Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.10.2017

Ана мен бала саулығы – ұлт болашағы
Ана мен бала денсаулығын қорғау – кез келген елдің әлеуметтік жағдайының көрсеткіші саналады. Денсаулық сақтау саласының осынау басым бағыты жайлы білмекке облыстық перинаталдық орталыққа арнайы бардық. Орталық директорының неонатология жөніндегі орынбасары Гүлнар ГАЛИЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.
Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»


– Нәрестелер денсаулығын қорғау үшін еліміз 2008 жылы тірі туу критерилерін қабылдаған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған бұл критерилер бойынша 22 аптадан асқан 500 грамдық балаларды аман алып қалудың мүмкіндіктері қарала бастады. Бұған дейін ондай шақалақ түсік санатындатын. Осындай балаларға күтім жасау үшін емдеу мекемелері аймақтандырылды. Соның ішінде, үшінші деңгейге ие болған біздің орталық та бар. Бұл дегеніміз, аймақ бойынша айрықша күтім қажет ететін, яғни, денсаулығында ақауы бар немесе құрсағындағы сәбиге қауіп төнген, уақытынан бұрын босанған әйелдер бөлінетін мекеме. Облыстық клиникалық аурухана, Жезқазған мен Балқаш қалаларының ауруханалары осы санатқа жатады.
– Неонотальдық қызмет қалай жүргізіледі?
– Бізде 40 орындық жаңа туған балалар патологиясы бөлімі бар. Меңгерушісі – Лариса Ясная. Қажет болған жағдайда балаларды 28 тәулік ішінде учаскелерден, аудандардан жеткіземіз. Ол үшін консультациялық жеткізу қызметі бар. 12 орындық жаңа туған балалар жансақтау және интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі Елена Виноградова. Сау балалар туылатын физиологиялық бөлім де жұмыс жасайды. Патологиясы бар балалар үнемі бақылауда. Тәулік бойы бекеттер жұмыс жасайды. Қажетті респираторлық қолдауды үздіксіз алады.  
– Бұл бағытта қандай әдіс, технологияға сүйенесіздер?
– Кейінгі бірнеше жыл бойы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету» және «Тиімді перинатальдық күтім мен көмек» халықаралық бағдарламасы енгізілген болатын. Алғашында біздің облыс, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында пилоттық жоба ретінде қолға алынған. Қазір республика көлемінде қолданыста. Оның мәні – босанғанға дейін, босану кезінде және одан кейін ана мен балаға ең әуелі психологиялық-экоционалдық көмек көрсетуде. Ұлттық деңгейдегі тренерлер Гүл Омарова мен Мая Қасымова облыста және республика бойынша тренингтер өткізеді.
– Шала туған балалардың адам болып кету мүмкіндігі қаншалықты?
– Деректерге сүйенсек, соңғы бес айда облыс бойынша 9858 бала, біздің перинатальдық орталықта 1834 бала дүниеге келді. Нәрестелердің жалпы санының 6%, бізде туғандардың 11%-ның ақауы бар. Өкінішке қарай, олардың барлығы жарық әлемді көре алмайды. 2008 жылы аман алып қалу мүмкіндіктері қолдана бастаған кезде 17%-ы ғана қалатын. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 50 пайызды құрайды. Бұрын балалар 28-29 аптада туылса, қазір бұл азайып, 25-27 апталық шақалақтардың туылуы жиі кездеседі. Олардың тірі қалу мүмкіндігі аз. Біз әрине, барлығының тірі қалғанын қалаймыз. Сол үшін бар мүмкіндікті пайдаланамыз.   
– Бұл балалардың күтімі оңай емесі сөзсіз. Ауруханадан шыққаннан кейінгі жағдайы қалай болады? Кім жауап береді?
– Қазір біздің бөлімде 680 грамм болып туған бала бар. Оның жатқанына екі айдай болды, әлі осынша уақыт болады. 900, 1500 грамм балалар жатыр. Оларды шығару үшін әлемдік тәжірибеде белгіленген талаптарға сай болуы керек. Мәселен, бала қосымша құралдарсыз өзі тыныс алып, өзі тамақтанып, салмақ қосуы тиіс. Тағы маңызды жайт, анасы қарай алуы керек, оған көмек беретін учаскелік дәрігерлер, отбасының қолдауы шарт. Бүгінде учаскеде педиатрлар жоқ, ал жалпы тәжірибе дәрігері мұндай балаларды жауапкершілігіне алуға қорқақтайды. Осы себепті немесе аудандардан келгендерді бала салмағы 1800, 2000 грамм болғанша осында ұстаймыз. Мұндай балаларда қайткенде бір кемістік болады. Сондықтан, неонатолог дәрігерлер ғана емес, бала денсаулығына қатысты мамандардың барлығы: балалар хирургі, нейрохирург, көз дәрігері және тағы басқалары жауапты болуы қажет. Оларды оңалту мәселесі өте өзекті. Себебі, көп жағдайда ата-аналар мәселемен бетпе-бет қалады. Сондықтан, кешенді көмек беретін оңалту орталықтары қажет.
– Сіздер әр баланың өмірі үшін күресіп жатқанда айдың-күннің аманында сап-сау туған балаларды дәретхана, қоқысқа тастап кетіп жатқандар көп.
– Болашақ ана өзінің ғана емес, құрсағындағы сәбиінің де өміріне жауапты екенін ұғыну қажет. Тұтас қоғам мұндай істерге немқұрайлы қарамауы тиіс. Үйде босану да жауапсыздықтың бір көрінісі. Жақында бір әйел үйінде босанамын деп баласынан айырылып қалды. Ғаламторда бүгінде бәрі бар. Соны көріп, біз бәрін білеміз дейді. Бірақ, ондағы мәлімет – біздің елдегі жағдай емес. Біздің елде үйде босануға мүмкіндік жоқ. Оған заңды негіз де жоқ. Біреудің жауапсыздығының салдары учаскелік дәрігерлерге тиеді. Бұған ең алдымен отбасы жауапты. Сондай-ақ, екпе салдыртпау, медициналық көрсеткіштері бойынша жүктілікті тоқтатудан бас тарту мәселелері көп кездеседі.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет. Жұмыстарыңызға жеміс тілейміз. 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 675
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1183
count 88x31px