Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.11.2017
Екі күнге созылған ХVІ облыстық «Жас қанат-2012» байқауы мәре сызығын наурыздың оны күні кешке қиды. Жас орындаушылар мен шоу-бағдарламаларды жүргізушілердің ішінен үздіктері іріктелді. Аудандар мен қалалардың намысын қорғап келген талапкерлер тартысы көрер көзді тұсағандай. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген осы.
Жәнібек Әлиман,
«Орталық Қазақстан»

Кеншілер мәдениет сарайы күймен көмкеріліп, бимен безендірілді. Тізгіншілер шығып, қосақталған пар атты шанаға жеккендей ана тіл мен «аға тілді» жарыс­тыра жөнелді. Әдепкі жағдай. Амалсыз аңдамағансып, міз бақпай отыра бердік... Жеңімпаздарды жариялайтын қорытынды кеш қой. Сахнаның салтанаты келісті-ақ. Ақтық сыннан өткен саңлақтар сап түзеп, алдымызды бір көлбеп өтті. Қазақтың қыз жігіттерінің шеру тартқан қосыны қызығарлықтай. Байқауға қатысқан Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров, Шет, Ұлытау аудандары мен Балқаш, Теміртау, Саран, Қарағанды қалаларының бірқатар өнерпаздары арнайы дипломдармен марапатталды. Шоу-бағдарламаларды жүргі­зушілер арасынан үшінші орынға табан тіреген Жұлдызай Теміржанова мен Ләззат Аманбекова болды. Ақбота Макежанова мен Нұрсұлтан Марат екінші орынды иеленсе, бірінші орынды Ерғұлан Жанпейісов пен Назерке Нығмановалар қанжығаларына бөктерді.
Көптен күткен марапаттау мен жүлделерді тапсыру ән өнерінен сынға түскен жас орындаушыларға да келіп жетті. Байқаудың бірінші кезеңіне байланысты ұйымдастырылған «Астана түркі әлемінің мәдени астанасы» тақырыбы, «Түркі халықтары әндерін үздік орындаушы» номинациясы бойынша бақ сынасқан Асхат Кеңесбаев пен Абай Бекішев дипломант атанды. Бердақ Берікболов, Зарина Сүлейменова, Гүлмира Базарбаева сынды әншілер үшінші орынды місе тұтса, жүлделі екінші орынды ҚарМУ-дың «Жастар» вокалдық квартеті мен Марина Табышова және Балауса Абдуалиевалар бөлісті. Дипломдармен қатар ақшалай сыйлықтар табысталды әрбір жеңімпазға.
Ән өнерінің бірінші орынын иеленген балқаштық – Әсел Садықова. Көрермендер ду қол шапалақ соға берген. Қазылар алқасы қызу қошемет үстінде «бас жүлде шет тілдер колледжінің студенті – Арайлан Ақтаңова» дегенде, зал шапалақтан шайқалып кеткендей еді. Байқаудың бас жүлдегері қуанышымен былай деп бөлісті:
– «Жас қанат» байқауының бас жүлдесін алу – менің асқақ армандарымның бірі болатын. Өнерге деген құлшынысыма қанат бітіргендей. Алдағы уақытта республикалық, халықаралық байқауларда бақ сынап, елімді танытқым келеді.
Орайын тауып «Дарын» жастар сый­лығының лауреаты, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі – Еспаев Дунайдың пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік.
– Әділ қазылық етіп, дұрыс шешім қабылдау ғой біздің мақсат. Биылғы қазылар алқасының жұмысы былтырғы жылға қарағанда обьективті өтті. Мәжіліс кезінде қызу талас-тартысқа дейін бардық. Неге? Себебі, биылғы жастардың дайындығы бұрынғылармен салыстырғанда 0,1 пайыз жақсы деуге негіз бар. Әлі де болса, көптеген кемшіліктер көрініп қалады. Маған ұнағаны – ЖОО студент жастарының өнер көрсетудегі сыпайы мәдениеті. Мысалы, ҚарМУ-дың атынан қатысқан «Жас­тар» квартетін атап өтуге болады. Кейбір аудандардан келген талапкерлер байқаудың шартын, талап-тілектерін білмейтін де сияқты. Соған қарағанда, жергілікті жерлердің жетекші мамандары дайындықты өз деңгейінде жүргізбеген. Тіпті, тіл тазалығына мән бермейтін қатысушылар да кездеседі.
...Шарықтаған ән, шалқыған күй. Әсіресе, көктемнің алғашқы күндері – әйелдер мерекесінің соңын ала. Көрерменнің рухани сұранысына сайма-сай түскендей. Арқа қысып, делебе қозды. Құланның қасуы, мылтықтың басуы дегендей. Залда – ыстық ықылас. Сыртта – көктем жылуы.
Қарағанды.
Суретті түсірген Ж.Иманәліұлы.
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 873
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1188
count 88x31px