Сарыарқаның «Сарыжайлауы» - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Сарыарқаның «Сарыжайлауы»
Шындығында өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін кеншілер қаласы Қарағандыда «Родина», «Ботакөз», «Октябрь», «Маяк», «Аврора», «Юбилейный», Ленин атындағы кинотеатрлар және жаз күндері ғана жұмыс істейтін Жазғы кинотеатр, тағы басқалары болғандығын көзі қарақты қауым жақсы білетіні анық. Кейіннен одақ тарап әркім өз жайын күйттеп кеткенде осы аталған кинотеатрлардың көпшілігі жеке меншікке көшті, кейбірі басқа нысандарға айналып өз жұмыстарын жалғастырды. Жеке меншіктегі кинотеатрлардың билет құны тым көтеріңкі болғандықтан, оған көбінесе қалтасы көтеретіндер баратыны жасырын емес-ті. Сондықтан, ақсаңқырап қалған осы бір олқылықтың орынын толтыру бағытында, облыс әкімдігінің қолдауымен осыдан бес жыл бұрын көпшілік көрермендерге, жалпы халыққа тиімді әрі қолайлы жағы қарастырылған «Сарыжайлау» мемлекеттік кинотеатры ашылған болатын.  
Осы бір игілікті істі қолға алудағы басты мақсат  та белгілі еді. Яғни, еліміздің киноқорында жинақталып қалған саналуан жанрдағы фильмдерді кеңінен насихаттауды, мемлекеттік тілдегі фильмдерді, соның ішінде отаншылдыққа, патриоттық рухқа тәрбиелейтін балалар мен жастарға арналған  ұлттық фильмдерге басымдық танытып, киноөндірісіміздің жетістіктерін насихаттап, жарқырата көрсетуге бағытталған кинофестивальдер және басқа да әлеуметтік-маңызды шараларды ұйымдастырып өткізуді жолға қою болды.
Сонымен, 2011 жылдың 20 сәуірінде «Сарыжайлау» кинотеатрының алғашқы шымылдығы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық және жастық шағынан сыр шертетін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер Рүстем Әбдірашев түсірген «Балалық шағымның аспаны» атты фильмінің тұсаукесерімен ашылғандығының өзі жақсы ырымға жорылды. Осы фильм еліміздегі бірегей мемлекеттік мекеме аталған «Сарыжайлау» кинотеатрының тәй-тәй басқан тұңғыш қадамының бұдан әрі жемісті де жеңісті болуына алғы шарт, мықты бағдар болғандығын айрықша айтқан жөн. Р.Әбдірашевтің бұдан кейін экранға шығарған «Елбасы жолы» эпопеясының, сондай-ақ, Отанға, туған елге қалтқысыз, адал қызмет етудің жарқын көрінісін бейнелейтін «Тығырықтан жол тапқан»   толықметражды көркемфильмінің тұсаукесерлері де кеншілер өңірінде табысты өтіп, жұртшылық ерекше қызығушылықпен тамашалады. Сонымен қоса, кинотеатр ұжымы ұйымдастырған Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының өкілдерімен және аталмыш фильмдерде басты рөлдерді сомдаған Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржұман Ықтымбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Нұрлан Әлімжанов, жас актриса Мәдина Есманова, тағы басқаларымен өткізілген шығармашылық кеші де қарағандылықтардың жадында көпке дейін сақталғаны анық. Осыдан кейін аталған фильмдер кинотеатрдың көшпелі киноқондырғысы арқылы облысымыздың барлық өңірлерінде көрсетіліп, көпшіліктің ыстық ықыласын иеленді.  
