Антына адал абзал жандар - Медицина - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Кесел жас талғамайды екен. Біздің жасымызда аналарымыз тұрмыстың да, жұмыстың да бейнетін белуардан кешіп жүргенін көргенімізбен, сол кісілердің ауырдым дегенін естімеппіз. Өндірісті қаланың тұрғыны болғандықтан шығар, жап-жас болсақ та, біздің қыңқыл-сыңқылымыз көбейіп тұр. Экологиялық ахуалдың салдары...

Жақында бүйрегім сыр беріп, облыстық онкологиялық диспансерде ота жасатуыма тура келді. Білесіздер, бұл аурухананың табалдырығын жасы келген қария да, жастар да аттап жатыр. Тәнді мазалаған кеселден емес, жанды ауыртатын алаң мен күдіктен қалжырайды екенсің. Өйткені, бұл аурухананың қабырғасында өмір мен өлімнің арпалысы бар секілді көрінеді маған.

Алайда, қабылдап, ем-домын жасаған ақ желеңді абзал жандардың ықылас-пейілінің өзі дертіңе шипа болады екен. Диспансердің 2-ші хирургия (абдоминальды бөлімше) бөлімшесінде бүйрегіме ота жасады. Бөлімше меңгерушісі Қайрат Ерболатұлы Қожамбердин бастаған Ақжол Қабдуллаұлы Дүйсембаев, Мақсат Ерболатұлы Баймұрынов, Ақылбек Мұратбекұлы Жұмақаев, Анатолий Федорович Красножен секілді білікті мамандардың тынымсыз еңбегі мен адал қызметтерінің арқасында ота сәтті жасалды. Медбикелер – Назгүл, Айгүл, Азиза, Рымкеш, Назым, Динара, Жаннұр есімді қыздардың елгезектігіне риза болдым. Ота жасалғаннан кейінгі ауыр кезең диспансердің жан сақтау бөлімінде өтетіні белгілі. Онда да өз ісінің майталмандары қызмет етеді.

Қазір бар қиындық артта қалды. Санамды тұмшалап алған қауіп-қатер сейілді. Жалпы, диспансер қызметкерлерінің кәсіби білігі мен адами қасиеттеріне барынша ризамын. Сараптама қорытындысы келгенше-ақ, олар менің көңілімді тұмшалап алған күмән мен күдікті ақжарқын пейілдерімен сейілтіп тастаған еді. Олардың айтқаны келіп, ағзам қатерлі кеселден аман болып шықты.

Әуелі Алланың рақымы, сонан соң жоғарыда аттары аталған абзал жандардың шипалы емі мен ақ пейілдерінің арқасында өмірге қайта келгендей болдым. Антына адал абзал жандарға ақжарма көңілмен алғыс білдіріп, еңбектеріңіз жемісті, шаттық-қуаныштарыңыз өрісті болсын дегім келеді. Науқас жанға өмір сыйлағаннан асқан сауапты іс жоқ. Сіздер сауап пен алғыс арқалап жүрсіздер! Көсегелеріңіз көгере берсін!

 

Назгүл ҚҰСАЙЫНОВА.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2541
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px