаны – соның дәлелі. Біреуі – ағылшын тілінде.
Көргенімізді көңілге түйдік. Байқауға қатысуға Қарағанды, Жезқазған, Шахтинск қалалары мен Қарқаралы ауданының Тоқтар, Жарлы ауылдарынан барлығы 100-ден аса өнерпаз ниет білдіріпті. Жүрегі жараланып, көңілі күптеніп үлгермеген балақайлар. Қай образды сомдаса да, бар болмысымен, шынайы ықыласымен жеткізеді. Мұндайда, балаға төреші болғаннан қиыны жоқ болар. «Берсең, балаға бер» демекші, барлығына бірдей бас жүлдені үлістіріп бергің-ақ келеді. Дегенмен, бәйгенің аты – бәйге. Бағынан бұрын, бабы сыналады. Бұл жолы да солай болды.
Тақырыптың өзектілігі мен спектакльдің көркем әрі музыкалық рәсімделуіне, қатысушылардың актерлік шеберлігіне, сахна ортасы мен жабдықтарды пайдалануына, киген костюмдеріне ерекше назар салған қазылар алқасы «Көркем сөз» номинациясында кіші жас ерекшелігі бойынша 1-орынды Қарқаралы ауданының Тоқтар ауылынан келген №6 орта мектебінің оқушысы Ақерке Ыбырайханға, орта жас ерекшелігі бойынша 1-орынды осы мектептің оқушысы Толқын Тұрысқанқызына, ересек жас ерекшелігі бойынша 1-орынды Қарағанды қаласының «Мирас» балалар мен жасөспірімдер клубының мүшесі Александр Швецовке, ал,  бас жүлдені осы «Мирас» клубының әртісі Юлия Тыртышнаяға ұсынды.  «Театрлық өнер» номинациясы бойынша бас жүлде «Мирас» балалар мен         жасөспірімдер клубының «Образ» театрлық студиясына берілді. Бұдан өзге, «Үздік қуыршақтар спектаклі» номинациясын Қарқаралы қаласының балалар мен жасөспірімдер орталығының «Ер Тарғын» қуыршақтар театры, «Үздік драмалық спектакль» номинациясын «Мирас» клубының «Образ» театрлық студиясы, «Үздік музыкалық спектакль» номинациясын Қарағанды қаласының «Невзрослые» мюзикл студиясы еншіледі.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 155
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px