Ал, енді, осы бес жыл ішінде кинотеатр тек кино көрсетумен ғана шектелмеді десем шынайы шындық. «Сарыжайлау» кинотеатрында өз істерінің білікті мамандары, ой-мақсаттары бір жерге тоғысқан, қандай іс болса да тетігін таба білетін ізденімпаз ұйымшыл ұжым қалыптастырылды. Олар кинотеатрды жан-жақты тартымды, аса ауқымды жұмыстар мен іс-шаралар өткізетін  іргелі мәдениет ошағына айналдырды. Жұдырықтай жұмылған ұжым сан алуан игілікті істердің ұйытқысы болып, көпшіліктің бос уақыттарын сәнді де мәнді өткізулеріне шын мәнінде қолайлы жағдайлар жасай білді. Халыққа рухани азық боларлық алуан түрлі тартымды мәдени-танымдық іс-шараларымен небір қызықты жобаларды ойластырып жүзеге асыру, әртүрлі жастағы көпшіліктің көңілін дөп басып тани білу тұрғысындағы жұмыстарды ұйымдастыру, бұл ортада алғашқы күннен-ақ қолға алынды. Бүгінде әдемі үрдісімен жоспарлы істер жалғасын тауып, өзінің игілікті нәтижелерін көрсетіп отыр. Өткізілген осындай шаралар мен жүзеге асқан тартымды жобалардың ең маңызды әрі ауқымды түрлері төмендегідей тізімді құрайды екен.      
2011 жылы халқымыздың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойының салтанатты тойлануы, облыс көлемінде ғана емес сонымен бірге, кең байтақ еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға саналды. Осы шара аясында кинотеатрда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген, кинодраматург, жазушы Дидар Амантайдың «Қасым Аманжолов» атты деректі фильмінің премьерасы және  «Қазақстан» телекорпорациясы түсірген «Дариға, сол қыз...» атты музыкалық телефильмінің тұсаукесері өтті. Ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін суреттер, кітаптар, қолжазбалар мен құжаттар, жеке заттары қойылған көрме ұйымдастырылды. Теледидар арқылы осында көрсетілген бейнекөріністер көрме жәдігерлерінің мазмұнын одан сайын ашып, толықтыра түсті. Осынау оқиғаны кеңінен насихаттау жұмысы бұдан соң «Мәдени мұра» кинолекторий аясында өз жалғасын тапты.
Қазақ киноөнерінің іргетасын қалаушы, ғажап талантымен тамсандырған кинорежиссер әрі актер Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойы аясында кинотеатрда «Талантымен табындырған тұлға» атты көлемді шара ұйымдастырылып, Ш.Айманов өзі түсірген және кейіпкерлерін сомдаған бірнеше көркемфильмдердің онкүндігі өткізіліп көрермендер назарына ұсынылды. Тамаша талант иесінің «Қыз-Жібек» көркемфильмі бүгінге дейін киноэкранның сәніне айналып, көпшіліктің сұранысынан түспеуде. Ал, осындағы басты кейіпкерлер Қыз-Жібек пен Төлеген рөлдерін ойнаған Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков қатысқан кездесу кеші, қарағандылықтардың әлі күнге дейін есінде сақталып, айырықша әсерлі әрі тартымдылығымен   ерекше болғандығын айтқым келеді.
Ұлы Жеңіс күнін тойлау аясында соғыс және еңбек ардагерлерінің басын қосып қайырымдылық фильмдері, көркемфильмдер және мұрағат киноматериалдарын қолдана отырып арнайы тақырыптық кино-кештер өткізіп тұру жыл сайынғы дәстүрге айналған.  
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шаралар да ұмыт қалмайды. Осының бірінде «Сага о КарЛаге» деп аталған деректі фильм көрсетілді. Залға жиналғандарды, әсіресе, жастар жағын тарихшылар мен зерттеушілердің ортаға салған естеліктері ерекше тебірентті, қойған сауалдарына тұшымды жауаптар алды.  
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында кинотеатрда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының туындылары «Жерұйық»,   «Менің күнәлі періштем», «Кешіккен махаббат» фильмдерінің тұсаукесерлері болып өтті. Ұлттық кинофильмдерді насихаттау барысында аймақтарда бұл фильмдер көшпелі киноқондырғылар арқылы шалғайдағы ауыл тұрғындарына да толықтай көрсетілді.     
