Сахнада – «Қара шекпен» - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Сахнада – «Қара шекпен»
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театры осетин жазушысы Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» (Черная бурка) әфсанасын сахнаға шығарды. Жақында жаңа қойылымның премьерасы үлкен аншлагпен өтті.

Бұл шығарманы астарлы әңгіме деуге келеді. Басты кейіпкер – Тұзар деген ит. Шопан жігіттің сенімді серігі. Спектакльдің өнбойында осы шопаннан басқа адам жоқ. Қалғандары – жануарлар мен хайуанаттар. Драматург солардың бейнесі негізінде  адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды көрсеткісі келген. Сахнадағы жан-жануарлар арқылы адалдық пен арамдық, қулық пен сұмдық, қорқақтық пен сатқындық  шендесіп, шынайы өмірде болатын жағдайлар көз алдымызға келгендей болды.
Тұзар төбет (артист Ардақ Жарқынбеков) қожайынына шынайы берілген. Қасқырға бір тоқтысын жегізбей, иесіне адалдықпен қызмет атқарады. Өзі қандай болса, адам да сондай мейірімді деп ойлайды. ҚР еңбек сіңірген артисі Серік Бұлғақбаев сомдаған Көкжал-кәрі қасқырдың баяғы күйі жоқ. Аң аулауға да шамасы жетпейтін болған. Көкшуланды ертіп, бір қозыны өңгеріп кетпек еді, төбеттің тегеурініне шыдамай, жеңіліс тапты.  Сондықтан, «сенің арғы тұқымдарың қасқырдан тарайды» деп, қайратты жас төбет Тұзарды қатарларына тартқысы келеді. Жас қаншық – Көкшуланмен (артист Гүлдер Әлиева) оны әуейі қылып, жақындастыруды көздейді. Алғашқыда қасқыр үйірімен тіл табысып, «жастық желікке» берілген Тұзар есін тез жияды. Махаббатын тәрк етіп, қожайынының қамын ойлайды. Жазда тауды жайлап, қысқа қарай етекке түсетін шопан жұртта қара шекпенін ұмытып қалдырып кетсе керек. Соны көрген Тұзар иесінің оралар сәтін күтіп, шекпенді күзетіп қала береді. Аң-құстардың барлығы төбетке айналып соғып: «Сен, сол адамға сеніп, босқа әуре болып жүрсің. Адам деген – нағыз жауыз. Аң-құстарды, табиғатты құртып бітіруге айналды. Ол түбінде саған да опа бермейді», – деп, өз орталарына қосқысы келіп, азғыра бастайды. Иесіне адал ит: «Тіршілік иесі ішіндегі ең құрметті де әділеттісі адам» деп олардың сөзін құлағына қыстырмайды. Қыстай тоңып, бұратылып ашықса да шекпеннің жанынан кетпей, адамға деген адалдығын көрсетеді.
Шопан көктемде отарын айдап, тауға қайта оралады. Кезінде өзін қасқырдан қорғап қалған Тұзарды бірінші болып көрген қозы Бе-бе (артист Нұржан Бейісбеков) мәз-мәйрам болып, қуанышын есекке жеткізеді. Шопан еңбегінің бүкіл тауқыметін көтеріп, бейнеттен көз ашпайтын Кико-есек (артист Ерке Байдешев) жоғалдыға санаған төбеттің тірі екенін көріп, төбесі көкке жеткендей қуанады. Ал, соңынан жеткен шопан жігіт болса, бұратылып өлуге жақындаса да арсалаңдап қожайынының аяғына оратылған төбетке аяушылық білдірудің орнына: «Менің қара шекпенім болмаса, үсіп өлер едің. Жарымжан болған сені қайтемін енді, қой күзетуге де жарамайсың»,– деп мылтығын кезеп, атып тастайды. Жан-жақта баспалап қарап тұрған манағы аң-құстар адамның осыншама қатігездігін көріп тұрған еді.
Қойылым оқиғасының желісі қысқаша айтқанда – осындай. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» демекші, көрерменге ой салатын туынды. Жоғарыда айтылған басты рольдермен қатар, шопан жігітті сомдаған Мейрамбек Еркебеков, Қосүрей-қоян роліндегі Қарлығаш Байдалина, Сылаң түлкі – Рауан Оқшиева, Қуқар қарға — Бақытжан Ибраев, Қортық көртышқан роліндегі Кенжетай Әбілдин тартымды ойын өрнектерімен танылды. Сахна сайысы мен би көріністері де өте сәтті шыққан. Аңдар адаммен тілдеспегенімен, өзара сөйлеседі. Аң кейпінде емес, сахнада кәдімгі адам тәрізді бейнеленгені орынды болған. Сахна декорациясы мен музыкамен көркемдеу де қойылым ерекшелігіне сай, өзіндік әр беріп тұр. Жалпы, қоюшы режиссер Теміржан Жанботаевтың аңыз-әфсананы сезімталдықпен, өзіндік ізденіспен сәтті шығарғаны байқалады.

 ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 337
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px