Қырдың ерке самалы - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Абай жаққан поэзияның нұрлы сәулесіне өзіндік үн, айтар ой, адамзаттық пікір-пайымымен кірген Нұрдос Кәрімнің «Қамшы» атты өлеңінде мынадай кестеленген жолдар бар:

Өмірдің өрімі мол тұстары – бұл,

Қамшыдан кете алмадым тысқары бір.

Жаратушым маңдайға жазып қойған,

Қайтейін, қамшы сапты қысқа ғұмыр.

Рас, қамшы ғұмыр бәріміздің пешенемізге жазылған.

Поэзия өлкесіне өзіндік соқпағын салған Нұрдос бауырымыздың «Сағыныш екен балалық» атты шығармашылық кеші көптен бері сусап жүрген жырсүйер қауымды сүйсіндіріп, сергітіп, жан-дүниесін байытып тастады. Кештің тізгінін ақын Ілияс Мұқай ұстады. Нұрдостың жырлары туған ауылды қадірлеу, қастерлеуден басталады. Иә, әркімнің отандық сезімі бала күнгі арман, мұраттан тасбұлақтай жылға алып, өмір теңізіне қарай асығатыны шындық. Балалықтың бал дәурені жігіттік кезеңді асқақтатады, содан кейін қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдіктерге, оны жырлап өтуге бет бұрады. Нұрдос Кәрімнің туып-өскен жері де сағым қуған қыр самалы жан дүниеңді тербейтін әйгілі Жамшы елді мекені. Туған табиғатына тартқан ақын жігіт қашан да салмақты, салиқалы адамдарға жақын тұрады. Ақкөңіл, жақсылық жасап, қол ұшын беруден бір тартынбайды. Өлеңдері де мейірімге толы қасиетпен ұштасып жатады. Маңайынан үнемі ізгілікті, жақсылықты көргісі келеді. Ата-баба дәстүріне адалдық, әдет-ғұрыпты құрметтеу оның мөлдір жырларының өн бойынан байқалады.

Қоңыр қобыз тасытады қанымды,

Қоңыр анау домбыра да сарынды.

Қоңыр әуен жеткен кезде үздігіп,

Қоңыр күй кеп тербетеді жанымды.

Нұрдостың қаламымен қоса қоңыр домбырасы да қолында жүреді. Қазақтың қаны домбырада екенін ерте бастан түсінген, жанына серік еткен. Айтыскерлігі және бар, кейде Бұқар жырау бабасы құсап көсілте төгілтіп, екпіндете айтып тастайтыны бар. Өлеңдерінің тақырыбы да әр алуан. Махаббат лирикасы, ата-анасына деген іңкәрлік, сағыныш, қатар жүрген замандастарының бір-бірінің қадіріне жетіп, құрметтей білу – Нұрдос жырының бөлек сипаты. Ақынның «Баһадүр бабам – Жидекем» атты толғауына өнердегі ағасы Қуандық Сәденов арнайы ән жазыпты. Оны жас әнші Дәулет Аханов асқақтата шырқап, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандыр­ды. Ал, өмірден ертерек кеткен аяулы анасына арналған әнді дәстүрлі әнші Мейрамбек Заятқажы тыңдаушысын елжірете, анаға деген бала махаббатын мөлдір тамшыдай таза сезіммен орындап шықты. Ал, мәдени-сауық орталығының өнерлі қыз-жігіттері ақынның өлеңдерін сахналық кейіпке еніп, асқан бір тартымдылықпен оқыды, жүректерге үздіктіре жеткізді. Халық әртісі М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайының «Сарыарқа» фальклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен ақын сөзіне жазылған жергілікті сазгерлердің бірнеше әндері орындалды. Әншілер – Қадыр Баймырза, Аққыз Құнарбекова, Асхат Тәлімов нақышына келтіре шырқады.

Ақынның тұңғыш жыр жинағының тұсау­кесер салтанатына халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Абзал Бөкен, белгілі ақын Әбіл Кәріпбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанболат Башар, ақын Мүсіркеп Сейдахмет, Балқаш қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Иешқызы, «Нұр Отан» партиясы баспасөз бөлімінің жетекшісі Қамбар Ахметов, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім басшысы Нұрқанат Қанафин, осы газеттің жауапты хатшысының орынбасары Қуаныш Аманқұлов, жас ақын Айдын Байыс тағы басқалары ақынның қабілет-қарымына ризашылықтарын білдіре отырып, поэзияның ауыр да ардақты, көгілдір айдынды сапарында жыр желкенінің бекем болуына тілектес екендіктерін жеткізді. Сый-құрмет көрсетілді, «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, үлкендердің жолын берсін деген игі тілекпен иығына шапан жабылды.

Көрермендер зор ықыласқа бөленді, жас таланттың болашағына үлкен сенім білдірді. Қырдың ерке самалындай ізгілікке толы жырлары біздің де жан-дүниемізді тербеп, мына нұрлы өмірге деген құштарлығымызды асқақтата, мейірлендіре түсті.

 

Балқаш қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 145
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px