Кинотеатр өміріндегі айшықты оқиға – облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған «Кино және достар шығармашылығы» циклді «КИНОгерМАНИЯ» кинофестивалінің өткізілуі дер едік. Осы шара кезінде Чехия, Венгрия, Германия елдерінің ең таңдаулы кинотуындылары көрсетілді. Қаламызға шетелден келген қонақтар залдағы әсем безендірілген «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы» атты кітабы мен түрлі-түсті суреттер көрмесін  қызықтап көрді.
Кинотеатрдың еліміздің басты киностудиясымен өзара тығыз ынтымақтастық байланысы, әріптестігі нәтижесінде небір қызықты,  мазмұнды жобалар дүниеге келді. Солардың бірегейі жоғарыда айтып өткен Тұңғыш Президентіміз жайында және де еліміздің Астанасы туралы трилогияның көрсетілімдері. Ал, осындай жобалардың санатында  ұлы тұлғалар, жерлестеріміз Мәди, Тәттімбет, Жүсіпбек Елебеков, Қасым Аманжолов және ұлтымыздың ұясы – Ұлытау жайында түсірілген деректі фильмдердің көрсетілімдері қаншама көрермендердің көз қуанышына айналды. Бұл деректі фильмдер қарағандылықтардың әрдайым жоғары сұранысына ие болуда. Және де осы тұлғалардың, сондай-ақ, өзге де қоғам қайраткерлерінің өнегелі өмірлері мен еңбек жолдарына байланысты мектеп оқушылары қатысатын   киносабақтарын ұдайы өткізіп тұру шаралары да дәстүрге енген.
Кинотеатр ұжымы өмірге әкелген тағы бір апталық жоба - «RETRO Film» фестивалі қала тұрғындарына қазақстандық және әлемдік таңдаулы кинотуындыларды тамашалауға зор мүмкіндіктер туғызу үстінде. Осы фестиваль аясында КСРО-ның және Қазақстанның халық артистері Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, КСРО-ның халық артисі, белгілі композитор Евгений Дога, тағы басқалары тәрізді өнер шеберлерімен, арқалы ақын Олжас Сүлейменовпен өткізілген шығармашылық кездесулер қаншама көрерменнің көзайымына айналды десеңізші!
Ал, ұлтымыздың мақтанышы, тұңғыш ғарышкеріміз Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Әубәкіровпен болған шырайлы да жарқын жүздесу, оны қызықтағандардың жүрегінде ұзақ уақыт жатталғаны анық. Кездесу кезінде Тоқтар Оңғарбайұлы өзіне тән ақжарқындығымен жиналғандарды баурап алды, қызықты әрі тартымды естелік әңгімелерін ортаға салып, қойылған сауалдарға жан-жақты, тұшымды жауаптарын жеткізді.   
Жаз мезгілінде,  кинотеатрда  «Кинолэнд» тақырыбымен балалар фильмінің Фестивалі өткізіліп жүр. Осының аясында ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен «Disney» студия компаниясы қазақ тіліне аударған көптеген фильмдер қарағандылық кішкентай көрермендеріміздің көзайымына айналды. Мемлекеттік тілде сөйлеген осындай мультфильмдерді облысымыздың шалғай елді мекендеріндегі бүлдіршіндер де қызықтап тамашалады.  
Еліміздің жас ұрпақтарын патриоттық сезімге, елі мен жерін сүйіп қорғайтын жоғары адамгершілік рухта тәрбиелеуге бағытталған «Қазақфильм» киностудиясының көпсериалды, кең экранды көркем туындысы «Жас-Ұлан» фильмі, сондай-ақ, белгілі режиссер, жер­­лесіміз Ақан Сатаевтың тарихи негізге құралған «Жаужүрек мың бала»  көркемфильмі кино­театрымызда, сонымен бірге, көшпелі киноқондырғы арқылы білім ошақтары мен әскери бөлімдерде, ауылдарда көрсетіліп көпшіліктің, әсіресе, жастардың шынайы ықыласына ие болды.  
