Қобызбен жеткен бабалар үні - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Қобызбен жеткен бабалар үні
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»
   
Осыдан екі жыл бұрын Сәтбаев қаласында тұңғыш рет Ерден Сандыбайұлы атындағы қобызшылардың республикалық  бәйгесі ұйымдастырылып, көнеден жеткен өнер «өлгенді  тірілтіп, өшкенді жандырғандай» болған еді. Сол кездегі қала басшылығы «екі жылда бір өткізілетін бұл өнер додасы  дәстүрге айналады» деген болатын. Айтылған сөздің жерде қалмағаны қандай жарасымды! Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруы, облыстық мәдениет және мұрағат басқармасының қолдауымен Ұлытауға ұран болған тұлғалардың бірі – Ерден есімін иеленген республикалық конкурс биыл екінші рет шымылдығын түріп, кенді өңірдің көгін үш күн бойы қасиетті қобыздың қоңыр үні тербеді.

   Ұлытау-Атбасар аймағындағы 18 болыс елге дуанбасы – аға сұлтан болған Ерден Сандыбайұлы тегін емес, текті адам болғаны белгілі. Атасы Төлек жоңғар шапқыншылығы кезінде Қанжығалы Бөгенбай батырмен бірге Бұланты шайқасында дұшпанға ерекше тойтарыс берген ержүрек баһадүрлердің бірі. Халық ақыны Жөкей жырау оның батырлығын сипаттап, жырға қосқанын білеміз. Әкесі Сандыбай да елдің ұранына шыққан батыр болған. Осындай ортадан шыққан Ерден өзінің алғыр да ержүректігімен, шешендігімен ерте танылады. Топқа түсіп, ел билігіне араласады. Терісаққан бойындағы елге 1840 жылдан бастап болыстық құрып, саясат сахнасында орыс ояздарымен де тіл табыса білген. Соның нәтижесінде 1862 жылы Шоқан Уәлихановпен бірге сайлауға түсіп, аға сұлтан болғаны белгілі. Маңайына өнер адамдарын, жақсы-жайсаңдарды жинай білген. Ақындардың жыр толғап, күйшілердің күй арнауы тегін емес. Бертағыұлы Орынбай ақынның, әйгілі Мәшһүр Жүсіптің жырларына арқау болған Ерденнің даңқы заманында қалың қазаққа жайылған-тын. Алты Алашқа әйгілі Ықылас қобызшының «Ерден» күйі – батырдың ерлігі мен кемел парасатын безбендейтін бағалы мұра. Ел аузынан жеткен әңгімеге қарағанда, оны күйші Ердекеңнің ұлы Бәйменденің қазасына орай, жұбату ретінде шығарған дейді. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған драма театрының артистері сахналаған осы оқиғаның көрінісімен ашылды мәртебелі байқау.
Иә, қайсыбір деректерде Ердекеңнің қобыз шалатын өнерінің болғандығы да айтылып жүр. Қалай дегенмен де, Ерден сұлтан мен қара қобыздың арасында бір байланыстың бары анық. Жылдармен бірге жасасып келе жатқан «Ерден» күйі осыны айғақтайды. Жалпы, қасиетті Ұлытау бойында қобыздың қоңыр үнін күңіренткен әйгілі Қойлыбай бақсы, Бағаналы Балақай, Досымбай бақсылар, Беркімбай қобызшы туралы әфсанаға айналған әңгімелер көп. Бүгінде сол киелі қобыз Жезқазған қобызшылар мектебінің арамыздағы аймаңдай тұлғасы Байғара Сәдуақасовтың қолына көшіп, бабалар үнін ұрпаққа қапысыз жеткізіп жүр. Осылайша ой қорытып отырғанда байқаудың бәсіресіне айналған қазақтың «Үкілі қобызы» сахна төріне салтанатпен әкелінді.
