Мейрамда ажарланған ауыл - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Клуб үйінің ауласындағы қардан тазартылған алаңқайда арнайы жасалған жер ошақтарда қатар-қатар қайнаған қазандар. Әр ошақтың басында өз ісінің мамандары. Бір қазанда бармақтай-бармақтай бауырсақтар пісіріліп, жиналғандарға үлестіріліп жатса, екінші қазан иелері бабына келіп дайындалған дәмі тіл үйірген наурыз көжеден дәм таттыруда. Үшінші қазанда, әрине, иісі анадайдан мұрын жарған соғымнан сақталған сүр қайнауда. Олардан сәл әріректе, қызыл шоққа қақталған кәуап. Бір бұрышта мерекелік сауда қызу қарқын алған.

Ұлттық тағамдардан дәм татып, арқа-жарқа болған қауым сәлден кейін ішке кіруге асықты. Салтанатты шара ауыл әкімі Бақытжан Жаңабаеваның құттықтау сөзімен ашылды. Күмбірлеген күй, мың бұралған би елді ерекше тәнті етті. Әсем әндер шырқалды, жалынды жырлар оқылды. Көрермендер, әсіресе, Омаровтардың өнерлі отбасы мүшелеріне, Гүлнар мен Бірліктің шебер шерткен күйлеріне, Рауан мен Аяулымның, Айдынның орындаған әндеріне құлшына қол соқты. Ауыл әжелерінің хоры да әсерлі шықты. Зылиха әженің аяғын апыл-тапыл басып жүрген немересінің тұсаукесері болды. Барлық кәде-жоралары жасалды. Сахна төріне көтерілген Қыдыр ата шеңберліктерге ақ батасын берді.

Мерекелік шарадан соң ауыл тұрғандары арнайы дайындалған дастарқаннан дәм татты. Келесі күні бағдарлама ауыл орта мектебінің спорт залында жалғасын тапты. Волейбол, кір тасын көтеру, арқан тарту және қол күресінен өткен сайыстарға ауылдың жастары да, жасамыстары да белсене араласты. Мықтылар марапатсыз қалған жоқ.

Дүбірлі думаннан ауыл тұрғындары «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа!» деп тарқасты.

 

Сәлия КӘКЕНОВА,

Шеңбер селолық клуб үйінің әдіскері.

ҰЛЫТАУ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 187
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px