Жақсылықтың жаршысы - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Наурызда ағаш отырғызу да ауданымызда игі дәстүрге айналған. Осыған орай, «Таңшолпан» балабақша-мектеп кешенінің жанындағы жол бойына «Отбасымен келейік – бір түп ағаш егейік!» атты акцияға бірнеше отбасы қатысып, қарағай көшеттерін отырғызды. Іс-шараның бастамашылары – қала жастары.

Аудан әкімі Серік Шайдаров бірінші көшетті отырғызып, шараға бастау берді. Барша қатысушылардың төстерінде арнайы эмблемалар тағылып, ағаштардың жанына әулеттерінің есімдері жазылған тақта қойылды.

– Біз көктем айын тал егіп қарсы алып жатырмыз. Ағаш отырғызу акциясы туралы естігенде, бірден келістік. Қаламыздың көркеюіне өз үлесімізді қосу үшін немерелерімізбен бірге келдік. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында ағаш отырғызу сауапты іс деп білемін, – деді аудандық ҰОС және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Р.Қойлыбаева.

Ал, аудандық мәдениет үйінің алаңында «Наурыз – береке мен бірліктің бастауы!» атты мерекелік шара «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы!» тақырыбындағы театрландырылған көріністермен ашылды. Биылғы жыл – мешін жылы мәні мен мағынасы ерекше мерейтойлы жыл болмақ. Ол – ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Қарағанды облысының 80 жылдығы, Абай қаласының 55 жылдығы. Осы күндерге байланысты көріністер қойылып, Наурыз-тілектер айтылып, табиғаттың оянуы, тәу ету, аластау рәсімі, басқа да салт-дәстүрлер көрсетілді. Ақ ұсыну ырымын жасап, Наурызкөже ұсынылды.

Аудан әкімі Серік Жаманқұлұлы: «Наурыз – елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Пейілі дархан жұртымыз бұл күнді ақ дастарқан жайып, ақ тілекпен қарсы алады. Елдің сүттей ұйыған тыныштығын, халықтың ырысты ынтымағын тілейді. Бұлақ көзін ашып, тал егіп, көмекке ділгер адамдарға қол ұшын беріп, сауапты ізгі істермен айналысады» – деді.

Өңір басшысының құттықтауынан соң, саяси додада жеңіске жеткен депутаттар Р.Мұсағалиев, Н.Филипенко, Д.Түсенов жи­нал­ған қауымға жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Жылдағы дәстүрмен аудан әкімі екі жас, көп балалы отбасыларға 2 және 4 – бөлмелі пәтерлердің кілттерін табыстады. Мейрам мерекелік концертке ұласты. Орталық алаңда қаз-қатар тігілген киіз үйлер ақ тілегін арқалаған меймандарға толды. Әр ауыл өзінің сыйлы қонақтарын күтіп, алғысқа кенелді.

 

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

 

АБАЙ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 225
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px