Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.08.2017

Адамзатты рухани тазару арқылы мейірімділік пен сабырлылыққа жетелейтін Рамазан айы аяқталды. 30 күн бойына ораза ұстап, құлшылық жасаған мұсылман қауымы Ораза Айт мерекесін тойлады. Асыл дініміздің басты мерекелерінің бірі – Ораза Айт мерекесі ауданымызда да аудандық әкімдіктің бастамасымен жоғары деңгейде аталып өтті.

Таң сәріде аудандық орталық мешітке мүбәрак мерекенің мінәжатына дүйім жұрт жиылды. Шіліңгір шілдеде ораза тұтқан ағайын иық тіресіп, айт намазына тұрды. Мерекеге аудан әкімі Серік Шайдаров арнайы қатысып, барша мұсылман қауымын Ораза Айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза Айт мейрамымен құттықтаймын! Алланың разылығы үшін ауыз бекіткен жандардың оразалары қабыл болсын! Рамазан айы – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза Айт мейрамы – адамдардың көңілін көтеріп, жанын жадырататын қасиетті мереке, – деді аудан басшысы.

Ізгіліктен бастау алған бұл мейрамда барша мұсылман қауымы сауапты іс атқарып, көмекке зәру жандарға жәрдемдескен, мол дастарқан жайып, қуанышты бірге бөліскен. Осыған орай, аудан әкімдігі орталық мешітке 200 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берді.

Ауданның бас имамы А.Қуатбеков айт намазын оқыды. Барша мұсылман қауымын мерейлі мерекемен құттықтаған бас имам елге амандық, жұртқа тыныштық дұғасын жасады.

Мұнан кейін мешіт ауласында «Арқан тарту», «Асық ату», «Кір тасын көтеру», «Қазақша күрес», «Қол тірестіру» секілді ұлттық спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Жамағатты бауырмашылдыққа үндеген сайыс жоғары дәрежеде өтті. Жеңімпаздар аудандық спорт бөлімінің дайындаған дипломымен және ақшалай сый-сияпатпен марапатталды.

Түс кезінде әкімдіктің қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 25 метрлік дастарқан жайылып, ас берілді. Ауданның ақсақалдары жиылып, дәм татты. Жергілікті билік тарапынан жасалынып жатқан іс-шараларға ризашылығын білдірді.

– Айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Айлардың сұлтаны, құдіреттісі – Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Рамазан айында адамдар саналарындағы керек емес, жаман ойлардан тазарып, имандарын арттырды, – деген Құлайғыр ауылының ақсақалы Сағынтай Абдрахманов аудан басшыларына өз алғысын білдірді.

Айта кетейік, аудан әкімдігінің бастамасымен атқарылар ауқымды шаралар легі бұқаралық реңк алып, елдің ыстық ықыласына ие болды.

 

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 5296
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1170
count 88x31px