Мұрагері адал – Мұзарт жыр - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Қасымды туған топырақ Мұқағалиды қалай жатсынсын?! Арқа жұрты Алатаудан қанат қағып, алты Алашқа қазақы қара өлеңнің құдіретін танытқан Мұқағалиды төбесіне көтеріп, төріне оздырғалы қашан. Естеріңізде ме, қазақ жырының қайсар рухына айналған Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы тойланғанда қасиетті Қарқаралының кіреберісіне қос қыранның – Қасым мен Мұқағалидың суретін қатар іліп, елдіктің еңселі үлгісін танытқан. Осы бір игі дәстүр қашан да жалғасын тауып келеді. Сәкен театрының кең залынан ине шаншар жер қалдырмай жиналып, рухани ләззатқа кенелген жырсүйер қауым ақынды ардақтаудың, ұлыларды ұлықтаудың тамаша үлгісіне тәнті болды сол күні. Мәртебелі мәдениет басқармасы жоспарына енгізіп, сауын айтып, салтанат құрса да, мұндай деңгейде өтер ме еді?! Кім білсін... Сондықтан да, сапалы біліммен қатар, рухани тәрбиені бірінші кезекке қоя білген «Болашақ» колледжінің басшылығына риза болып тарқастық. Шыны керек, бас-аяғы жинақы, мазмұны – бай, маңызы – орасан кештің соңы болмаса екен, тіпті, созыла түссе екен деп құнығып отырдық.

Сонымен... Ақын кешінің тізгіні – ақын қолында. Иә, кешті колледж ұстазы, ақын, М.Мақатаев, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтардың иегері Ілияс Мұқай жүргізді. Қасымды пір тұтып, рухани ұстазына балаған Мұқағали ақынның қазақ әдебиетіндегі орнына ешкімнің таласы жоқ. «Күпі киген қазақтың қара өлеңіне» өзгеше түр, өшпес бояу беріп, шекпен жапқан Мұқағалидың өз үнімен басталды кеш. Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» «Есіңе мені алғайсың» атты өлеңінің аудио көшірмесі Мұқаң тіріліп келгендей әсер сыйлады көпшілікке.

Не керек, кеш барысында орындалған ән де, оқылған өлең де – Мұқаңның мұқалмас мұрасы. Ал, кештің маңызы – мұрагерлерінің адалдығында. Колледж студенттері ақынның тақырыптық топтамаларын нақышына келтіре оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді қарағандылық әншілер Дана Мақшонова, Дәуренбек Әркенов, колледж қызметкерлері Әлия Түсіпбаева, Серік Карипов, Айым Серікбаев және колледж студенті Ләйлә Ардақ орындап, кеш ажарын ашты. Әсіресе, колледж студенттерінен құрылған «Ерке» тобының орындауындағы әндердің әсері – мүлде бөлек.

Айтпақшы, колледжде жас ақындардың «Серпін» үйірмесі жұмыс істейді екен. «Балағының биті бар» жас өрендердің Мұқағалиға арналған балауса жырлары да оқылды.

Мұзбалақ ақынның бай мұрасының ішіндегі «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы – автордың ғана емес, қазақ әдебиетінің классикалық туындыларының бірі. Осы поэма желісімен дайындалған поэтикалық көрініс көрермен қауымды толқытып, жанарына жас үйірді. Бірнеше мамандық бойынша маңызды білім беретін «Болашақ» колледжінде өнер факультетін ашса да, артық емес екен-ау деген ойға шырмалдық.

Кештің қадірлі қонағы болған ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Абзал Бөкен ағамыз Мұқаңмен кездескен сәттерінен әсерлі эпизодтар айтып, ақын рухына арналған жырын оқыды. Ал, кешті ұйымдастыруға мұрындық болған колледж директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Ғайни Мамыраева ханым ақынын ардақ тұтып, алтын уақытын сарп еткен көпшілікке алғысын жеткізді.

Әсерлі кеш Мұқағали ақынның сөзіне жазылған Темірше Сарыбаевтың «Наурыз айы туғанда» әнімен түйінделген. Орындаған – колледж қызметкері Айым Серікбаева. Мұқаң тойынан Наурыз мейрамына аттандық. Жүрегімізге мұзбалақ ақынның мұзарт жырын құндақтап алып...

Қарқаралы мен Қарасаздың арасын өлең жалғап тұр. Тылсым һәм құдіретті байланыс. Қасым мен Мұқағали! Ұлыларды руға меншіктеудің ұлы қателік екенін «Болашақ» колледжінің ұстаздары мен студенттері тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал, біз ой орманына сіңіп кеткенбіз...

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 222
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px