Қобыздың қоңыр үнімен қауыштырған байрақты бәсекеге жер-жерден 11 қобызшы келіпті. Айта кету керек, республикалық конкурстың қобыз шеберлеріне қойған шарттары да осал емес. Бағдарламаға сай «Мәңгілік сарын» және қазақтың дәстүрлі «Мың күй» жинағының шығармалары орындалуға тиіс. Қатысушылар бірінші кезеңде Ықыластың «Ердені» мен Қорқыттың «Қорқытын» Дәулет Мықтыбаевтың орындауындағы нұсқасын, Ермұрат Үсеновтің «Қойлыбайдың сарынын», екінші кезеңде Қазақстан композиторларының бір шығармасын фортепианомен сүйемелдеу арқылы және Ықыластың «Жезкиігі» мен Қорқыттың «Қоңырын» Жаппас Қаламбаевтың нұсқасында, Ықыластың «Аққуын» Дәулет Мықтыбаевтың нұсқасы бойынша орындауы міндетті. Осындай аса күрделі талап қойылған конкурсқа әркім емес, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» танылған үздіктер келетіні белгілі болса керек. Сынға түскен кіл жүйріктердің өнеріне қазылар алқасының төрағасы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Т.Түргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Ермұрат Үсенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қарағандыдағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектеп-интернатының ұстазы Рымкүл Бимендина бастаған, А.Жұбанов атындағы Алматыдағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінің ұстазы Саян Ақмолдаев, мәдениет қайраткері, облыс әкімінің «Алтын қобыз» сыйлығының иегері Байғара Сәдуақасов қостаған киелі қобыз  өнерінің кілең мықтыларынан тұратын 7 сарапшы  баға берді.  Айтпақшы, ал­ғашқы ашылу салтанатында  дүбір­лі до­даға арнайы  бағдарлама  дайындап   әкел­ген Қ.Бай­­жанов атындағы облыстық концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, халықтың небір інжу-маржан шығармаларын орындады. Қалған екі күн бірыңғай қобызшылар бәйгесіне ұласты.
Тыңдарманын қазақ пен қобыз әлеміне бойлатып, ғасырлар қойнауындағы бабалар үнін қайта жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа жеткізген мәртебелі бәйге біртіндеп мәресіне жетті. Қобыз сарынынан мәңгілік мұра сырын ұқтырған кіл жүйріктер өз өнерлерін қапысыз танытты. Қазылар шешімі бойынша бас жүлдеге Астанадағы Өнер университетінің студенті Олжас Құрманбек лайық деп танылды. Өнерпаз жас бір миллион теңге сыйлыққа ие болды. Ал, 300 мың теңгелік бірінші орын бәйгесін Алматыдан келген қобызшы Әсен Смайыл қанжығаға байлады. Әрқайсысы 150 мың теңгелік екінші орын жүлдесін сәтбаевтық Ерлан Манасаров пен алматылық Самат Қарабалаев еншілесе, үшінші орын алған Солтүстік Қазақстан облысының қобызшысы Жәмила Мұстафина мен Астанадан келген Шолпан Шарапатова 75 мың теңгеден жүлде бөлісті. Сонымен қатар, Қойлыбай, Балақай, Досымбай, Беркімбай аттарындағы номинацияларға лайықтыларға дипломдар табысталды.
Байқау мәреге жетіп,  жабылар  тұста Е.Сандыбайұлы атындағы алғашқы конкурстың жеңімпазы Дамир Абашев Ықыластың «Кертолғауын» бебеулетсе, барлық қатысушылар бірігіп орындаған ортақ өнерін көрерменге тағы да тарту етті. Өнер қайраткері Ермұрат Үсенов: «Шағын қалада осындай ауқымды әрі күрделі конкурстың өтуі – өте сүйсінерлік іс. Қылқобыздың Отаны – Арқа өңірі екенін айғақтайтын шара бұл» – деп шынайы ризашылығын білдірді. Қала әкімі Асқар Ыдырысов та қатысушыларға ізгі тілегін арнаған сөзінде өнер туын көтерген мұндай игі бастаманың аяқсыз қалмайтынын жеткізді.
«Тас – түскен жеріне ауыр» – дейді. Енді екі жылдан соң айтулы тұлға Ерден Сандыбайұлының туғанына 210 жыл толады екен. Ұлт руханиятын ұлықтаушы, жүрегі ақын азаматтың жанашырлығымен кезінде кенді өңірдің төріне шыққан қасиетті өнердің алтын арқауының алда да үзілмеуін тілейік.
 СӘТБАЕВ қаласы.
Суреттерді түсірген автор.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 149
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px