Көшбасшы әйелдерге – құрмет
Жұлдыз ТОЙБЕК,
«Орталық Қазақстан»
Бүгінгі таңда әйел бағындырмаған белес жоқ. Қазіргі әйелдер – білімді, зиялы, іскер, бір сөзбен айтқанда – «сегіз қырлы, бір сырлы». Олар күнделікті күнкөріс қамымен өзі, болмаса, бала-шағасы үшін ғана еңбек етіп жүрген жоқ, еліміздің өркендеуіне де мол үлесін қосып келеді.
Халықаралық әйелдер күні Кеншілер мәдениет сарайының ұжымы облысымызға, республикамызға белгілі, еңбегімен елеулі, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген бір топ әйел-аналардың басын қосты. Қадірлі меймандардың қатарында Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының актрисасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Асылзада Ахметқалиева, «Нұр Әсем» сән үйінің басшысы Венера Исина, әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Кама Шұғайыпова, №39 мектеп-гимназиясы орыс тілі пәні мұғалімі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Бақыт Ақбаева, дәрігер-онколог, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Найля Әмірбекқызы, «Нәтиже» компаниясының HR менеджері Жанар Смайылова, Ішкі істер департаменті ақпараттық-аналитикалық орталығы бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Ғалия Әбілдина қатысты.
Олардың өмірі мен өнері, еңбек жолдары слайд арқылы көрермендердің назарына ұсынылды. Өз ісінің майталмандары-көрерменге еңбек жолдары, өсу, толысу баспалдақтарынан өту кезеңінде басынан кешкен қызықты да қиын сәттерді тартымды әңгімелеп берді. Қоғамдағы әртүрлі сала мамандарының атқаратын қызметінің өз қиындығы бар. «Нұр Әсем» сән үйінің басшысы Венера Исина қазақтың ұлттық киімдерін түрлі нақышта тігіп, ел мойындаған сән үйінің басшысына айналса, ұстаз Бақыт Ақбаева 30 жыл ұстаздық қызмет етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосты. Дәрігер-онколог Нейля Әмірбекқызы сырқаттармен арпалысып, қаншама адам жанының арашашысы болды. Полиция майоры Ғалия Әбілдина – нәзіктігіне қарамастан темірдей тәртіптің иесі. Әнші Кама Шұғайыпова мен әртіс Асылзада Ахметқалиеваны өнерсүйер қауым ерекше құрметтейді.
Есімі аталған жандар қоғамның белді азаматшалары ғана емес, отбасының берекесі, аяулы ана, асыл жар, мейірімді әже. Еңбегімен ел аузында жүрген мұндай әйел-аналар қандай құрметке болсын лайық.
Кеште қарағандылық жас өнерпаздар Ерболат Махамбет, Нұрболат Еренғайып, Балауса Әбдуалиева және балғындар вокал тобының жеткіншектері ән шырқап, мерекенің көрігін қыздырды.
Кеш соңында Кеншілер мәдениет сарайының директоры Жаролла Ақышев құттықтау сөз сөйлеп, меймандарға гүл шоғын табыс етті.

