Әжелер сайысы - Мәдениет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында Сәтбаев қаласында ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды дәріптеуге арналған іс-шаралар кеңінен өріс алуда. «Саған арнаймын, әсем қалам!» қалалық көркемөнерпаздар фестивалі аясындағы «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» атты әжелер сайысы осындай ұлағатымен ерекшеленді.

 

Қазақ отбасында әженің орны ерекше екені белгілі. Бүкіл әулеттің ұйытқысы бола білген ұлағатты әжелер туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Әже – өнегесі керемет күш. Абысын-ажынның татулығы мен сыйластықтың үлгісі, кейінгі жас ұрпақ пен келіндердің тәрбиесі де осы асыл әжелеріміздің өнегесі негізінде өркен жаяады. Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында шымылдығын түрген әжелер сайысының жанкүйерлері мен тамашалаушылары да мол болды. Бас-аяғы бес бөлімнен тұратын сайысқа ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға қондырып, не­мерелерін жетелей келген 5 әже қатысты. Алғашқы бөлімде олардың өмір жолдары туралы деректер көпшілікке экран арқылы көрсетілді.

Әжелердің еңбек жолы да өнегемен өрілгендей. Бірі – мә­де­ниет саласының майталманы болса, екіншісі медицина саласында тапжылмай 40 жыл еңбек еткен. Арасында «Батыр ана» атанғандары да бар. Олардың қымыз баптау, қонақ күту, ою ойып, құрақ құрау сияқты ұлттық дәстүрге қатысты істері паш етілді. Ұлттық тағамдар мен киімдер ерекшелігі туралы сұрақтарға жауап берді. Әжелердің ақыл-кеңесі де айтарлықтай болды. Ал, сайыстың «Асыл әжем» бөлімінде бірыңғай немерелері өнерлерін ортаға салды. Биші, әнші, жыршы балғындар жауқазын гүлдей жайнап, өсіп келе жатқаны байқалады.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған әжелер сайысы өнеге мен өнерді өрістете отырып мәреге жетті. Абайдың қара сөздерін келініне, қызына айтқан ақыл-кеңес­терімен келістіре өрбіткен ардақты ана Үмітжан Смағұлова әжелер сайысының бас жүлдесіне лайықты деп танылды. Бірінші орынға Бикен Әбеева ие болса, Әмина Мұқанбетқалиева екінші орынды еншіледі. Ал, екі үшінші орынды Аманкүл Байғазиева мен Дина Айтжанова бөлісті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш жеңімпаз әжелерді құттықтап, сертификат пен сыйлықтар тапсырды.

СӘТБАЕВ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 714
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px