Әсем күйге бөлеген кеш - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Кеш тізгінін белгілі айтыскер, әнші, жерлесіміз Аманжол Әлтаев өз қолына алды. Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Рысқали Әбдікеров Ілия Жақановқа облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, қазақы дәстүрмен астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты.

Кеш бойына әсерлі әсем ән мен ғибратты әңгімелер кезекпен-кезек өріліп отырды. Ілия ағаның бір бойына сыйған сан қырлы өнері жан-жақты әңгімеленді. Ағаның өз аузынан да сезім сырлары ақтарылды. Жаңаарқа жеріне арналған шоқтығы биік әндерінің шығу тарихын әңгімелеп, ерекше тебіреніспен кейінге шегініс жасады.

Есжан Әміров, Айтбек Нығызбаев, Ержан Базарбеков, Ғалым Мұхамедин кеш иесінің әндерінен шашу шашты. Мұхамеджан Тілеухан, Қорабай Есенов, Балтабай Қызыров, Зейнулла Хасенов, Жалын Көпбосынов, Әлібек Өзбекұлы сазгер ағамыздың шығармашылық әлеміне тағы бір сәт сапар шектірді.

Ілия ағамыздың ата-бабасының туған жері болып есептелетін Түгіскен, Ералиев ауылдарының, Қызылжар кентінің азаматтары мерейтой иесін арнайы құттықтап, сый-кәделерін жеткізді.

Кеш соңында аудан әкімі Ғабдрахман Омаров сахнаға көтеріліп, ғажайып туындылары барлық қазақ жұртының қазынасына айналған Ілия ағадан әлі де толағай дүниелер күтетінін жасырмады. Кеш иесімен 55 жыл бойы берекелі шаңырақ астында жұптары жарасып келе жатқан жұбайы Тиыш апаны сахна төріне шақырып, құрмет көрсетіп, той шашуын ұсынды.

Ілия аға қорытынды сөзінде осы кештің өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековке ризашылығын білдіре отырып, кешті жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан әкімдігіне, аудан жұртшылығының ыстық ықыласына, үлкен құрметіне шын көңілден алғысын білдірді. Жаңаарқа өңірі оған қашанда ыстық болатынын, осы өңірге деген ілтипаты мен сағынышы ешқашан сарқылмайтынын жеткізді.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Ілия ағаның Арқа жеріне келуіне орайластырылып, тағы бір игілікті шара қолға алынды. Ол – ауданның шеткі жағынан ат шаптырым орынға бой түзеген «Әлима» мейрамханасының ашылу салтанаты. Ілия Жақанов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров аталмыш мейрамхананың лентасын қиып, ашылу рәсімін жасады.

Өз тілшімізден.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 411
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px