Қобыз сарынымен жеткен сағыныш - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Кенжебек Шымкенттің әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтын 1975 жылы бітірген соң арнайы жолдамамен бұрынғы Никольский қаласында ашылған Жезқазған мәдени-ағарту училищесінде еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Қасиетті қобыз өнерін насихаттап, жастарға үйретуде айтарлықтай іс тындырды. Училищеде қобыз класынан және оркестрмен дирижерлау мен оркестр класы бойынша сабақ берді. Сонымен қатар, өз өнерін байыту жолында да тынымсыз тер төге білді. Жезқазған облысының «Ұлытау» ансамблінің құрамында Германияда, Литвада, Исландияда, сондай-ақ, Ресей қалаларында өнерімен танылды. Кенжебек Назарқұлов 1983 жылы КСРО Мәдениет министрлігінің «Көркемөнерпаздар шығармашылығындағы жоғары шеберлігі үшін» төсбелгісімен марапатталса, мәдениет қызметкерлерін даярлаудағы ерекше еңбегі үшін 1996 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды. Ол 1998 жылы мәдени-ағарту училищесі жабылған соң Сәтбаевтағы №4 Абай атындағы мектеп лицейінде ұстаздықпен айналысып, өмірінің соңына дейін жемісті еңбек етті. Қаланың мәдени өміріне белсене араласуымен ел ілтипатына бөленді.

Марқұмды еске алу кешіне Ұлытау-Жезқазған өңірімен қатар, Кенжебек Байтұрсынұлының көзін көрген Оңтүстік Қазақстан облысынан, Астана, Қарағанды қалаларынан әріптестері мен шәкірттері келді. Астанадағы өнер академиясының ұстазы, бірнеше музыкалық туынды жинақтарының авторы Қарасай Сайжанов, ағасы Асылбек Байтұрсынов, әріптес досы, күйші Қамбар Файзуллаұлы, шәкірті Мақсұт Ахметов және басқалары сағынышпен сыр шертті. Қобыздың қоңыр үнімен басталған кеш әуезді ән-күймен өрнектелді. Кенжебек шабытты бір шағында «Сағыныш» деген ән жазған екен. Алғашқы да соңғы әні осы болыпты. Еске алу кешінде марқұмның кенже ұлы Нұрғиса осы бір сырлы туындыны тамыл­жыта орындады. Келіні Дина мен немерелері де өнерден қара-жаяу емес екен. Осы кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған, он жылдан аса уақыттан бері әкелерін жоқтатпай балаларын қияға қанаттандырған өнерлі шаңырақтың отанасы, Кенжебектің аяулы жары Шолпан Мұқашқызына қала әкімі А.Ыдырысовтың Алғыс хаты тапсырылды.

 

СӘТБАЕВ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 667
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px