Тарихпен тұтасқан туынды - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Тарихпен тұтасқан туынды
Оқырман қауымды бұдан бұрынырақ хабардар еткеніміздей, өткен демалыс күндері К.Станиславский атындағы мемлекеттік орыс драма театры талғампаз көрерменнің назарына қарымды қаламгер Владимир
РЫЖКОВТЫҢ тың туындысы – «Қайда? Қарағандыда!» («Где? В Караганде!») пьеса-репортажының қойылымын ұсынды.
Осы ретте Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойы аталып өтетін жылы аймақтың өнер саласы да, аталған театр да олжаға кенелді деуге толық негіз бар. Өйткені, Қазақстандағы қай қаланың болсын, өз тарихының тағылымды қатпарлары туралы сол қаланы тамырынан танып-білетін және ерекше сүйіп-қастерлейтін, ойы жүйрік, зердесі терең драматургтың қаламынан туған сахналық қойылыммен мақтана алатыны кемде-кем шығар...
Облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Владимир Рыжковтың соныдан із салды дерліктей спектаклі, міне, осындай тым тартымды дүние. Еселі еңбегі көптеген мемлекеттік және кәсіби марапаттармен аталып өткен танымал журналист осы шығармасы арқылы өзін қоғамға әдебиетші-драматург ретінде танытып отыр. Мұның қатарына оның жазушылық қарым-қабілетінің айғағы – өткен жылы жарық көріп, оқырманның ыстық лебізін иеленген «Сіздің меншікті тілшіңізден» («От вашего собкора») атты деректі проза жанрындағы жинағын батыл қосуға болады.
Театр сахнасындағы жаңа қойылымды тамашалауға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Ардагерлер, түрлі құрылымдардың басшылары, бұқара халық өкілдері мен журналистер қауымы, оқытушылар мен студенттер, айтып-айтпай не керек, көрерменнің арасында кәрі де бар, жас та бар.
Пьеса құрылымының аса күрделі болуына қарамастан, түпкі нәтижеде туындының біртұтас қалыпта, бояуы қалың болмыста сахналанғаны айғақталды. Бұл, әрине, режиссер Андрей Кизиловтың еңбегінің жемісі. Қоюшы-режиссер қазақстандықтарға Алматыдағы М.Лермонтов атындағы театр мен Елордадағы М.Горький атындағы театрдың дамуына сіңірген өлшеусіз қызметі арқылы жақсы таныс. Ал, қарағандылық көрермендер оны К.Станиславский атындағы театр қабырғасында  Р.Кунидің «Күлкілі ақшалар» («Смешные деньги»), Н.Эрдманның «Мандат» және М.Камолеттидің туындысы «Трам-тарарам» спектакльдерін қою шеберлігі бойынша жете бағамдаған. Сөз орайы келгенде пьесаны сахналау барысында қоюшы-суретші Игорь Баграмовтың дарыны тағы бір мәрте дараланғанын атап өткен жөн.  
Тың туындыдағы басты кейіпкер Андрей Байжановтың (Антон Звонов) Астанадан Қарағандыға келу себебі езуге еріксіз күлкі үйіреді – сөйлейтін пілден сұхбат алу керек. Содан сұхбаттың орнына «сұмдық» қызықтар тізбегі басталып кетеді. Алғашқыда облыстық газетте әнші Муровтың адам төзгісіз тентектігі туралы шағын мақала жарық көреді. Одан кейін «жұлдызы биікте жарқыраған» әлгі әнші облыстық партия комитеті хатшысының кабинетінде әңгір-таяқ ойнатады. Талабы – тым қатал, өзін дүйім елге масқара қылғандарды жазаға тарту. Алайда, «кінәлі» жандар – мақала авторы мен газеттің бас редакторының орынбасары ғайыптан тайып, бұл қатерден аман қалады. Осы тектес алуан сипатты шиеленісті жайттар кеншілер қаласына қысқа мерзімге іссапармен келген мейманның басынан сан мәрте өтеді.
Десек те, астаналық журналист кейіннен Қарағандыға жасаған сапарының қорытындылары бойынша айтарлықтай сергелдеңге түседі.
Спектакльдің өне-бойында көріністер мен іс-әрекеттер жедеғабыл алмасып, оқиғалар желісі жылдам өрбіп отырады. Сондықтан да, шағын эпизодтарда актерлердің жарқырай ашылуы қиындау. Дегенмен, Надежда Вебер, Оксана Игнатенко, Артем Жангиров секілді сахна шеберлерінің ойын өрнегінде кейіпкердің жан-дүниесімен жымдаса қабысатын, өздеріне ғана тән актерлік ерекшеліктің тұнып тұрғаны да айқын аңғарылды.
Түйіндей келгенде, театр тілімен бейнеленген Қарағанды тарихының тәлімдері көрермен үшін, әсіресе, жас буын өкілдері үшін тың әрі жанға шуақ ұялатқан жаңалық болды. Ал, театр репертуары өзі орныққан мекеннің тағылымды тарихымен астасқан тартымды туындымен толықты. Қысқасы, олжасы – орасан.
Егер, осынау спектакльді тек облыс тұрғындары ғана емес, өзге аймақтардың жұртшылығы да тамашалау мүмкіндігін иеленсе, Қарағанды мен Қарағанды өнерінің ұтары көп болар еді.    

Ольга МООС,
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.
Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 153
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px