Кинотеатр ұжымы Қазақстан халқы Ассамблеясымен, ұлттық орталықтармен тығыз түрде ынтымақтаса жұмыстар жүргізуді жолға қойған. Бұл тұрғыда ұлттық мәдениет кинофестивалінің алатын орны ерекше. Соның бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында өткізілген «Қазақстаныммен етене өмір сүремін» атты кинофестиваль болғандығын айтар едік.  
Кинотеатрда атаулы күндерге, ел тарихына, сондай-ақ, кемеңгер ұлы тұлғаларымыздың өмір жолына, айтулы еңбектеріне арнап көрмелер ұйымдастыру  дәстүрге айналған. Онда мұражайлық және деректі материалдар, кітаптар, мұрағат қорының экспонаттары қолданылады. Тағы бір айтар жай, өңіріміздің өнері мен мәдениетінде айтарлықтай қолтаңбасы бар, өмірден өткен өнер адамдарын, актерларды еске алуға арналған тәлімдік маңызы зор кештерді ұйымдастыру ісін де кинотеатр ұжымы дәстүрге айналдырған.
Өткен жыл күй тәңірі – Тәттімбет Қазанғап­ұлының туғанына 200 жыл  толғандығын атап өтумен де есте қалды. Осынау айтулы оқиғаға байланысты кинотеатр «Тәттімбет» атты деректі фильмнің тұсауын кесіп, жиналған жұртты Ұлы күйшінің өмір дерегімен шығармашылығынан көптеген мағлұматқа қанықтырды. Сондай-ақ,  кемеңгер тұлға – Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына, «Астана – қазақ жерінің қасиетті қақпасы» атты Астана күніне, Тұңғыш Президент күніне, «Ұлылардан – ұлағат» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы өткізілген мазмұнды әрі тартымды киносабақтар, оған қатысқан жеткіншектердің ой-өрістерін кеңейтіп, рухани жағынан байытқандарын олар қойған сауалдар мен алған жауаптарынан-ақ аңғаруға болатын еді.
Биылғы жылғы тағы бір ерекше оқиға – белгілі актер әрі режиссер Досхан Жолжақсынов түсірген Ұлы Абайдың әкесі жайындағы «Құнанбай» көркемфильмі, бүгінге дейін жоғары сұраныспен кинотеатр көрермендеріне көрсетіліп жатыр. Ал, енді, сүйіншілеп айтар тағы бір жай, ақпан айының соңында қоюшы-режиссер Қанағат Мұстафин түсірген «16 қыз» атты комедиялық көркемфильмнің, сондай-ақ, наурыз айында тарихи негізге құрылған қоюшы-режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмінің тұсаукесерлері және шығармашылық топтарымен кездесу кештері өткізілді. Сонымен бірге, Жыр алыбы Жамбыл Жабаев жайындағы «Жамбыл» атты деректі әрі көркем фильмнің тұсаукесері де көпшілік назарына ұсынылып, наурыз мерекесіне орай   қарағандылықтардың көңіл-күйін бір желпінтіп тастады. Ал, жақын күндерде  Ақан Сатаев түсірген «Анаға оралу» кинофильмінің тұсаукесері өткізілетіндігін де көпшіліктің қаперіне сала кетпекпін.
Сонымен, «Халыққа қызмет, абыройлы міндет» дегендей, аталмыш кинотеатр ұжымының осы жылдар легіндегі атқарған іс-шараларының бір парасы осындай. Үлкенді, кішілі қауымның бір мезгіл рухани ләззат алып, сәнді де мәнді демалатын тұрақты мәдени ортасына айналған – «Сарыжайлау»  кинотеатры әлі талай мазмұнды, тартымды әрі қызықты кездесулерімен көрермендерін шынайы қуанышқа бөлей берері сөзсіз.
Раушан НҰРША,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Қарағанды қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 192
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px