Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 27.04.2018

«Театрлар Меккесі» – Қарағандыда

Тектіден текті туады. Аталмыш қойылымды сахналаған талантты режиссер – Теміржан Жанботаев. Халық әртісі Досжанның өнер аламанына үкілеп қосқан тұлпары.

Тарихи тағылымы мол туындының премьерасындағы сахнаның безендірілуі, әртістердің образ ашу шеберлігі, режиссердің креативті көркем шешімі көпшіліктің көкірегіне ұлттық рухтың шырағын жақты. Декорация, жарық, әуен, әртістердің киімі сол ғасырдың суретін көз алдымызға әкелді. Жезқазған театрының ұжымы қойылымды екі ай көлемінде дайындап шыққан.

Кейкінің образын ашу үшін режиссер де Кейкі сияқты буырқанған ұлттық рухтың ұраншысы болуы керек. Теміржан – театрдың Кейкісі екен. Тек даңқты бабаның тағдырын емес, талантын берсін!

Кейкі бейнесін келбеті келісті актер Кенжетай Әбілдин, Ақжан жар бейнесін Мируана Жанботаева сомдады. Сондай-ақ, спектакльде ҚР Мәдениет қайраткерлері Е.Бәйдешев, Б.Ибраев, Д.Кенжеев, әртістер Ж.Бірмұханов, Б.Әлкенова, Ж.Арыстамбеков, А.Жарқынбеков ойнады. Кейкінің інісі Шұбарды сомдаған сом тұлғалы Ардақ Жарқынбеков көпшіліктің көңілінен шыққанын айтуымыз керек.

Ұлттық рухты көтеріп, жастарға берер тәлімі мол туынды тарихтың біраз шындығын ашып берді.

Ойлы көрермендерден қойылымға қатысты пікір сұрадық.

Алаштың айтулы ақыны Серік Ақсұңқарұлы: «Біздің руханият Теміржан Жанботаевтай талантты жас режиссерлерге зәру. Оның ерекшелігі неде? Ұлттық уызға жарығандығында. Асфальтта емес, шаңы шұбаған қара жолда өскендігі. Мен бұл режиссерден әлі кесек дүниелер күтемін» деді.

Рас. Кейкі, Әбдіғаппар, Оспан сынды азу тісін ақситқан арландар жайлы аңыз бен жырға қанып өскен мұндай өнер иелері аман жүргей.

Қойылым соңында шығарма авторына әкім құрмет көрсетіп, иығына шапап жауып, сый-сияпат жасады.

Бас туралы тәмсіл

Ғылыми жиналыстардың бірінде Кеңес империясының екі алып ғалымы – Капица мен Лысенко фойеде кездесіп қалады. Капица Лысенкомен жылы ұшырай амандасып, оны Лысенконың теориясы қатты қызықтырғанын және кейбір тұстарын нақтылағысы келетінін айтады.

«Менің түсінуімше егер, сіздің теорияңызға сүйенсек, егер, жүздеген жылдар бойы ұрғашы бұзау мен еркек бұзаудың құлағын кесіп отырсақ, және жаңағы шұнақ құлақты сиырлардан ұрпақ алып, ол ұрпақтың да құлағын кесіп отырсақ, шұнақ құлақты, кейін тіпті, жүздеген жылдардан кейін құлақсыз бұзаулар туа бастайтыны рас па?»,– деп сұрайды.

«Иә», – деп жауап береді Лысенко...

***

Қызыл әскер Кейкінің басын Торғай қаласының орталығындағы бағана басына 7 күн іліп қойған деседі... Ол басты кейін Д.Букинич деген біреу Санкт-Петербургтің Антропология және этнография мұражайына тапсырған. Оны соңғы рет осында сақталған 60 мың бастың бірі, 3383-ші нөмірмен тұрғанын Тұрсын Жұртбай көрген.

Хан Кененің басын қырғыздар шапты демесеңіз, тапсырыс беруші – «Үлкен үй». Қараойда да Махамбет ақынның басы сол «Үлкен үйдің» айтағынан домалады.

Әлихан, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Жүсіпбектердің де басы сол «қанды машинаның» қанжығасында кетті.

Қайраттың басы тағы сол «суық қолдың» салалы саусақтарында шашынан сығымдалып кете барды...

Хан Кененің тек басы ғана кеткен жоқ! Бастың ішіндегі өткір тіл, қырағы көз, жіті құлақ, зейін, ми, сана қоса жөнелді жаттың мұражайына!

Оңтүстік Американың зиялыларын ақ нәсілділер қаншама ғасыр не үшін қырып келді? Қасқырды баққан пенде жоқ. Қойды ит де қайыра алады. Шындығында сүттің бетке шыққан қаймағын қалқып алған!

«Бас-басына би болған өңкей қиқым...»

Бассыз ұрпақ туды, солай!

***

Алаштың дулығасымен қоса домалаған Кейкінің басы кейінгі бір ұрпақтың иығына міндетті түрде қонатындығына сенемін. Баспен туған баланың анасы бағзы заманда өткен Томирис патшайымның ерлігін айтып, қанқұмар Кирдің басын меске салған тәмсілді сол ұлға жаттатып отырады әлі!

Хош!

 

Оқшау ой

Менің ішкі түйсігім «басты кейіпкер Кейкі емес» дейді. Басты кейіпкер Кейкі батырдың қойнына кірген сұр жылан, қызыл әскердің жансызы еді. Аты есімде жоқ! «Қазақты бірін-біріне айдап салу керек» дейді сол жансыз Кейкінің басын ұстап тұрып. Сол замана келбеті әлі өзгере қойған жоқ!.. Өзінің жеке пікірі бар адамды қоғам қашан да иттің етінен жек көреді. Қорқаулардың бірігіп кетуінің себебі – өзіндік ой-пікірдің жоқтығы.

Кейкінің кейпі – Көкбөрі!

 

Суреттерді түсірген автор.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 581
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1227
count 88x31px