Таланттарды үкілеген фестиваль - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Таланттарды үкілеген фестиваль
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

    Ел ішіндегі талай жас таланттардың тұсауын кесіп, үлкен өнер айдынына үкілеп қосып жүрген «Ұлытау үні» фестивалі Жезқазған руханиятының жыл сайынғы айшықты шарасына айналған. Халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің дәстүрлі мерекесі биыл 26-шы рет жалауын көтеріп, мысты өлкені үш күн бойы ән мен жырдың думанына бөледі.
Бүгінде өнер көгінде самғап жүрген талай тарландар алғашқы рет осы жерде сахна төріне шыққан еді. Солардың бірі айтыстың ақтаңкері, Еуразия ұлттық университетінің ғалымы Аманжол Әлтаев: «Мен өнер жолына «Ұлытау үнінен» қанаттанғанымды әрдайым риза көңілмен еске алып жүремін» деп, өнер мерекесінің ашылуына сәлем жолдапты. Иә, алғашқы өнер байқауы айтыскер ақындардың дүбірімен басталған-ды. Осы фестиваль аясында үш рет республикалық айтыс дүркіреп өткен кезде ыстық сағынышқа айналды. Халық ақыны Болман Қожабайұлының, әнші, халық композиторы Әсет Найманбайұлының, күйші Сайдалы сары Тоқаның, қобызшы Ықылас Дүкенұлының, қаламгерлер Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың, әнші Манарбек Ержановтың рухын тербеген кештер біртіндеп Шынболат Ділдебаев, Ғалым Жайлыбай сынды ақындардың, Пазыл Тұтқабеков, Мұхамеджан Тілеуханов, Мейрам Ұлмағанбетов, Қыдырма Ғазизов сияқты дәулескер күйшілердің шығармашылық жетістіктерін паш етуге арналды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған фестивальдың биылғы бағдарламасы да ізгі дәстүрге сай құрылды. С.Қожамқұлов атындағы қазақ драма театрында шымылдығын түрген «Ұлытау үнінің» жалауы сахна төріне салтанатты жағдайда әкелінді. Құттықтау лебізін білдірген қала әкімі Батырлан Ахметов дәстүрлі фестивальдың Жезқазған өңірінің сүйікті мерекесіне айналғанын алға тарта келіп, өнер сайысына қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі көпшілік Ұлытау ауданы өнерпаздарының аймақтық фестивальға арнайы әзірлеген Б.Бұл­қышев пен М.Иманжановтың 100 жылдығына арналған «Ұлытаудан қанат қаққан қос қыран» атты әдеби-музыкалық кешін тамашалады. Елі мен жерін сүйген патриот ерлер Баубек пен Мұқанның жастық шағын арқау еткен сахналық шағын қойылымнан басталған кеш «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблінің концертіне ұласты. Аудандық Мәдениет үйі жанынан 1990 жылы құрылған ансамбльге мәдениет қайраткері, «Алтын қобыз» сыйлығының иегері Байғара Сәдуақасов жетекшілік жасап, өнер жолында біраз баптады. Қазірде Мәдениет үйінің дирижер-күйшісі Елжас Кәрімов жетекшілік жасайды. Ансамбль құрамындағы шағын оркестр Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Әлқисса» күйлерін әуелетсе, ауыл өнерпаздары Әйгерім Әубәкірова, Мәдина Жұмабаева, Гүлмира Сыздықова әуезді әндерді шырқады. Балғын бишілерді топтастырған «Шұғыла» би тобы да өнер көрсетті.
Биылғы фестиваль аясындағы шоқтықты шаралардың бірі ақын Сара Смағұлдың «Туған ел өзіңмен еңселімін» тақырыбындағы шығармашылық кеші болды. Жасынан өлең өріп, ой тереңінен сыр іздеген Сара өмірін журналистикамен байланыстырып, 40 жылға жуық баспасөз саласында еңбек етіп келеді. Қазір қалалық «Сарыарқа» газеті бас редакторының орынбасары. «Алпыстың асуына шыққан ақын шығармашылық кеште сыршыл өлеңдерін оқыды. Фестиваль күнделігі сол күні «Әнші балапан», ертеңінде «Жұлдыз-2016» байқауларымен жалғасты.
Марқұм Биғазы Тұтқабеков және бүгінде өнер көгінде еркін самғап жүрген Дәуренбек Әркенов, Дәрігүл Алдажанова, Айша Байбосынова, Асхат Сағындықов сынды әншілер кезінде осы жастардың эстрадалық әндерінің «Жұлдыз» конкурсында көзге түсіп, түлеп ұшқан болатын. Биылғы «Жұлдызда» 9 өнерпаз ақтық сында өнер көрсетті. Бас жүлдені жезқазғандық Толқынай Мұхамеджан еншілесе, бірінші орынға Сәтбаев өнерпазы Ақмоншақ Мақанбет, екінші орынға Жаңаарқаның жезтаңдайы Тәрмәрнабат Дуадақбаева ие болды. Ал, «Әнші балапан» байқауына 21 бала қатысып, бас жүлдені Сәтбаевтың жас таланты Жасұлан Бөлекбай жеңіп алса, Кеңгірден қатысқан Әділет Мақанға бірінші орын берілді. Балалар шығармашылығын ұштайтын «Күміс қоңырауда» №3 «Балбөбек» бала бақшасының балғын өнерпаздары топ бастап, жеңімпаз атанды.
Дәстүрге айналған өнер байқауының ширек ғасырлық тарихынан сыр шертетін 40 баспа табақтық кітап құрастырылған екен. «Ұлытау үні» фестивалі» атты осы шежіре-кітаптың тұсаукесері болды. Өнер мерекесі фестиваль жеңімпаздарының гала-концертімен мәреге жетті.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 345
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px