Түлектер қияға қанат қақты - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Салтанатты рәсім Қарағанды музыкалық комедия театры артистерінің тартымды биімен ашылды. Содан кейін алаңға мектеп бітіруші түлектер шақырылды. Сөз орайы келгенде, Абай қаласындағы білім ошақтары түлектерінің Ұлттық Бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін айта кеткен жөн. Мәселен, №1 қосымша білім беру мектеп-орталығының орташа көрсеткіші – 87,2 балл, №14 мектеп-лицейде – 78,36 балл, №12 тірек мектебінде – 76 балл. Ал, №10 мектеп-гимназиясында орташа балл 75,83 болса, Абай атындағы №5 мектеп-гимназияның көрсеткіші 74,1 балл деңгейінде. Ерекше атап айтарлығы биылғы жылғы түлектердің сапалық құрамы да құнарлы, олардың арасында түрлі деңгейдегі пән олимпиадаларының, байқаулар мен конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт саласында биік белестерді бағындырған сайыпқыран спортшылар, өздерінің өресін өнер додаларында даусыз дәлелдеген өрендер жетіп артылады.

Салтанатты рәсімде «Алтын белгі» иегерлері мен үздік аттестатты иеленгендерді аудан әкімі Серік Шайдаров ақжарыла құттықтап, мерейі тасыған жас буын өкілдеріне тиесілі құжаттарын табыс етті.

Серік Жаманқұлұлының қолынан «Алтын белгі» төсбелгісін, ерекше үлгідегі аттестат пен арнайы сертификатты №1 қосымша білім беру мектеп-орталығының түлегі Айдана Төлеутаева, №14 мектеп-лицейін бітіруші Татьяна Черняева және Топар кентіндегі Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектепті бітіруші Анастасия Дорофеева алды. Сондай-ақ, «Алтын белгі» иегерлеріне «Аспап» өндірістік кооперативінің төрағасы Төлеген Әшімовтің және «СК – Альтаир» ЖШС басшысы Қуаныш Тоқсамбаевтың демеушілігімен Алматы қаласындағы «Алатау» емдеу-сауықтыру кешенінде демалу үшін әрқайсының сомасы 200 мың теңгені құрайтын жолдама сертификаттары тапсырылды. Ыстық ықыластың айғағы ретінде жоғары білім деңгейін танытқан түлектердің ата-аналарына аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Аудан басшысы сонымен қатар, 7 түлекке үздік аттестаттарды тапсырып, олардың өмір жолдарына табыс тіледі.

Алтын ұядан қанат қаққандардың атынан сөз алған Айдана Төлеутаева аудан басшылары мен ұлағатты ұстаздарына ақ тілегін толқи тұрып арнады. Оның жүрекжарды лебізін мінберге ата-аналардың атынан көтерілген Оксана Корпан ұтымды жалғастырды. Жұртшылық педагогикалық еңбек ардагері Анна Агееваның сөзіне де ықыласпен құлақ түрді. №10 мектеп-гимназияның 2012 жылғы түлегі, «Алтын белгі» иегері, биыл Астанадағы Е.Гумилев атындағы Ұлттық университетті тәмамдаған Динара Смағұлованың жалынды сөзі де ешкімді бей-жай қалдырмады.

Салтанатты жиын соңында Серік Жаманқұлұлының қатысуымен Б.Момышұлы атындағы орта мектепке «Парасат пен білім символы» жалаушасын тапсыру рәсімі жүзеге асырылды. №10 мектеп-гимназияның түлегі Денис Воронцов салтанаты жағдайды мектеп түлектерінің антын оқыды.

Ілкімді іс-шараның реңін мектеп бітірушілер вальсі енгізе түсті. Өмір қиясына қанат қаққандар көк зеңгірге Қазақстан Республикасының 25 жылдығы эмблемасы таңбаланған шарларды ұшырды.

АБАЙ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 608
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px